Нұра

Ниқанбай Омарханов: “Нұраның ертеңі – нұрлы”

 Халқымыздың басынан өткен небір дүрбелең шақтар ойымызға оралса, «Сыр – Алаштың анасы» деп аузымызды аққа тигізіп, басымызды баққа жеткізген Сырдарияға тәу етеміз. Ал, Нұра ше? Қасиетті қара Нұраның суы қайманаға қаймақтай, балығы балдай болғанын қалай ұмытармыз?! Ендеше, Нұра – Арқаның анасы! Бүгінде өнеркәсібі өркендеп, Шұбаркөлімен шырайланған, астығы жайқалып, малы мыңғырған ырысты өлкеге айналды. Жаңарды. Жаңғырды. Түрленді. Түледі. Қазақстан өнеркәсібінің қара нарындай болған Қарағанды облысының ырысын еселеп, ынтымағын нығайтқан қасиетті өңір өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Осынау мерейлі сәтте кешегісі – кемел, ертеңі – еңселі ауданның әкімі Ниқанбай ОМАРХАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

– Ниқанбай Иманғалиұлы, Сіз басқарып отырған Нұра ауданы – облысымыздағы шаруасы шалқыған көшбасшы ауданның бірі. Бүгінгі келбетіне қарап, өзінің жағырапиялық, экономикалық мүмкіндігін толық кәдеге жаратып отыр деп айта аламыз. Дегенмен, аудан тізгінін зейнеткерлік жасқа жақындаған шағыңызда ұстадыңыз. Көтерген жүгіңіз ауыр болған жоқ па?

– Өзіңіз айтқандай, Нұра ауданы – экономикалық әлеуеті өте жоғары аудан. Төбелері желден, өзендері шөлден қорғаған бұл өңір халқының ежелден ата кәсібіміз болған мал шаруашылығы мен диқаншылықтан нәпақа тауып жүргенін ескерсек, біздің аудан масылдардың мекені емес. Бүгінгі келбеті қандай ажарлы болса, соның барлығында халықтың ынтымағы мен азаматтардың еселі еңбегі бар. Жалпы, өз басым еңсесі биік ел, ажарлы аудан көрсек, «әкімі мықты екен» деген пікір айтушыларға қарсымын. Әрине, әкімдердің де еңбегі жоқ емес. Орайлы істі оңтайлы ұйымдастырып, елдің ықыласы мен алғысына бөленіп жатсақ, ол – еңбегіміздің жемісі. Десек те, елдің еңселі, дамудың қарқынды болуына негізгі тірек жергілікті халықтың бекем бірлігі екенін естен шығармауымыз керек.

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығының екі бағытында (мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы) еңбек етіп, ұлтымыздың ар-ұжданы саналатын ауылды көркейтуге көшелі үлес қосып, елге ұйытқы болып отырған азаматтардың арқасында Нұра атырабы өзінің бүгінгі келбетіне ие болды. Ауданымызда құлқынға құл болмай, ұлтына ұл бола білген азаматтар баршылық. Мәселен, аудандағы іргелі шаруашылықтардың басшылары «Шахтерское» – Григорий Прокоп, «Жарасбай» – Сейілхан Қоңырбаев, «Пржевальское» – Ықсан Тәттібаев, «Қайнар» – Сейтжаппар Нығметов, «Отқанжар» – Қанат Отарбаев сынды елжанды азаматтардың есімін осы 90 жылдық мерейтой сәтінде ерекше құрметпен атауға тиіспіз. Сондай-ақ, Теңіз өңіріндегі елдің бірлігіне де, тірлігіне де ұйытқы болып жүрген Рысбай Жүнісов, Рамазан Әбілдин, Боранбай Мұханәлиев, Жанбөбек Жақсыбаевтың есімдері – шексіз құрметке лайық. Осы азаматтардың сүбелі үлесінің арқасында ауыл шаруашылығы өркендеп, мал басын асылдандыру, бордақылау алаңдарының бой көтеруі, ірі қара мал еті мен қой етін экспорттау, егістік алқаптарын әртараптандыру жұмыстары қарқын алды. Шаруашылықтарды ақылды тракторлармен жабдықтау, жердің құнарын арттыру мақсатында сандық технологиялар қолдану, жерді иелену емес, игеруге бетбұрыс жасау секілді заманауи бастамалар өз жемісін беруде.

– Бәрекелді! Аудан мерейтойы қарсаңында «90 жылдыққа – 90 игі іс» бастамасы қолға алынған екен. Нәтижелеріне тоқтала кетсек…

 – Жаңа атап өттім ғой, әр ауылдың жүгін арқалап, ауыл халқына тірек болып отырған азаматтар баршылық деп. Міне, сол азаматтардың қолдауының арқасында «90 жылдыққа – 90 игі іс» бастамасы әкімдік үшін аса күрделі бола қойған жоқ. «Жарасбай» ауылында Сейілхан Қоңырбаев 40 млн. теңгеге «Beeline» ұялы байланысының қондырғысын орнатып, ауылдың негізгі көшелерін асфальттап берді. «Шахтер» ауылында Григорий Прокоп ауыл әкімдігінің ғимаратын жаңадан салып, жақында тапсырды. Ол аз десеңіз, ауыл орталығына субұрқақ орнатып, гидропоникалық көгал, орталық көшеден сәулетті алаң салып, төңірегін абаттандырып, шырша, қарағай көшеттерін отырғызды. «Қайнар» ауылында Сейітжаппар Нығметов 100 орындық балабақша ғимаратын салса, «Тікенекті» ауылының Атымтай-Жомарты Рамазан Әбілдин 7 млн. теңгеге ауыл клубын күрделі жөндеуден өткізіп берді. «Баршын» ауылының жастары ауыл орталығына «Жан жүрегім, Баршын» деп жазылған белгі орнатты. «Мұзбел» ауылында Ықсан Тәттібаевтың ұйытқы болуымен мәдениет үйі мен мектеп спорт залына күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, спорт алаңы салынып жатыр. Ахмет ауылында кәсіпкер Гүлзат Қоғабаева «Айсана» бизнес орталығын ашты. Орталықта кафе, жастарға арналған фитнес залы, көпшілікке арналған сауна жұмыс істеп тұр.

Айта берсек, бір сұхбаттың шеңберінде бұл тізімді түгесіп шығу мүмкін емес. Алғашында «90 жылдыққа – 90 игі іс» деп бастағанымызбен, ел игілігі үшін жүзеге асырылған жобалардың саны 100-ден асып кетті.

Қалай болғанда да, даласы қасиетті, данасы өсиетті, азаматтары іскер де, жомарт өңірді басқару – мен үшін бақыт!

– Мерейтойлық жобаның барлығы ауылдарды ұйыстырып отырған серіктестік басшыларының ұйытқы болуымен іске асырылып жатқан жоқ шығар… Аудан басшылығы мен жергілікті бюджеттің үлесі қандай?

– Әрине, бұл ретте біз де қол қусырып, қарап отырған жоқпыз. Жалпы, мен өзім басқарған екі жарым жылдағы жетістіктерді айтып, маған дейінгі басшылардың жұмысын жоққа шығарудан аулақпын. Мен өзіме дейін тізгін ұстаған азаматтардың жақсы ісін жалғастырып келемін. Ендеше, Нұра өңірі соңғы жылдары қарқынды даму үстінде деп айтуға толық негіз бар. Оның сыртында, аға буынның игілікті ісін асқан белсенділікпен жалғастырған ұрпақтар сабақтастығының да үлесі – басым.

Аудан тұрғындары үшін ең басты жаңалық болып, ел ішінде рухани серпіліс тудырған мәселе – аудан орталығы атауының Нұра болып қазақшалануы. Осы Нұра кентінің келбетін атына сай нұрландыру, көріктендіру жұмыстары нәтижелі жүзеге асырылып келеді. Биылғы жылы кенттің ішкі жолдарын жөндеуге облыстық бюджеттен 120 млн. теңге, аудандық бюджеттен 34 млн. теңге қаржы бөлініп, толық игерілді. Нәтижесінде, 9 көшенің жалпы ұзындығы 11 шақырым жолына асфальт төселді. Сонымен қатар, аудандық бюджет көлемі 3,5 млрд. теңгеден 7 млрд. теңгеге, яғни, екі есеге өсті. Бұл дегеніміз – жергілікті қазынаға түсетін түсімнің артқандығын, салық саясатының сауатты жүргізілгендігін көрсететін фактор. Еселенген қазынамыз елді еңселендіруге жұмсалып жатыр. Мерейтой қарсаңында аудан аумағындағы 70 нысанға ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Нұра кенті – ауданның орталығы, ауданның астанасы. Сондықтан, біз Нұра кентін жаңғыртып, атауын ғана емес, тұтас келбетін жаңартуға күш салдық. Аудан орталығы басқа ауылдарға үлгі болуы керек деп ойлаймын. Сол себепті, біз қазына қаржысының басым бөлігін аудан орталығын абаттандыру, көр кейту жұмыстарына бағыттадық. Қазірдің өзінде «Тәуелсіздік», «Білім», «Жастар» аллеялары мен жаңа саябақ бой көтеріп, кенттің көрікті орындарының саны артты.

Нұра атырабының озық ойлы жастары үшін ашылып, шамдары самаладай жарқырап, 1330 шаршы метр аумақты алып жатқан «Білім» аллеясының төрінен өткенімізді өшірмей, бүгінге дейін жеткізген ғұлама ағартушылар бейнесі орын алды. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен жасампаз бабалар рухына тағзым ретінде ашылған «Даңқ» аллеясына Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың бейнесі бейнеленген граффити үлгісіндегі мазмұнды сурет көрікті алаңды рухтың ордасына айналдырды. Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігін дәріптейтін тас мүсін «Жауынгер-интернационалистер» саябағынан орын алды. Сондай-ақ, көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соңғы екі жарым жылда аудан орталығында 27 шақырым, аудан бойынша 55 шақырым ұзындыққа қуат үнемдегіш диодты жарық желісі бағандарымен бірге жаңадан тартылды. Сонымен қатар, 3 шақырымнан астам ұзындықта көшенің елге қараған беттеріндегі қоршаулары жаңартылды. Ең басты жетістігіміз – осы аудан мерейтойы қарсаңында тұрғындарға табысталғалы отырған 90- ға жуық пәтердің кілті.

«Шұбаркөл шырайланып, Теңіз түрленеді»

 – Нұра ауданы – ауыл шаруашылығы саласымен ғана емес, өркенді өндірісімен көш бастап келе жатқан өңір. Өндірістің өркендеу деңгейі қалай?

– Өнеркәсіп – ел экономикасының күретамыры. 1985 жылдан бері аудан аумағында жұмыс істеп тұрған алып өндіріс орны «Шұбаркөл-көмір» АҚ мұртымызды майландырып, жұртымызды жайландырып отырғанын айтпай кету – айып. Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде көмірді ашық әдіспен өндіретін кәсіпорындар арасында көшбасшы саналатын кеніш әлемдік бренд техникаларды тұтыну арқылы өндіріс көлемін ұлғайтып, рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Қазір өндіріс алаңында 40 тонналықтан 220 тонналыққа дейінгі алып жүк көліктері жүйткіп жүр. Жапондық «Hitachi» эксковаторы жер байлығын ел байлығына айналдыруда. Осындай озық техникалардың арқасында Шұбаркөл көмірі Қазақстан даңқын көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен бастап, сонау шығандағы Белоруссия, Финляндия мемлекеттеріне дейін жеткізіп отыр. Айта кету керек, «Шұбаркөл-көмір» АҚ – республикалық «Парыз» сыйлығының жеңімпазы.

Аудан аумағынан қара алтынды қыр басына шығарып, ел ырысын еселеп отырған тағы бір кеніш – «Шұбаркөл-Премиум» АҚ. 2016 жылы ғана ашылған өндіріс ошағы жылына 2,5 млн. тонна көмір өндіріп отыр. Кәсіпорын 2020 жылы өндіріс көлемін 10 млн. тонна көмірге жеткізуді жоспарлауда.

Сондай-ақ, Нұра жерінен марганец кені де өндірілуде. Ол – Еуразиялық топ құрамындағы «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-на қарасты «Қазмарганец» кен басқармасының «Тур» кеніші. Мараганец концентратына деген сұраныс көлемі ұлғайған сайын, кеніш те өндіріс қуатын арттырып, қазіргі таңда жылдық өнім көлемін 480 мың тоннаға жеткізді.

 Бұл алып кәсіпорындардың ауданның әлеуметтік саласын дамытуға тигізіп отырған ықпалы да – ауқымды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде шапағатын көріп отырмыз. Бүгінгі күні Нұра ауданындағы өндіріс ошақтарында еліміздің түпкір-түпкірінен келіп, 4 мыңға жуық адам нәпақа тауып жүр. Олардың ішінде нұралықтар да бар.

Алдағы уақытта Нұраның өндіріс орындары тағы бір кенішпен толықпақ. Ол – «Сарыөзен-көмір» кеніші. Қазіргі таңда геологиялық барлау жұмыстары тиянақталып, жобаны іске қосуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, аудан аумағында алтын кенін өндіру бойынша зерттеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда, Нұраның ертеңі – нұрлы деп, нық сеніммен айтуға негіз бар.

– Бұрнағы жылдары Шұбаркөл кентінің әлеуметтік мәселесі күн тәртібінен түспейтін еді. Әсіресе, отынның үстінде отырған кенттің жылу мәселесі. Осы мәселенің өзектілігі жойылып, шұбаркөлдіктердің бойы жылынды ма?

 – Әлбетте. Жақында ғана Шұбаркөл кентіне жаңадан қуатты қазандық орнатылды. Ресейдің Барнаул зауытынан «КВм-2,0 МВ» маркалы төрт қазандық жеткізіліп, іске қосылды. Сәтін салса, кент тұрғындары алдағы қыста қысылмайтын болады.

 – Аудан құрамына оңтайландыру кезінде кірген Теңіз өңірінің жағдайы қалай?

– Иә, жергілікті атқарушы билік қазақы қаймағы бұзылмаған Теңіз өңірінің жағдайына алаңдаулы. Бұл бағытта бірқатар кешенді жұмыстар атқарылып, шалғайдағы Теңіздің маңдайдағы бағын ашу үшін тер төгіп жатырмыз. Болашақта бұл өңірде дала туризмін дамыту жоспарда тұр. Аң мен құстың түр-түрі жөңкілген Теңіз өңірі бизнестің бұл түрін дамытуға сұранып-ақ тұр. Табиғи ерекшелігімен-ақ аудан қазынасын еселейтін болады. Қазір бұл аймаққа көп көңіл бөлудеміз.

Рас, оңтайландыру желеуімен Нұра ауданына екі қосылып, екі бөлінген бұл өңірдің ажары қашып, базары тарқағандай күйге түскені жасырын емес. Ауыл клубтары құлыпталып, мектептері жүдеңкіреп тұр еді. Соңғы екі жылда осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында бірқатар жұмыс жасадық. Кезінде жекешеленіп кеткен ғимараттарды ауыл азаматтары өз еріктерімен коммуналдық меншікке қайтарып, бірнеше ауылда клуб үйлері ашылды. Тікенекті, Талдысай ауылдарында мектептер жөнделіп, спорт, балалар ойын алаңдары жұмыс істей бастады. Мектеп жаңартылып, жаңа қазандықтар қойылды.

Бір сөзбен айтқанда, орталықтан шалғай жатқан Теңіз өңірі Елбасы бастамаларының игілігін, облыс, аудан басшыларының қамқорлығын сезіне бастады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы Жолдауында қамтылған ауыл жолдарын қалыпқа келтіру жөніндегі тапсырмалары негізінде Теңіз өңірінің тозығы жеткен жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық-жобалау құжаттары дайындалды.

Аймақтың ауыз су мәселесі де күрделі еді. Жасыратыны жоқ, аудан орталығынан 400 шақырым қашықтықта орналасқан Талдысай, 300 шақырым шалғайдағы Нығман ауылдары өзен суын ішіп отырған. Өткен жылы осы екі ауылға суды тұщыландыру қондырғысы орнатылды. Бұлар – шалғайдағы ауылдар. Ал, тура аудан орталығының іргесінде отырып, ауыз суға жарымай отырған Жарасбай, Изенді ауылдарының мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Бұл ауылдарға бірнеше жыл қатарынан зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жақын маңайдан тұщы су көздері табылмады. Мәселені шешетін бір ғана жол бар. Ол – бұл ауылдарға сыйымдылығы 200 текше метрге дейін жететін су тұщыландыру қондырғысын орнату. Бұл мақсатта да жұмыс жасалып, барлығы 10 ауылдың су құбырларына жобалау құжаттары дайындалды. Келесі жылдың бюджетіне енгіземіз деген ойымыз бар. Осы мәселелер оң шешімін тауып жатса, 2019 жылы Нұра ауданы бойынша сапалы ауыз сумен қамту жылы болмақ

«Жігерлі жастармен – сергек бизнеске!»

 – Өз ісін ашуға ұмтылған жастардың үлес салмағы, белсенділік деңгейі қандай?

 – Елбасының шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасының назарымыздан тыс қалған сәті жоқ. Мүмкіндігінше, өз кәсібін ашамын деген тұрғындарға қолдау көрсетіп, ынталандырып келеміз. Осы 2018 жылды аудан бойынша «шағын бизнесті дамыту жылы» деп жариялаған едік. Тағы да халықтың ынтасы мен ықыласына көңіл марқайды. «Бастау бизнес» бағдарламасының негізінде білім алып, кәсібін ашуға ықтияр тұрғындардың саны күрт өсті. Теңіз өңірінде «Теңіз қымызы» атауымен шағын цех ашылды. Одан бөлек, жылыжайлар, шағын шаштараз, көлік жуу, химиялық тазалау, сән салондары мен наубайханалар халыққа қызмет көрсете бастады. Бұрыннан құс (қаз, бөдене), қоян өсіріп, нәпақасын айырып жүрген кәсіпкерлеріміз бар. Жалпы, кәсіпкерлікке ұмтылғандардың дені – жастар. Өткен жылы біздің ауданның үш жас кәсіпкері облыс әкімінің грантын ұтып алған еді. Осы жылы да облыс әкімінің қолдауынан тыс қалған жоқпыз. Өзінің «Компьютер қондырғыларын жөндеу және интернет желісін қалпына келтіру» жобасын ұсынған жас кәсіпкер Айбек Искаков облыс бойынша озық танылған он кәсіпкердің бірі болды.

Жастар арасындағы кәсіпкерлікті қолдаудағы бір серпіліс – аудан әкімінің гранты. Өткен жылы жас кәсіпкерлерді қолдауға 5 млн. теңге бөлінсе, биыл бұл сома 6 млн. теңгеге ұлғайтылды. Бүгінгі таңда аудан бойынша 80-ге тарта жас кәсіпкер жаңадан өз ісін ашып, еңбегінің жемісін көріп отыр. Яғни, ауданның кәсіпкерлік саласы жігерлі жастармен толығып келеді.

– Аудан жастары бизнеске бет бұрғанда, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің орташа жасы ұлғайып кеткен жоқ па?

– Жоқ. Өзім осы қызметке тағайындалғалы мемлекеттік мекемелерге 140-қа жуық жас мамандар қабылданды. Жастарды мемлекеттік қызметке тарту, тәрбиелеу мәселесі күнделікті бақылаудан тыс қалған емес. Осы жылдың жеті айының өзінде ауданның атқарушы органдарына 22 азамат конкурстан өтіп, түрлі лауазымдарға тағайындалды. Біз ауданға мемлекеттік сала қызметкерлерін тұрақтандыру мақсатында аудан орталығында салынып жатқан жаңа тұрғын үйлердің біраз бөлігін осы сала мамандарына беруді ұйғардық. Ал, келер жылдан бастап ауылдарда қызметтік пәтерлер құрылысын қолға алмақпыз. Биылғы ды, басына көтереді. Қаздауысты Қазыбек бабамыздың сөзімен айтсақ: «Халық – бірде дана, бірде бала». Дана болса, еркелеп басқарасың, бала болса, өзің даналық көрсетіп басқаруың керек. Осыны түйсініп, халықпен тіл табысып жұмыс істеген жерде шаршадым деп айту – ыңғайсыз.

– Кеңестік кезеңдегі шаруашылықтарды, облыстық деңгейдегі басқарманы басқарғаныңыз – өз алдына, облыстың іргелі үш ауданының тізгінін ұстадыңыз. Егер, құпия болмаса, қай ауданның жүгі ауыр болды?

– Мен басқарған үш аудан да – қасиетті өңірлер.

Қарқаралы – кезінде Құнанбай сынды тарихи тұлға басқарған топырақ. Құнекең басқарған елді басқарудың өзі – әрі абырой, әрі ауыр жауапкершілік.

Ақтоғай болса – Алаш арыстарының алтын бесігі.

 Нұра – еңбекқор ел. Үшеуінің де өзіне тән ерекшелігі, өз проблемасы, өз менталитеті бар. Бұл үшеуі – қазір үш аудан болғанымен, кезіндегі жеті ауданның жүгін көтеріп, абыройын арқалап тұрған аудандар. Сондықтан, бәрін бірдей көріп, жауапкершіліктен алшақтамай қызмет етуге тырыстым.

– Әкім басқарушы ма, үйлестіруші ме?

 – Екі функцияны да қатар атқарып жүрміз. Ең бастысы, әкімдер – Елбасының жергілікті деңгейдегі ресми өкілдері. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасы бастамалары мен бағдарламаларының үйлестірушісі. Ал, жергілікті деңгейдегі проблемаларды шешуге келгенде, халық әкімге қарайды. Өзің шешім қабылдап, ел игілігі үшін пәрмен танытуың қажет. Бұл тұрғыдан алғанда, әкімдер – басқарушы.

– Нұрлы Нұра өңірін басқарғаныңызға екі жарым жыл уақыт өтті. Кейін нұралықтар Сіздің қай ісіңізді еске алып отырады деп ойлайсыз?

 – Ана ауданда тас бұзып, мына ауданда тау қопардым деп айтудан аулақпын. Барлық жерде өз мүмкіндігімді пайдаланып, өз қабілетім деңгейінде қызмет жасауға тырыстым. Қандай қызметте болсаң да, ең әуелі өз қызметіңді сүйіп, сүйсініп жұмыс жасауың керек. Сондай-ақ, басқарған еліңнің халқын жақсы көріп, бауырыңа тарту керек. Ал, атқарған ісіңді халық есіне алып отырса, азамат үшін одан асқан бақыт, одан асқан құрмет жоқ. Біршама жұмыс атқарылды, атқарылатын жұмыстар алда. Оның бәріне халық пен уақыт төреші болсын. Бәрібір, Нұраның ертеңі – нұрлы!

– Жан-жақты һәм салмақты әңгімеңіз үшін рахмет! Ауданның мерейтойы құтты болсын!

Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button