Несіпбаевтың несібесі – ауылдан
Думан НЕСІПБАЕВ – Қарағандыдағы өнердің қарашаңырағы Тәттімбет колледжінің түлегі. Оқуын тәмамдаған соң «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен туған жеріне оралады. Әрине, қаладан сая таппағандықтан емес, түп тамыры ауылдан ажырағысы келмегендіктен. Қазір жас талант Қарқаралы ауданы, Аппаз ауылының мәдениет үйінде жемісті еңбек етуде.
Шыны керек, талантты, білімді жастардың ауылға бет бұруын ілуде бір кездестіреміз ғой. Думан жұмысына кіріскеніне аз уақыт болса да, ауыл мәдениетінің дамуына айтарлықтай үлесін қосты. Сыртынан тон пішті демеңіздер, жас маманға ауыл халқының алғысы айрықша болған соң нық сөйлеп отырмыз. Білуімізше, Думан қызметіне кіріскелі бері ауыл мәдениетінің тамырына қайта қан жүгірген. Қалай дейсіз ғой?
Жалпы, Аппаз ауылының ымыра-бірлігін мынадан байқадық. Ауыл тұрғындары «Боламын деген баланың бетін қақпай белін буды». Құшақ жая қарсы алып, қолдау көрсетті. Әр ісіне демеушілік білдірді. Мәселен, мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған 1983 жылғы түлектер Мәдениет үйі ауласындағы монументті жаңартып берген. Және тәуелсіздік құрдастары, яғни, Думанның сыныптастары клуб ауласына көз тартар субұрқақ тарту еткен. Ол аз десеңіз, 1990 жылғы қыз-жігіттер киіз үй мен алтыбақан сыйлаған.
Мәдениет үйінің алдында ұлттық рух менмұндалайды. Ал, ауыл жастары бір мезгіл сейіл құруға 1981 жылғы азаматтардың демеушілігімен бильярд үстелі алынып, спорт зал жабдықталған. Ауыл азаматтары Бауыржан Жақыпханов, Серік Ағыбаев, Жандос Алин бірлесіп, клубтың маңдайшасына «Мәдениет үйі» деген жазуды орнатып берген. Маңдайша түнде жарқырап тұрады. Мәдениет маңайында жүргендер мерекелік шараларды жып-жинақы, жұп-жұмыр қып өткізетін Думанның ұйымдастырушылық қабілетіне тәнті. Солардың бірі ақын Эльмира Сайлауқызы былай дейді: «Қазір мерекелік шаралар онлайн түрде өтуде. Біз «facebook» парақшасы арқылы түрлі аудандардың онлайн кештеріне көз жүгіртіп отырамыз. Әсіресе, Думан бауырымыздың желіге жүктеген концертін қызыға көреміз. Өзі де ән салғанда, тамылжытады. Одан бөлек, ұйымдастырған жобаларын көріп, қатты ырза болдым. ZOOM платформасында дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110 жыл толуына орай «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» атты аймақтық онлайн байқауды ұйымдастырыпты. Додаға 8 ауылдан үміткерлер қатысыпты. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталыпты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақ радиосының 100 жылдығына орай ауыл халқына радионы іске қосыпты. Ұлттық спорт түрлеріне де ерекше назар аударған. Осы секілді, игі жұмыстарын ауыз толтырып айтуға болады. Ұядай ғана ауылда отырып, осындай ауқымды шараларды ұйымдастыру екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық».
Иә, қарап отырсақ, ұйымдастырған жобаларының бәрі соны. Әсіресе, аптаның сәрсенбісінде «Аппаз, сіз байланыстасыз» атты сұрақ-жауап ойыны өтеді екен. Яғни, ауыл халқының қоңырауын қабылдап, бес сұраққа дұрыс жауап берген қатысушыға сыйлық табыстайды. «Facebook» парақшасында «Анашыма мың алғыс» байқауы да ауыл халқының ерекше ықыласына бөленген. Жеңімпаздарға Қарағандыдағы «Раян» мейрамханасына сертификат табыстапты. Бұған демеушілік көрсеткен – тағы да Тәуелсіздік құрдастары.
Жас маман Думанның бұл еңбектері еленбеді емес, еленуде. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Ауылдың үздік Мәдениет үйі» байқауында II дәрежелі дипломмен марапатталды. 400 000 теңге сертификаты бар. Бұл қаражатқа мәдениет үйіне музыкалық аспаптар алып, басқа да керек-жарақтарға жұмсауда. Иә, Думанның өзі халықтың алғыс-батасына, құрмет-қошеметіне тоқмейілсімейді. Өйткені, біздің қоңырауымызға былай деп ғана жауап қайырды: «Бауыржан Шаймерден ақынның мынадай өлеңі бар:
Ауыл солай биікте қалу керек,
Сол ауылға ерінбей бару керек.
Адамның кіндік қаны тамған жерге
Маңдайының тері де таму керек.
Қасымхан ҒАЛЫМ.