Несиенің несібесін көреді
Халқымыздың 40%-ы ауылда тұрады. Сол себепті де ауылдағы ағайынның әлеуетін арттыру – Үкімет алдындағы негізгі міндеттің бірі. Осы мақсатта «Ауыл аманаты» атты ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында «Маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастады. Соның нәтижесінде ауылда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осындай ауқымды жұмыс жалғасын табады. Себебі, ауылды көркейту – стратегиялық міндет», – деген еді. Бұл бағдарламаның игілігін Бұқар жырау ауданының халқы да көріп отыр.

Өңірімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылдан бастап іске қосылған. Негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту. 2023 жылдан бері кәсіп ашуға ниет білдірген аудан тұрғындарына жалпы саны 760 шағын несие берілген. Сомасы – 5 млрд 600 млн теңге. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Назгүл Юсупова ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы қарқынды жүзеге асып жатқанын айтты.

– Ауданымызда 108 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Бұлардың барлығы 2,5 пайыздық несиемен қамтылған. 562 несие жеке қосалқы шаруашылықтарға үлестірілген. Негізінен мал мен өсімдік шаруашылығына, сонымен қатар, азықтүлікті өңдеу шаруашылығына көп көңіл бөлінеді. Жалпы айтқанда, өзінің бастамасы, нақты жоспары мен жобасы бар тұрғындар назардан тыс қалмайды. Биыл бағдарламаға 2 млрд теңге бөлінеді, – деді Назгүл Юсупова.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы қаржының жүйелі игерілуі үшін ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыруды облыс басшылығы қолға алған. Себебі, әкімдер бағдарламаға қатысқысы келетін тұрғындарға толыққанды кеңес бере алуы тиіс.
Аудан, ауылдың әкімдері бұл күнде біліктілігін арттыру сабақтарын оқып жатыр екен. Бағдарламаның ауқымын кеңейту үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы биылдан бағдарламаға қатысқысы келетіндердің өтінімдерін электронды платформада қабылдай бастаған.
2023 жылдың қорытындысы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қарыз алушылар тарапынан аудандық бюджетке түскен салық сомасы – 4 798 495 теңгені құраған. 87 жаңа жұмыс орны құрылыпты. Ал, биыл көрсеткіш едәуір артқан. 350 жаңа жұмыс орны құрылған.
Былтыр мал шаруашылығына 303,6 млн теңге мөлшерінде 20, өсімдік шаруашылығына 20,0 млн теңге мөлшерінде 1, техника мен құрал-жабдықтарды сатып алуға 29,5 млн теңге мөлшерінде 1 несие берілген.
Бас маманның дерегінше, 2023-2024 жылдары берілген несиелердің саны мен бағыттарын талдау нәтижесінде, несиелердің 80%-ға жуығы мал сатып алуға бағытталыпты.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басқа да аймақтарда бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқанын зерттеуге ден қойыпты. Мәселен, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру тәжірибесін зерделеу нәтижесінде Бұқар жырау ауданы бойынша іске асырылып жатқан жобаларға толықтырулар енгізілген. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша жекелеген жобалар анықталған.
Аудан әкімдігінің бастамасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов, «Аmanat» партиясы, қоғамдық бірлестіктер, «Сарыарқа» ӘКК және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қатысты басқа да институттардың қатысуымен облыстық форум ұйымдастырылған. Бұл жұмыстар жемісін беруде. Осы күнде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 621,8 млн теңге сомасына 57 өтініш түсіп, оның 234,6 млн теңге сомасында 28 несие беріліпті.
Центральный ауылдық округінде «Ел қазынасы» өндірістік кооперативі жылына 150 тонна өнім шығаратын ет өнімдерінің жартылай фабрикаттарын өндіру цехын ашуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 37,0 млн теңге. Жоспар бойынша 17 жұмыс орны құрылмақ.
Көкпекті ауылдық округінде «Karlуgash агро 2030» өндірістік кооперативі базасында сүт бағытындағы жобаны дамыту жоспарланған.
Аудан орталығында «Gran Corm Botakara» өндірістік кооперативі ірі және ұсақ малға арналған түйіршіктелген мал азығын өндіретін цехтың құрылысы басталады. Күніне 4 тонна өнім өндіруге қуаты жетеді. Жобаның құны – 31,5 млн теңге. 44 жұмыс орны ашылады. «Бабас» өндірістік кооперативінің жобасы аясында тәулігіне 1 тоннаға дейін өнім өндіретін ет өңдеу цехын ашу жоспарлануда. Жобаның құны – 30,0 млн теңге. 20 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге, соның ішінде, «Ауыл аманаты» бағдарламасының қатысушыларына қолайлы жағдай жасау мақсатында Ботақара кентінде халыққа қызмет көрсету (ателье, киім тігу) және азықтүлік өнімдерін өндіру (наубайхана, жартылай фабрикаттар өндірісі) үшін аумағы 500 шаршы метрді құрайтын өндірістік кешеннің құрылысы басталыпты. Шілде айында пайдалануға беріледі екен.
Облыс әкімдігі ұйымдастырған баспасөз туры аясында Жаңа өзен ауылына ат басын тіредік. Мұнда Қайрат Әбиев есімді азаматтың «Арғын» шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен несие алған. Сол қаражатқа шаруашылыққа қажетті жаңа трактор мен шөп артатын айырына, қалағына қол жеткізген. Үш адамды жұмыспен қамтып отыр.
– 1999 жылы осында көшіп келдік. Бұл шаруаны марқұм інім қолға алған. Қайтыс болғаннан кейін қожалықты ыдыратпай, әрі қарай жұмысын дөңгелетіп әкеттім. Жеті жылға жуықтады. Әуелде мал азығын шабатын жеріміз, жылқымыз болды. Қазір сиыр сауып, сүтін, етін сатамыз. Жәрмеңкелерге тұрақты қатысып тұрамын. 18 млн теңге несие алдым. Артық төлем мөлшері 1 млн 350 мың теңге ғана. 2023 жылы алғанмын. Малымның саны көбейіп, бәрі ақталып жатыр. Өте тиімді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл халқы үшін жақсы болып тұр. Ауылда жұмыссыздардың саны едәуір азайды. Екі қолға бір күрек табылады. Осы уақытқа дейін мал азығын сатып алатын едік. Қазір бәрін өзіміз шауып, жеткіземіз. 610 гектар жеріміз бар. Артылғанын сатамыз. Сиыр сауатын, техниканы жүргізетін жұмыскерлерім бар. Жалақылары жақсы, – деді Қайрат Әбиев.
Трактор бос қаңтарылып тұрмайды. Реті келсе, ауылдың шаруасына жарап, қосымша табыс әкеледі. Мал етін сақтайтын тоңазытқышы да бар. Қайрат мырза қыс мезгілінде көпбалалы отбасылар мен мүгедек адамдар, сонымен қатар, қарттар тұратын үйдің ауласына үйілген қарды тегін күреп береді екен.
Сонымен қатар, Үштөбе ауылдық округінде өсімдік шаруашылығын қолға алған әулет бар. Ағайындылар қыс мезгілінде де түрлі жемістерді өсіретін жылыжай тұрғызып жатыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алып, жылыжайды кейінгі жаңа технологиямен жасалған жабдықтармен жабдықтауда. Інілері мен қарындастарына жол көрсетіп жүрген Азамат Амантайұлы жылыжайдың қандай технологиямен салынып жатқанын айтып берді.
– Жылыжайды жер асты қылдық. Тереңдігі – 2,20 метр. Бұл жылуды үнемдеу үшін керек. Ұзындығы – 17,7 метр. Пеш жағатын бөлмесі бар. Қыста от жағып, жылытамыз. Қызанақ, қияр егеміз. Ағайынмен бірігіп істейміз бәрін. Жұмыс көбейіп жатса, жұмыскер аламыз. Әзірге құрылысы қарқынды. Күзге дейін аяқтасақ, жеміс еге бастаймыз. Бірақ, қысқы сатылымға дайындаламыз. Қыста басқа өңірден келген өнімдердің бағасы шарықтайды. Ал, біз халыққа таза, табиғи өнімдерімізді ұсынамыз. Жеміс-жидектер тамшымен суарылады. Бұл суару жүйесімен суды барынша үнемдейміз. Қыста 3 рет өнім алуға мүмкіндік береді, – деді Азамат Амантайұлы.
Көшенің қарсы бетінде де дәл осындай жылыжай бар. Бұны да салып жатқан өздерінің ағайыны. Осылайша, әулет «Ауыл аманаты» бағдарламасының шарапатын көріп отыр. Жылыжайдың құрылысына Үштөбе ауылдық округінің агроном мамандары көмек көрсетуде.
Үштөбе ауылдық округінің кіреберісінде сүт зауыты іске қосылды. Әзірге сүтті өңдеуге қажетті құрылғылар тексерісте. Қаладан аз мөлшерде сүт алып, процесті жүйелендіруде. Жұмысты бір ізге салу үшін Шымкент қаласынан біліктілігі жоғары Кенжебай Бекмұратов есімді технологты алдыртқан. Оның сөзінше, бүгінгі таңда сүт өңдеу зауыттарына қажет мамандар өте тапшы. Мәселені шешу үшін екі адамды арнайы курста оқытуда. «Мамандар екі айдың ішінде дайын болады» дейді технолог.
– Зауыттың табысы артуы үшін, әлбетте, өнім сапалы болуы керек. Ал, сапалы өнімді шығаруға білікті маман қажет. Зауыт бүкіл стандарттарға сәйкес. Күніне 2 тонна сүт өңдей аламыз. Күніне 2 тонна сүт алатын фермерлермен келісімшарт жасалуы тиіс. Зауыт 20 адамды жұмыспен қамтиды. Әзірге алтаумыз. Құрылғылардың барлығы Ресейден әкелінді. Сүт таситын көлігіміз де бар. Сиыр сүтін қажетті төмен температурада сақтауға баса мән береміз. Дұрыс сақталмаса, сүт тез бұзылады. Алдағы уақытта сүт облыс аумағында сатылады. Қазіргі кезде 100% табиғи өнімге сұраныс жоғары. Сонау Ресейден, Белорусиядан келген сүт өнімдерін алғанша, жерлестеріміз таза, табиғи отандық сүтті тұтынуды жөн көреді. Мен көп зауытта жұмыс істедім. Байқағаным – отандық өнімдердің үлесі артып келеді, – деді Кенжебай Бекмұратов.
Зауыт басшылығының алдында арзан бағада сиыр сүтін сататын фермерлерді табу міндеті тұр. Бұл мәселеде жергілікті әкімдікке жүгінеміз дейді технолог. Зауыттан ірімшік те, қаймақ мен сүзбе де шығады. Бұдан басқа да өнімдер аймақ дүкендерінің сөресінен табылмақ.
Жалпы, Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылдық округіндегі халық саны жыл сайын көбейіп келеді. Қазір мұндағы тұрғын саны 6 мыңға жеткен. Жастардың үлесі көп. Шағын және орта бизнес нысандары да ашылуда. Жаңа мектеп пен мәдениет үйі салынып жатыр. Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Серік Қабылұлы алдағы уақытта тұрғындардың тұрмысын жақсарту, әлеуетін арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарыла беретінін айтты.
– Ауданымызда жұмыс істеймін деген әр азаматқа қолдау бар. Бұған аудан әкімі Ерлан Құсайын ерекше мән беріп отыр. Бұл нысандардың барлығы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтиды. Ауылға қазіргі уақытта жұмыс орындары керек. «Ауыл аманаты» бағдарламасы қазақ ауылдары үшін шарапатты болып тұр, – деді Серік Қабылұлы.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»