Өнертапқыш өрендер шеруі
Президент автоматтандыру және жасанды интеллектінің одан әрі дамуы жаһандағы еңбек нарығын түбегейлі өзгертетінін айтты. Адам еңбегі трансформацияға ұшырап, мүлдем жаңа кәсіби дағдыларға сұраныс пайда болады. Сондықтан, жас өрендерді озық IT-инфрақұрылымы бар дағдыларға мектептен баулу қажет.
Қарағанды техникалық шығармашылық, инновация және инженерлік жаңалықтар орталығына айналғанын биыл тағы бір дәлелдеді. Арқада өткен халықаралық робототехника фестивалі IT-ге қызығушылық танытқан 4-тен 18 жасқа дейінгі өрендердің басын қосты.
Биыл фестивальге Қазақстанның түрлі облыстарынан, сондай-ақ, Болгария, Иран, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген командалар жиналды. Фестивальде Daryn First Championship республикалық робот техникасы фестивалінде топ жарып, Орталық Азия чемпионатында кеншілер өлкесінің намысын қорғаған Қарағандыдағы «Мұрагер» мамандандырылған мектебі оқушылары робототехникаға бағытталған үздік жобаларын таныстырды. Фестивальге қатысушы өрендерді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей құттықтады.
– Роболенд фестивалі нәбәрі 10 жылдың ішінде 30 команда, 70 адам қатысқан кішігірім сайыстан бүгінгі таңда халықаралық деңгейге жетті. Фестивальдің шығармашылық идеялар жарыққа шығатын үлкен алаңға айналғаны – Қарағанды өңірі үшін үлкен мәртебе. Сіздердің араларыңызда еліміздің цифрлық әлеуетін арттыратын білікті жастар бар екеніне сенімдімін. Бүгінгі сайыстар жаңа білім алып, ерекше пікір алмасуларға жетелейтін жақсы орта құруға зор мүмкіндік береді, – деді Әлібек Әлденей.
Биыл қатысушыларды 23 санат бойынша қызықты жарыстар күтіп тұрды. Соның ішінде, «Кегельринг», «Лабиринт», «Квадрокоптерлерді маневрлеу», «Шығармашылық санат» секілді танымал бағыттар бар. Жарысқа 362 командадан 750-ден астам жасөспірім қатысты.
– «Робототехниканы оқытудың жаңа жолдарын пайдаланудың маңыздылығы» тақырыбында баяндама жасадым. Жалпы, Иранда робототехника жақсы жолға қойылған. Бұл біздің елдегі Тегеран университетімен тығыз байланысты. Мектептерімізде робототехника пән ретінде оқылатындықтан үздік оқушыларымыз Малайзия, Қытай елдерінде өтетін жарыстарға жиі қатысады.
Биылғы Қарағанды фестиваліне «Шығармашылық санат» бойынша қауіпсіздік жобасын ұсынатын 9 қатысушы келді. Әртүрлі робот түрлерін пайдаланып, өрттің алдын алуға бағытталған жобалар ұсынамыз, – деді Иран ұлттық командасының жетекшісі Надер Нобахт.
Фестиваль аясында дәстүрлі «Қарағандылық кездесулері» өтті. Биылғы пікірталастар «Білім беруді цифрлық трансформациялау: трендтер мен перспективалар» тақырыбына бағытталды. Онда жетекші сарапшылар оқу жүйесіне цифрлық технологияларды енгізуді талқылап, STEM-білім беруді дамыту бойынша тәжірибе алмасты.
Фестивальді ұйымдастырушылар – «Kazdidac» қауымдастығы. Бас демеуші – «Базистік дүкен» ЖШС және ресми демеушілер – DIGIS AV және Регион 715 компаниялары екенін айта кеткен жөн.
Биыл RoboLand 2025 финалисі атану үшін 2000-нан астам бала іріктеу жарыстарына қатысып, 400-ден астам команда бақтарын сынады. Іріктеу сайысынан өткен үздіктер екі күн бойы өтетін финалдық сайыста білім мен біліктіліктерін сынға салады.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ