Өнерлінің қолы алтын
Бұрын ескіге санаған киіміңіз қазір сәнге айналуы мүмкін. Сондықтан, көктемнің жаймашуақ күнін асыға күткен қала тұрғындарын сәнді үлгілер қызықтыратыны сөзсіз. Осыны ескерген қарағандылық жас дизайнерлер көпшіліктің назарына көктем, жаз айларында сәнде болатын киім үлгілерін ұсынды.
«Таир» сауда үйіндегі «УниверMAG.кz» дүкенінде облыс дизайнерлерінің бұйымдарын сату көрмесінің ресми ашылуы өтті. Жалпы, көрмеге кешкі көйлектерден бастап, күнделікті киетін киімдер топтамасын ұсынған сегіз жас дизайнер қатысты. Жергілікті өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағының қолдауымен жобаны ұйымдастырған – «StarMax» сән агенттігі және «OZZ» сән салоны. Жобаға жауапты Марина Зоринаның айтуынша, тұсаукесер облыс тұрғындары мен қонақтарына қазақстандық дизайнерлердің еңбегін насихаттау мақсатында өтті. Көрме барысында облыс дизайнерлері ерекше тігілген әрі қымбат көрінетін киім үлгілерімен таңқалдырды. Әсіресе, дизайнер Ирина Нечаеваның «ЭКСПО – 2017» көрмесіне арнаған «Жүрек толғауы» сән үлгілері сапалы тігілген. Бүгінгі таңда автор әйелдерге арналған ұлттық нақыштағы іскерлік костюм тігумен айналысады.
Айнұр САНДЫБАЕВА, дизайнер:
– 2004 жылдан бері жастарға арналған классикалық киім үлгілері, көйлек, күртеше, жейде, шалбар тігемін. Киімдерге қойылатын орташа баға 9800 теңгеден – 24 000 теңге аралығында. Көрсетілім барысында киімдерімнің көбі сатылып кетті.Әсіресе, классикалық киім үлгілеріне сұраныс жоғары болды.
Осылайша дизайнерлер бес күн бойы қала тұрғындарына қолайлы баға ұсынып, киімдерге тапсырыс қабылдайды. Олардың айтуынша, биыл ашық әрі табиғи түстер, сондай-ақ, жұмсақ жасыл түсті киімдер сәнде болмақ. Табиғи асыл тастар саналатын қызыл лағыл, аспан көк жақұт, жасыл изумруд және сарғыш топаз ежелден-ақ жоғары бағаланатын көрінеді.
Аяулым СОВЕТ