Бас тақырып

Өнеркәсіптік кластердің өңірлік мазмұны

Теміртауда ірі компания­лар мен шағын және орта биз­несті біріктіретін Қазақ­с­тандағы алғашқы өнеркә­сіптік кластер құру бойын­ша жұмыс жүргізілуде. Qar­met креативті техноло­гиялар орталығының ала­­ңын­да «Өнеркәсіптік клас­­терді және ел ішіндегі құн­дылықтарды дамыту» биз­нес-форумы өтті. Шараның мақсаты – ірі бизнес пен ШОБ арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, өнеркәсіп секторының дамуын ынталандыру және елдің экономикалық әлеуетін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер жасау. Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, бизнес-қоғамдастық өкілдері, ұлттық қорлар мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшылары қа­тысты. Форумды облыс әкі­мі Ермағанбет Бөлекпаев ашты.

– Қарағанды облысы – елі­міздің индустриалды жүрегі. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі бойынша көшбасшы орынды иеленіп отыр­мыз. Өткен жылы облыс 3 трлн теңгеден астам өнім өндірді. Біз бизнестің өсуіне және инвестиция тартуға жағдай жасаудамыз. 2025 жылы 1,5 трлн теңгеден астам инвестиция тартуды жоспарлап отыр­мыз, оның 90%-ға жуығы – жекеменшік инвестициялар. Qarmet компаниясымен бірге металлургиялық кластерді дамытуға, соның ішінде қалдықтарды қайта өңдеуге ерекше көңіл бөлеміз. Компаниямен бірге мәселелерді жедел шешу үшін жобалық офис құратын боламыз. Біздің ең басты байлығымыз – адамдар. «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында біз жаңа салалар үшін кадрларды белсенді дайындап жатырмыз. Қарағанды техникалық университетінің базасында өңірлік инновациялық-индустриялық хаб құрып жатырмыз, – деді облыс әкімі.

Қазір облыстың қырыққа жуық шағын және орта бизнес кәсіпорындары Qarmet компания­сымен өзара серіктестік орнатқан. Форум қатысушыларға ішкі нарықты нығайтуға, өндірісті дамыту арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және импортқа тәуелділікті төмендетуге байланысты негізгі мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді. Qarmet компания­сының бас директоры Вадим Басин тұрақты өндірістік тізбектерді дамыту, ірі бизнес пен шағын кәсіпкерлікті интеграциялау, цифрлық шешімдерді енгізу және өңірдің экономикасын нығайтуға ықпал ететін өнімнің өзіндік құнын төмендету мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

– Металлургияны және сабақ­тас салаларды дамыту, қазақстандық өндірушілердің әлемдік нарықтағы ұстанымдарын нығайту, елішілік құндылықты құру – еліміздің ұзақ мерзімді орнықты дамуының негізгі факторлары. 2024 жылы күрделі сыртқы экономикалық жағдайларға қарамастан, Qarmet болат өндірісін 15%-ға, яғни, 3,5 млн тоннаға дейін ұлғайтты. Бұл өсім Қазақстанға болат өндіру қарқыны бойынша әлемде 8-ші орынды қамтамасыз етті. Біз 2028 жылға қарай болат өндірісін жылына 5 млн тоннаға жету мақсатын қойып отырмыз. Бұл бағдар өндірісті ауқымды жаңғыртуға, шығындарды оңтайландыруға, процестерді цифрландыруға және кәсіпорын айналасындағы өнеркәсіптік кластерді дамытуға негізделген, – деді Вадим Басин.

Qarmet индустриялық клас­терді дамыта отырып, тауарлар мен қызметтерді жеткізушілерге офтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді шарттарды ұсынады. Облыс әкімдігі Qarmet компания­сымен бірлесіп, бастама аясында 20 мың шаршы метр дайын үй-жайға арналған шағын өнеркәсіптік аймақ құрады. Жаңа жұ­мыс орындары құрылады, сон­дай-ақ, өндірістік тізбектер ны­ғай­тылады және импортқа тә­уел­ділік қысқарады.

– Біз барлық өндірілген құндылықтар Қазақстанның игілігі үшін жұмыс істейтіндей етіп жұмыс жасауымыз керек. Ол үшін бізде барлық ресурстар бар. Көптеген дамыған елдер осылай жұмыс істейді. Жергілікті атқарушы билік тарапынан әлеует пен қолдау бар, – дейді Вадим Басин.

Өнеркәсіптік кластерді дамыту өндірістің өсуін ғана емес, сонымен қатар, цифрлық шешімдерді енгізуді, өнімнің өзіндік құнын төмендетуді және бизнестің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын оңтайландыруды көздейді.

– Форум – Qarmet сияқты бір ірі кәсіпорынның айналасында ШОБ ынталандыру және дамыту үшін маңызды сәт. Министрлік ірі компаниялардың жергілікті жеткізушілермен өзара серіктестік бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Біз бұл өнеркәсіптің тұрақты өсуінің кепілі екеніне сенімдіміз, – деді Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан.

Ал, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қалықов Qarmet Қазақстанның 17 серпінді жобасына кіргеніне қуанышты екенін айтады. Бұл кәсіпорынның ел өнеркәсібіндегі маңыздылығын көрсетеді.

– Біз жұмысшылар мен кәсіп­орындардың мүдделерін қорғауды жалғастырамыз. Заңнамалық бастамалар Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетінің өсуіне ықпал етуі үшін жұмысымызды жалғас­тыра береміз, – деді Арман Қалықов.

Форумда Қарағанды облысының әкімдігі мен «Qarmet» АҚ арасында ел ішіндегі құндылықтарды дамыту бойынша меморандумға қол қойылды. Бұл құжат өңірдегі шағын және орта бизнестің ұстанымын күшейтуге бағытталған бастамаларды қолдауға кепілдік береді.

Сондай-ақ, Qarmet компаниясының өндірістік құрылымдары орналасқан басқа да қалаларда шағын өнеркәсіптік аймақтар құру жоспарланып отыр.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button