Өнеркәсіп өрісі кеңейіп келеді
2025 жыл қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіптік өндіріс көлемі 6% артып, 4,9 трлн теңгеден асты.

Өңір экономикасының барлық негізгі салаларында оң динамика тіркелді. Оның ішінде, көмір өндіруде – 7,4%-ға, қара металлургияда – 3,7%-ға, түсті металлургияда – 4,9%-ға, машина жасауда – 10%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде – 27,9%-ға, құрылыс индустриясында – 8,6%-ға, фармацевтика саласында – 22,6%-ға, химия өнеркәсібінде – 17,3%-ға, сондай-ақ, азықтүлік өнімдерін өндіруде – 9%-ға өсім тіркелді. Өңірдің жүйе құраушы кәсіпорындары тұрақты оң динамиканы сақтап келеді. «Qarmet» АҚ-да болат өндірісінің көлемі 7,6%-ға, шойын – 5,2%-ға, жалпақ прокат – 6,4%-ға артты. Қазіргі уақытта көмір өндіру барлық сегіз шахтада жүзеге асырылуда. Бұл ретте өтпелі қазбалар саны 11-ден 48-ге дейін ұлғайтылды. Кеншілер қауіпсіздігін арттыру мақсатында барлық шахталарда персоналды іздеу және позициялау жүйесі енгізілді. «Kazakhmys Smelting» ЖШС-гі 198,2 мың тонна катодты мыс өндірді.
Өңір экономикасына тартылған инвестициялар көлемі 1,4 трлн теңгені құрады. 2025 жылы жалпы құны 279 млрд теңге болатын 28 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, 500-ден астам жұмыс орны құрылды. Жаңа өндірістердің толық қуаттылыққа шығуына қарай, жұмыс орындарының санын 3 300-ге дейін арттыру жоспарлануда. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында 24 резидент тіркелген. 2025 жылы мұнда бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылды. Оның қатарында «Qaraganda Power Silicon» ЖШС кремний қорытпаларын өндіру зауыты, «Silumin of Qazaqstan» ЖШС алюминий радиаторларын шығару зауыты, сондай-ақ, «Тау Кен Темир» ЖШС металлургиялық кремний өндірісін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтады.
«Saran» индустриялық аймағы аумағында жобаларды іске асыру жалғасу үстінде. Былтыр «ТЭМПО Қазақстан» ЖШС-гі болат тік тігісті құбырлар өндірісі, «Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты» ЖШС-гі металды коррозиядан қорғауға арналған заманауи кәсіпорын және «Silk Road Electronics» ЖШС-гі тарабынан Samsung теледидарлары мен кір жуғыш машиналарын өндіру іске қосылды. Өңірде шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бағдарлама аясында «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы дайын өндірістік үй-жайларды салу немесе қолданыстағы нысандарды қайта жаңғырту үшін жеңілдетілген несиелеу ұсынады. Кейін оларды өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта бизнес субъектілерін орналастыру көзделген.
Ал, Қарағанды қаласында «Exim Star Қазақстан» ЖШС шағын өнеркәсіптік аймағы іске қосылды. Оның базасында «Kaz Union Trade» ЖШС (полипропилен құбырларын өндіру), «ЦентрСнабСтрой» ЖШС (кабель өнімдерін өндіру) және «ALS Қазгеохимия» ЖШС (геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу) кәсіпорындары жұмыс істеуде. Ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылын кеңейту мақсатында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында «Qartech» өңірлік инновациялық-индустриялық хабы құрылды. Хаб әлемдік озық технологияларды зерделеуге арналған коммуникация орталығын біріктіреді де, резиденттерге зертханалық инфрақұрылым, сервистік қызметтер және инновациялық жобаларды іске асыру мен стартаптарды дамытуға арналған қолдау бағдарламаларын алға тартады.
Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына бизнесті қолдаудың мемлекеттік шараларын іске асыру игі ықпал етуде. Былтыр Кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы аясында жалпы сомасы 44 млрд теңгені құрайтын 271 жобаға қолдау көрсетіліп, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне 8 грант берілді. «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша 10,7 млрд теңге сомасына 96 жоба қаржыландырылды.
Іске асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шараларының арқасында өңірдегі жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 102,7 мыңға дейін артты. Сауда көлемі 1,9%-ға өсіп, 5,2 трлн теңгені құрады. Есептік кезеңде жалпы сомасы 30,1 млрд теңге болатын 78 жоба іске асырылды. Оның қатарында Қарағанды қаласында «Норма» және «Оптима» супермаркеттерінің құрылысы, әрі Теміртау қаласында «Темирид» отбасылық демалыс және балаларды дамыту орталығының құрылысы бар.
2026 жылы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі арттыру, инвестиция тарту, инвестициялық жобаларды іске асыру және шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шараларын кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жалғасын табатын болады.
Асқар ҒАЗАЛИЕВ,
Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-
инновациялық даму басқармасының басшысы



