Руханият

Өнерге адал жанның өлмес мұрасы

Облыстық бейнелеу өнері музейінде Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген қайраткері Мыңғыш Әбілқасовтың мемориалдық көрмесі ашылды. Көрме барысында дарынды суретшінің ғұмыр жолы баяндалған «Өнерім – менің өмірім» кітабы таныстырылды. Тағылымды шараны музей ұжымы мен суретшінің ұлы бірге ұйымдастырыпты.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Көрмеге Мыңғыш Әбілқасовтың туғантуыстарының коллекциясынан, сонымен қатар, суретшінің жарты ғасырлық шығармашылық жолын қамтыған бейнелеу өнері музейінің қорынан 70-тен астам картина қойылған.

– Көрме Мыңғыш Әбілқасовтың туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Онда әр түрлі жанрдағы жұмыстар, соның ішінде, графика мен мүсін ұсынылған. Сондай-ақ, біз «Өнерім – менің өмірім» кітабы хақында айттық. Онда біздің мұражайда сақталған суретшінің 19 туындысы, отбасылық коллекциядан алынған картиналар және олардың сипаттамасы, фотосуреттері, әріптестерінің естеліктері бар. Мыңғыш Әбілқасов Қарағандының ғана емес, жалпы Қазақстанның бейнелеу өнерінің дамуына зор үлес қосты. Ол түс таңдау шебері, әдемі портретші, – деді мұражай директорының орынбасары Мейрамгүл Елубаева.

Мыңғыш Әбілқасов 2013 жылы «Шерубай-Нұра» картинасын салып жатқан кезде қолында қылқаламын ұстап тұрған күйінде бақиға аттанған екен. Оның соңғы онжылдықтағы жұмыстарының басты бағыты портреттер мен пейзаждар болды. Портреттерде суретші сыртқы ұқсастықты емес, адамның рухани әлемінің негізін іздегенін айтады өнертанушылар.

– Оның әрбір шығармасында терең ой мен көркемдік бірегейлік бар. Жұмыстың негізгі тақырыптары – табиғат, қазақтардың рухани өмірі мен тарихы. Ол портреттегі адамның мінезін дәл жеткізе білуімен ерекшеленді, – деп атап өтті педагог және өнер танушы Жүрсін Балкенов.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button