Руханият

Өнердің де өз тілі бар

Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде Қазақстан халқы тілдері мерекесіне арналған «Тіл – татулық тірегі» атты мерекелік концерт өтті. Мәдени іс-шараға қаламызға белгілі өнерпаздар қатысты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кештің құрметті қонағы – айтыскер ақын, «Күміс домбыра» иегері Нұрмұхаммед Байсүгір. Ол көрермендерді тағылымы мол жыр шумақтарымен сусындатып, кештің көркін қыздыра түсті.

– Біздің ұжым мәдениет саласына бейім болғандықтан, біз көбіне ән-күй саласына баса назар аударамыз. Әйткенмен, осы музыка саласының да өз тілі болатынын айта кеткен жөн. Сол секілді әрбіріміз де тілімізді құрметтеп, оны кеңінен насихаттап, халық арасында мерейлі мәртебесін сақтап қалуымыз тиіс, – деді мәдениет үйі директорының орынбасары Амангелді Ахметжанов.

Сонымен бірге сахна төрінде Гүлдана Макшонова мен Саян Мұздыбай ән шырқады. «Нұрби» үлгілі хореографиялық ансамблі әсем биімен, ал, «Жас толқын» вокалды тобы әуезді әнімен көрермендерді тәнті етті.

– Біздің ансамбльдің құрылғанына 1,5 жыл болды. Осы азғантай уақыт аралығында өнерпаздарымыз ел аумағынан бөлек, әлемнің әр тарапында да төл өнерімізді төрге оздырып жүр. Жеткіншектерді тілді құрметтеуге осы бастан баулу керек. Бүгінгі сахналық нөмірге 26 өнерпаз қатысты. Олар Бауыржан Ақтайдың «Алаш аманаты» күйіне дайындалып келді, – деді «Қарақат» өнер мектебінің оқытушысы Жанар Мұқашева.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button