Өнердiң қарашаңырағы
«Ұшқан құспен көшкен бұлтты тоқтатқан» өнер көші қарағандылықтарды елең еткізді. Кешегі Тәттімбеттен қалған ұлы көш Арқа өңірін қамтыды. Қарағанды облысы әкімінің қолдауымен атадан балаға жеткен, көздің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналған қаймағы бұзылмаған ән, күй, би өнерімен қарағандылықтар қайта қауышты.
Тәттімбет Қазанғапұлының терең ойға, философиялық толғамға толы өнерін жалғастырушы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің 65 жылдығына орай есептік концерт өтті.
Бұл күнде қасиетті шаңыраққа өнер тарланы, мәдениет қайраткері әнші Мейірхан Адамбеков басшылық жасап отыр.
Ғасырдан ғасырға іріктеліп, сұрыпталып, сүргіленіп, түрленіп жеткен халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасып отырған өнердің шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбуғалисын Шоқанбаевтың еңбегі еселей түскендей. Ермұрат Үсеновтің күйі «Шыңырау құс» қазақ халқы аспаптар бөлімінің түлегі Абай Рақышевтің ұстазы Сәуле Рахымғалиеваның өнері көпті дүр сілкіндірді. Бұдан кейінгі Алмат Сайжанның «Хан кене» поэмасын дерижёр халық аспаптар бөлімінің түлегі Абулхайыр Сағымбаев және ұстазы Әбуғалисын Шоқанбаевтың ерен еңбегімен көрермен қауымға жеткен шығарма жұртты сүйсіндірді.
Айта кетейік, 1952 жылғы училищенің түлегі Қобыланды Нұрбаев Алматы консерваториясының директоры болды. Тұтас бір өңір – әншіліктен бөлек, аймақта қалыптасқан күйшілік мектептер былай тұрсын, бір ғана күйші-композитор туындыларында шертіп тартылатын күй де, дауылдата төгіп тартылатын күй керуені де көш түзеді. Белгілі ұстаздар А.Варламов, Р.Рихтер, У.Хаджиев, М.Айтқалиев, В.Роот, А.Дукарт, Э.Майер, А.Кнауб, А.Шварц, В.Петлюк және В.Ковалев, М.Магзумов, Н.Дмитриенко, В.Цветков, В.Эпельбем, В.Холопайнен сияқты саңылақтардың есімі алтын әріппен жазылды. Мәскеу, Ленинград, Тбилиси, Новосибирск, Алматы қалаларында өнер майталмандары дара жол салды. Білім ұясы 61рет жоғары білікті жоғары білімді мамандарды әзірледі. Осы күні ұлттық классикалық музыка тарту етілді.
Көмейіне бұлбұл ұялаған әнші Дәуренбек Әркеновтің шәкірттері талайды таңдай қақтырды. Сонымен қоса, «Қазақ биі» көрермен назарына ұсынылды. «Отан– Ана» жиналғандардың көңілін серпіп тастады.
Сөз орайы келгенде айтқанымыз жөн. Жуырда Қарағандыдағы өнер ордасы облыс әкімі Ерлан Қошановтың тікелей қолдауымен ғимаратты болған еді. Атадан балаға жеткен, қадірлеп көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналдырған өнер тарландарының еңбегін елемей кету мүмкін емес. Арқа өңірінің әнші-күйшілерінің шығармаларын аталмыш ұжым нәшіне келтіріп шырқады. Халықаралық байқаулардың иегері «Кең дала» хор ұжымы жиналғандарды өнерімен сусындатты. Республикалық байқаудың бас жүлдегері Әсет Әбілдин және бас гитарашы В.Кострыкиннің өнеріне қол соқпаған жан қалмады.
Әсіресе, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан көрініс ұсынған «Шашу» би тобы һәм үрмелі, соқпалы аспаптар бөлімі түлектерінің тартуы тіпті керемет болды. Қазақ халқының басқа халықтардан ерекшеліктерінің бірі – ол өзінің ұлттық музыкасының болуы екендігін дәлелдеп бергендей. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бұлағы ел арасында кемде-кем еместігін танытты. Талайға қанат бітірген қасиетті қарашаңырақтың базары тарқамасын!
Нұрдос КӘРІМ