Өнерде шекара жоқ
Қарағанды қалалық білім басқармасына қарасты №4 арнайы мектеп интернатының ұйымдастыруымен облыстық бейнелеу өнері музейінде ерекше балалардың шығармашылық көрмесі өтті. Көрме «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Шабыт» жобасы аясында ұйымдастырылған. Оған өңірдегі тоғыз арнайы мектеп-интернатынан 50-ден астам оқушы қатысып, олардың 100-ге жуық туындысы көрмеге қойылды.
Жоба биыл үшінші мәрте өткізілуде. Көрменің өзіндік ерекшелігі де бар екен. Яғни, арнайы мектеп-интернатының білім алушылары жетекшілерімен бірге жасаған туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған.
– Ұстаздар мен ата-аналар тарапынан ешқандай қарсылық болған жоқ. Керісінше, қолдау көрсетті. Ұсынылған жұмыстардың қатарында қаланың қысқы көрінісі, зәулім ғимараттардың макеті мен түрлі қолөнер бұйымдары бейнеленген туындылары таңдап алынды. Ұйымдастырушы міндетін өз мойнымызға алып, жаңа оқу жылы басында көрменің жоспарын әзірлеп, бекіткен болатынбыз. Қаңтар айында арнайы мектеп-интернаттарында ішінара іріктеу кезеңі өткізілді. Қазір облыстық көрмеге іріктелген үздік туындылар қойылды. Олар үшін бұл – үлкен жетістік. Әрі болашаққа деген сенімін нығайтып, шабыт беретіні сөзсіз, – деді №4 арнайы мектеп-интернатының басшысы Гүлнар Қырғызбаева.
Көрмеге қойылған туындылардың басым бөлігі – пейзаж. №2 арнайы мектеп-интернаттың 7-сынып оқушысы Нұрасыл Талғатұлының да бірнеше пейзажы қойылды.
– Сурет салуды жаным жақсы көреді. 10 жасымнан бастап сурет сала бастадым. Көрменің өтетінін естіп бірнеше бағытта салынған суреттерімді ұсындым. Ұсынған суреттерімнің ішінде әсем табиғат, қысқы көрініс бейнеленген туындыларым басым. Бізге осындай мүмкіндік берілгеніне қуаныштымын. Көрмеге келіп, жаңашыл дүниелермен таныстым. Осы арқылы жаңа идея туындады, – деді ол.
Сонымен қатар, Аружан Жұмашованың «Ертегі қалашығы» деп аталатын туындысы да көпшілік назарын аударды. Авторы жұмысын толық аяқтауға бір апта уақытын арнапты. Көрмеге қойылған туындылар ерекше жандардың еңбегін паш етті.
Лаура АМАНТАЙ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу
университеті журналистика бөлімінің
IV курс студенті