Өнер тарландарының тартысы
Қайратты қазақты «жылқымінезді» деп тегін айтпаса керек-ті. Ат дүбірін естігенде елең етіп, дегбірі қашып, делебесі қозбайтын қазақ кемде-кем. Күні кеше Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай аймақтағы ақынның есімін иеленген қалада арқа жұртына аты мәлім асаба Тілеубек Бақдәулет пен кәсіби журналист Дәуренбек Бақдәулеттің мұрындық болуымен өнер майталмандары арасында көкпар тартысы өтті.

Бір терінің пұшпағын илеп жүрген өнерпаздардан жасақталған «Бауырлар» және «Ағалар» командасы өзара бәсекеге түсіп, көкпардың көрігін қыздыра түсті. Ойынның алғашқы кезеңінде екі топ та бір-бір ұпайды қанжығалады. Ал, ойынның екінші кезеңінде балуандар, тіпті, қыза түсті. «Ағалар» командасынан Ерік Тезекбай салым салып, есепті еселеді. Дегенмен, ойын мұнымен аяқталмады. «Бауырлар» құрамасы да қалыс қалмай, Мейраш Абылай таразы басын теңестірді. Сөйтіп, әр кезеңі 20 минуттан болған ойынның негізгі уақыты аяқталды. Әйткенмен, тартыс тарқамады.
Көкпар ойынының ережесіне сай, есеп саны тең болғандықтан, дода – қосымша «Алтын салым» кезеңінде жалғасын тапты. Қай жақ шапшаңдықпен алғашқы болып салым салса, сол жақ жеңіске жетеді. Арғымақтарының ауыздығымен алысқан балуандар шешуші кезеңде де білектерін сыбанып, бойларына қан жүгіртті. Құлаш құйрық, ошақ табан қазанаттар үстіндегі балуандарының жігер-намысын жанып, ойқастап оқыранды.
Сонымен, көптен күткен «Алтын салым» басталды. Төрешінің пәрменінен соң-ақ қос қапталдың шабуылшылары бірден шаршы алаңдағы серкеге таласа кетті. Тартысты ойынның қарқыны үдегені соншалық, тоқпақ жал қазанаттардың белі бусанып, екі жақ та серкені бірінің тақымынан бірі үзіп, әдемі ойын кестесін өрнектеді. Екі құрамның тақымды балуандарының бәсекеге бас сұққаны соншалық, біршама уақыт бойы бір-біріне бой бермеді. Қосымша кезеңнің уақытының бітуіне де санаулы сәт қалған сәтте «Бауырлар» командасының ойыншысы Баянды Төлеутай серкені жерден көтеріп, тақымға басып, шеңберге тұра шапты. Командасындағы үзеңгілес қорғаушылардың демеуімен ол шеңберге дейін қарсыластарын шаң қаптырып, есепті еселеп, «Алтын салым» салды. Жалпы, есеп 3:2 болып, ойын «Бауырлар» командасының пайдасына шешілді.
Көптен бері көкпар тартпаған балуандардың құмары бұнымен де тарқамаса керек. Командалық ойын аяқталғаннан кейін көкпаршылар «Жаппай көкпарға» лап қойды. Бұл додада бас-аяғы 15 салымға жүлде тігіліп, бағы мен бабы қатар келіскен балуандар жүлдені еншіледі. Көкпардың өтуіне ұйытқы болған Бақдәулет әулетінің атынан екі командаға да 100 мың теңгеден қаржылай сыйлық табыс етіліп, балуандардың әрқайсысы марапатқа ие болды.
Өнер саласының майталмандары арасында өткен дүбірлі дода – тек ұлттық спортты дамыту ғана емес, сонымен қатар, өнерпаздар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, елдің ұйытқысын асқақтата түскен мерейлі сәттердің бірі болғаны анық.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»