Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылының мәдени-демалыс орталығына жаңа шағын автобус сыйға берілді. Енді су жаңа көлікті Егіндібұлақ ауылдық округіне қарасты 10 елдімекеннің клубтары пайдаланбақ.
– Бірнеше жыл бұрын Егіндібұлақ ауылының мәдени-демалыс орталығының ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Биыл оған шағын автобус сатып алдық. Жергілікті «Замандастар» ардагерлер ұжымының сахналық костюмдерін жаңартамыз. Ауылдың халық театрына 50 жыл толып, оған бірінші жетекшісі Шахман Мағазовтың есімі берілді. Ауданда барлығы 10 халық ұжымы бар. Олардың үшеуі Егіндібұлақта, – деді Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов.
Орталықтағы 17 үйірмеде 200-ден астам бала бар. Ал, Егіндібұлақ ауылдық округінің мәдениет үйлеріндегі әр түрлі шығармашылық студияларда 8 жастан 18 жасқа дейінгі 800 жас талант талабын ұштайды.
– Біздің орталықта Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Замандастар» ардагерлерінің хор ұжымы, коворкинг, түрлі балалар үйірмелері жұмыс істейді. Біздің шығармашылық ұжымдар конкурстарға жиі барады. Көшпелі концерттер мен театрлық қойылымдар өткізеді. Бізге, расында, көлік қажет еді. Бұрын «Газель» көлігі бар еді, бірақ, ол тозды, – дейді мәдени-демалыс орталығы директоры Кәмшат Бабағұлова.
Қарқаралы ауданында мәдениет нысандары жөндеу көруде. Биыл Қарқаралы және Қарағайлы мәдениет үйлері, Қаракөл ауылындағы клуб және Қарқаралы балалар кітапханасы күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Өз тілшімізден.