Үнемделген қаржы әлеуметтік салаға тартылады
Облыстағы кейбір маңызды нысандарды қаржыландыру көлемі артады. Мәселен, Қарағанды қаласындағы Маркс-Магнитогорск көшесіндегі күрделі жөндеу жұмыстарына 1,9 млрд. теңге қаражат бағытталмақ. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс VI сессиясында айтылды.
Сессия жұмысына облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов төрағалық етті. Алдымен Серік Балғатайұлы жергілікті өкілетті органдардың жұмысын реттейтін заңнамадағы өзгерістер туралы түсіндіріп өтті. Отырыстың күн тәртібінде 2021 жылға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Бұл туралы қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, қосымша қаржы облыстық бюджетке салық түсімдерінің ұлғаюынан, бөлінген қаражаттың үнемделуі мен игерілмеуінен, «Даму» қорының бюджеттік несиелерінің төлемдерінен түсіп отыр. Тиісінше, қазынаға түскен қаржыны дер кезінде қажетті мақсаттарға бағыттау қажет. Яғни, 73,8 пайызы экономиканың нақты секторы мен бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталып отыр. Мұнда 1,9 млрд. теңгені Маркс-Магнитогорск көшесіндегі жөндеу жұмыстарына, 181,5 млн. теңгені жылыту маусымына дайындық шараларына, 100 млн. теңгені Жезқазған қаласының Кеңгір ауылындағы мектеп құрылысына, 507,5 млн. теңгені «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында шағын және орта бизнес несиелерінің бір бөлігін кепілдендіруге, 156,3 млн. теңгені «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық жерлердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қосымша қаржыландыруға, 24,4 млн. теңгені облыстық клиникалық ауруханадағы желдету жүйесін жөндеуді бастауға бағыттау ұсынылуда. Бюджетке өзгерістер енгізуде салалық жауапты мекемелер ұсынысы ескерілді. Людмила Башаринаның мәлімдеуінше, облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы 300,7 млн. теңгені Жаңаарқа ауданындағы мектеп құрылысын жалғастыруға және Сәтбаев қаласындағы «Юность» стадионын қайта қалпына келтіруге жұмсауды ұсынды. Жаңаарқадағы мектеп құрылысы сот ісіне байланысты кестеден қалып қойған еді. Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы бойынша 191,1 млн. теңгені Шахан кентіндегі қазандық пен жылу желісі құрылысына және Абай ауданындағы Южный кентіндегі қазандықты жөндеуге жарату көзделуде.
Облыстың білім басқармасы бойынша үнемделген 331,8 млн. теңгені кадр даярлауға, білім беру ұйымдары қызметкерлері жалақысын төлеуге, Теміртау қаласындағы мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне, Қарағандыдағы жаңа Балалар және жасөспірімдер сарайы мен Балқаштағы Мусин атындағы колледжден берілген ғимаратты күтіп ұстауға бағыттау ұсынылды. Сонымен қатар, Шахан кентіндегі балалар музыка мектебін орталық жылу желісіне қосып, облыстың білім басқармасы ғимаратының жылу жүйесіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат қарастырылды. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы 359,6 млн. теңгені дәрі-дәрмекке, кадр даярлауға, ауруханалар мен емханалардың техникалық базасын жабдықтауға жаратпақ. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 31,3 млн. теңгені Қарағанды қаласының №2 психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесіндегі күрделі жөндеу жұмыстарын жалғастыруға бөлді. Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы бойынша 120 млн. теңге 8 спорт нысанының коммуналдық төлемдерін төлеуге және екі спорт нысаны үшін ғимараттарды жалға алуға жұмсалады. Облыстың мәдениет, мұрағат және құжаттама ісі басқармасы 58,2 млн. теңгені Бұқар жырау ауданындағы Доскей ауылындағы тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын бастауға және Осакаров ауданындағы мемлекеттік архив қорын цифрландыруға бағыттады. Бұдан бөлек, Үкіметтен «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде 1,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Және Үкімет резервінен коронавирус инфекциясына қарсы вакцина сатып алуға 3,9 млрд. теңге қаржы аударылды. Депутаттық корпус облыс бюджетіндегі өзгертулер бойынша қолдап дауыс берді. Сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек аймақтың биылғы жылдың 7 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы сөз қозғап, алдағы даму жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттық фракциясын тіркеу, күн тәртібіндегі өзге де мәселелер қолдау тапты.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.