Бас тақырыпКөкейкесті

Некенің құндылық болудан қалғаны ма?

Қазақстандықтар некеден неге қашты? Кейінгі жылдардағы ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, некені заңды түрде бекітетіндердің қатары кеміген. Отбасы институты мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін білеміз. Отбасы – Отанның тірегі екенін де айтамыз. Бірақ, іс жүзінде «некелесу маңызды емес, бастысы – бақытты болсақ» деген ой тұрады. Алайда, уақыт өте келе некенің тіркелмеуі ер адам мен әйел затының бір-бірінің алдындағы міндетін орындамай, құқықтарының тапталып, заңдық тұрғыдан қорған таппай, әсіресе, әйелдердің зәбір көруіне алып келетінін ол кезде ешкім ойламайды.

Некелесуге көзқарас бұрын мұндай болмаған. Мәселен, 2000 жылы елде 90 873 неке қиылыпты. 10 жылдан кейін некелесушілер қатары 146 443-ке жеткен. Некелесу бойынша рекорд 2013 жылы тіркеліпті. Бұл жылы 168 447 неке қиылыпты, яғни, осынша жас отау құрылды. Алайда, осы мерзімнен бастап некелесушілер кеміп, керісінше, ажырасу белең алып барады. Жаңа ғасырдың басында, осыдан 21 жыл бұрын 27 391 ажырасу тіркелсе, өткен жылы 48 002 отбасының іргесі сөгілген. Дегенмен, ажырасулардың ең көп тіркелген кезі – 2019 жыл екен. Бір жылда 59 796 отбасы ажырасып кетіпті.

Кейінгі толқын жастардың арақатынасын заңмен бекітіп, некелесуге асықпауы ажырасып кетуден қорыққандық па дейсің кейде. Өмірлік серік ретінде жасаған өз таңдауына сенімсіздік, «ажырассақ та, ештеңе етпес» деген ой, жауапкершіліктен қашу – бұл мәселенің тағы бір себебі. Өйткені, некелесу дегеннің өзі белгілі бір міндеттерді жүктейді, жауапкершілік артады. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Қазақстан Республикасының кодексінде неке (ерлі-зайыптылық) – ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді туғызатын, отбасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімімен жасалған еркек пен әйел арасындағы тең құқықты одақ деп көрсетіледі.

– Қазіргі таңда отбасын құруға ұлттық немесе қандай да бір басқа тосқауыл жоқ. Сондықтан, жастар жұбын таңдағанда, оның бойында өзіне ұнайтын мінез қырларын табуға тырысады. Болашақ отбасын құруда ерлі-зайыптылардың жас ерекшелік дайындығы ғана емес, олардың психологиялық даярлығы да маңызды орын алады. Отбасындағы қиындықтар, жағымсыз жағдайлар мен дағдарыстар – бүгінгі психология саласында көкейкесті мәселелер болып отыр. Өмірлік циклда кездесетін дағдарыс түрлеріне психологиялық білімі мен мәдениеттің төмендігінен көптеген отбасы бөгеттерден шыға алмай, кері кетіп, оны шешуге күш-жігер салуға жауапкершілік алмау кеңінен етек жайып барады. Қиыншылыққа дайын емес болып шығады. Содан кейін жауапкершілікті бір-біріне итеріп, бір-бірін кінәлайды. Әдетте, бұл – материалдық тұрғыдағы қиыншылықтар, – дейді отбасылық психолог Елена Костина.

Психологтың бұл пікірі «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институтының жүргізген зерттеу нәтижелерімен үндеседі. Былтыр «Отбасылық демографиялық саясат» тақырыбына жүргізілген әлеуметтік зерттеу некесін АХАТ органдарына тіркемей бірге тұра беретіндер саны екі есе артқанын көрсетіп берді. Олардың қатары 29-дан 45 жасқа дейін (6,1%) және 46-дан 60 жас арасын (5,1%) қамтиды. Некеден қашатындар саны тұратын орнына да байланысты екен. Қалалықтар арасында некесіз бас қосқандар екі есе көп болып шықты. Ажырасатындар да қала тұрғындары арасында екі есе жоғары. Олардың үлесі 8,6% болса, ауыл тұрғындары 5,4%-ды құрады. Балалардың басым бөлігі некесі бар толық отбасыларда тәрбиеленуде. Бұл көрсеткіш 61,6% болды. Дегенмен, некесі тіркелмеген отбасыларда өсіп жатқан балалар саны – 54,4%. Бір қарасақ, бұл да аз көрсеткіш емес.

Сауалнамаға қатысқан қазақстандық отбасылардың экономикалық жағдайына жасалған анализге сәйкес, некесі ресми тіркелген отбасылар арасында 8,5%-ы – кедей, 9,3%-ы – бай, 20,4%-ы орташа деңгейге жатады. Дегенмен, отбасылардың 60%-ының жағдайы орташадан төмен. Дәл осы жағдай некесіз тұрып жатқан отбасыларда айтарлықтай өзгереді. Олардың 24,5%-ы – халықтың кедей тобына жатады, байлары 3,5% ғана. Экономикалық жағдайы орташа дегендер – 14%, орташадан төмені – 56,1%. Баспана мәселесінде де осындай. Зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, бүгінгі қоғамда некесі тіркелмеген отбасылар экономикалық тұрғыдан жағдайы төмен деуге болады.

Алайда, ниеттерін заңды түрде растамай, бірге өмір сүру – жаңа ғасырдың өмір салтына, тіпті, сәніне айналып кетті. Дүниеге бала әкеліп, бірге мүлік жинап та заңдық тұрғыда бір-біріне «ешкім емес» болуы мүмкін. Және мұндай қатынастардың көбеюі отбасы институты түсінігін, бұған қатысты тұтас қоғамдық пікірді өзгертіп жатыр. Бір әттеген-айы – кейбір коуч психолог мамандар осыны насихаттауда. Бақыт – құжаттағы штампта емес немесе отбасы бір қағазбен өлшенбейді деген сыңайдағы пікірлер айтылады.

Дүркіретіп той өткізіп, некесін қиып, айдай әлемге жариялағандардың да ажырасып кетіп жатқандары баршылық. Бірақ, некесі тіркелген отбасылардың бір артықшылығы бар. Неке сәтсіз аяқталса (қазір жастар арасында осылай дейді) құқықтық тұрғыдан қорғаны болады. Онсыз арада қандай махаббат болса да, ол жай ғана бірге тұрған адам. Кетіп қалса, өз еркі. Ешкімге ештеңе міндетті емес. Бір балаң тұрмақ, бес балаң болса да, кейін бақыр тиын да ала алмайсың. Мұндай отбасындағы ананың да, баланың да құқықтары сақталмайды. Қазір өзіміз жиі естіп жүрген отбасындағы зорлық-зомбылық фактілері осындай отбасылардан шығып жатыр.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button