Өнегесі мол әдеби кеңес
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастармен кездесуінде «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген болатын. Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Қасым үйінде» «Өнер деген бір әлем» атты әдеби-сазды кеш өткізді. Кеш соңы алдыңғы буын ағалар мен кейінгі толқын інілер сұхбаттасқан әдеби кеңеске ұласты.
Шара басталмас бұрын жас қаламгерлер халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алған белгілі этнограф, жазушы Төрехан Майбасты сән-салтанатымен қарсы алды. Ән шырқалды, өлең оқылды, күй шертілді. Осылайша ғұмырын жазуға арнаған қаламгерге құрмет көрсетілді.
Содан кейін жиналған жұрт «Қасым үйінің» жиын залына жиналып, әдеби кеңес өткізді. Әдеби кеңесте Төрехан Майбас пен ардагер журналист Оралбек Жүнісұлы жас қаламгерлерге әдебиет төңірегінде өнегелі әңгіме айтты. Жастар өлеңдерін оқып, аға буынның пікірін естіді. Сәтті шыққан туындылар ескерілді. Сын да айтылмай қалған жоқ.
– Бұл шараның мақсаты – Қарағанды облысындағы, өңірлердегі жас жəне аға буын ақын-жазушыларды шақырып, тəжірибе алмасу, аймағымыздың мəдени саласына дем беру. Шығармашыл адамдар арасындағы достық пен шығармашылықты дамыту жəне кеңейту. Қарағанды төрінде талантты әдебиетшілердің басын құрап, бүгінгі әдебиет, оның ішінде Жаңа Қазақстан әдебиеті бағытын талқылау. Сонымен қатар, қарағандылық жас ақын-жазушылардың әлеуетін айқындау. Әдебиетке қоғамның назарын аударып, қызығушылығын арттыру, – деді Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат Жаңқашұлы.
Әдеби кеңеске қатысқан жас қаламгер Тілеужан Қамыспай мұндай кездесулер шығармашылығымызға тың серпін береді деген пікірде. Ол университет қабырғасына келгелі бері қалалық, аймақтық деңгейлердегі түрлі мүшәйраларға қатысып, жүлделі болып жүр. Былтыр поэзия кешін өткізді.
– Шығармашылыққа бет бұрған адам үнемі ізденісте жүреді. Кітап оқып қана қоймай, көпті көрген, тәжірибесі мол ағалардың әңгімесін тыңдаған абзал. Олар бізге бағыт-бағдар береді. Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы жас ақындардың қарым-қабілетін ұштауға бар жағдайды жасап жатыр. Осындай кездесулер, түрлі шаралар Қарағандыда жиі ұйымдастырылады. Ұйымдастырушыларға зор алғысымды білдіремін. Поэзия жасасын! – деді Тілеужан Қамыспай.
Шара соңында Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат Жаңқашұлы Жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі табысты еңбектерін бағалап, облыстың әдеби-мәдени өміріне белсенді қатысып жүрген ақын-жазушыларды Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновтің Алғыс хатымен марапаттап, арнайы дипломдарын табыстады.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz