АймақТеміртау

Теміртаудың 80 жылдық ғұмыры ертегіге бергісіз

Иә… Сонау 1944 жылдың 31 желтоқсанында Совет Одағының газеттері беттерінде Шығыс Пруссиядағы Кеңес әскерінің сенімді қадамымен алға басуы жөніндегі хабармен қатар «Қазақстандық болат бар» атты қысқаша жеделхат басылады, ал 1945 жылы 1 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Самарқан кенті Қарағанды қаласы аймағынан шығарылып, облысқа қарасты Теміртау қаласы болып қайта құрылады. Сол уақыттарда Совет үкіметінің, бүгінде егемен Қазақстанның экономикасына қомақты үлес қосып отырған Теміртау қаласының аты ел тарихына алтын әріппен жазылды. Бұл қаланың 80 жылдық ғұмыры ертегіге бергісіз.
Менің құрдастарым, яғни біздің буын 80-нен асқан шақта Теміртау қаласы да біздің өкшемізді басқан екен. Сонау 1958-1960 жылдары комсомолдық жолдамамен келгенде қаланың құрылғанына 13-14 жыл болған екен. Яғни түйдей құрдас екенбіз ғой. Шіркін-ау сонда Теміртау қандай, біз қандай болып едік?!

Ата кәсібіміз емес, домна, мартен пештеріндегі тілсіз жау – отпен арпалысуға бел шешіп, шындап кіріскен шағымыз еді. Ол кезде бізде мансапқорлық, дүниеқоңыздық дәл бүгінгідей рухани жұтаңдылықтағы басқа да адам табиғатына жат қылықтардан ада болатынбыз. Есіл-дертіміз еңбекқорлық, металлургияның тылсым табиғатын танып, бұрқ-сарқ еткен мылқау, дүлей алып күшін игеріп, ел игілігіне айналдыру болатын. Бүгінгі күннің асқар биігінен мойын бұрып, сол жылдарға зер салсақ, бойыңды мақтаныш сезімі билейді. Қарағанды металлургия зауыты сол жылдары жылына басқа өнімдерді былай қойғанда 21 млн тонна кокс, 10 млн тонна шойын, 6 млн тонна болат, 4 млн тонна тілкем шығаратын және де оны 20-дан астам шет ел сатып алатын. Әлеуметтік салаға деген жауапкершілік өте жоғары еді. Жылына тек қана металлургия комбинаты сол кездегі комбинат басшыларының іскерлігі арқасында 80 000 шаршы метр тұрғын үй салынатын. Ол уақыттағы ведомствалық жүйеге байланысты қаладағы тұрғын үй фондысының 87 пайызы металлургтердің қарамағында болатын да, барлық жоспарлы және күрделі жөндеу бойынша қала көшелерінің 92 пайызы, су жүйесіндегі құбырлардың 132 км жыл сайын ауыстырылып отыратын.

Аталған ведомствалық жүйе бойынша қала тұрғындарының күнделікті демалатын алып нысандар салуда Теміртау сол жылдары республика бойынша алдына жан салған емес. «Металлург» стадионы, Жастар жүзу бассейні, Тищенко атындағы Балалар саябағы, «Самал» профилакториясы, «Мұз айдыны» ғимараты. Аталған нысандардың көбі бұрын-соңды республикада болмаған еді. Мысалы қаламыздағы «Мұз айдыны» іске қосылғаннан бұрын мұндай нысандар не Қарағанды, не Алматы қалаларында жоқ болатын. Ең бастысы осындай демалыс орындарына мемлекеттің бюджетінен бір тиын жұмсалған емес. Өйткені бұл ғимараттар Қарағанды металлургия комбинатының және Қазметаллург құрылыс мекемелерінің қаржысына салынған болатын.

Теміртау тарихында адалдығымен, үлкен ұйымдастыру қабілетімен бүкіл елге мәшһүр ел құрметіне бөлінген азаматтар баршылық еді. Солардың бірі – Коркин, Мишин секілді азаматтар еді. 13 Социалистік Еңбек Ерлерін атасақ та жеткілікті болар. Осы ерлердің бесеуі өз ұлтымыздың ардақтылары.

Қарағанды металлургия институтын аттай 18 жыл (1970-1988 ж) басқарып, атақты өндіріс ұйымдастырушыларын оқытып тәрбиелеген Нариман Ишмухамедовты, Теміртау қаласында 1968 жылы еңбек жолын бастап, сол уақыттардағы халыққа тұрмыстық қызмет көрсету министрлігі 1970 ж, еңбек министрі 1990 ж, Балтық елдерінде (Латвия, Литва, Эстония) егеменді Қазақстанның елшісі (1995-1997) т.б жауапты қызметтер атқарған Саят Бейсенов, 1959 жылы Қазақстан магниткасына Қазақстан үкіметінің шақырылуымен 3 мың жастың қатарында келген, Егемен Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі 1991-1994 ж Төлеутай Сүлейменов, аты аңызға айналған нейрохирург Әнуарбек Ілдебаевты, Теміртау қаласының сол кездегі бас идеологі Н.Т Вахитованың есімін ерекше атап өткен жөн.

Мемлекеттік басқару жүйесіндегі айтулы істері елімізге белгілі, әсіресе Арқа өңірінің абырой-атағын аспандатып Қарағанды облысын 1979-1986 жылдары басқарған А.Коркинді, 2009-2012 жылдары басқарған С.Ахметовті, 1999-2006 жылдары басқарған К.Мұхамеджанов сынды азаматтарды арнайы атап өту парыз.
Батылдығымен, іскерлігімен танылған А.Коркиннің басқаруы кезінде облыстағы қазақ аудандарға екінші хатшы ретінде орыс азаматтарын жіберу тоқтатылды. Мені облыс­тық ауыл шаруашылық бөліміне бас маман қылып тағайындады, пәтер мәселесін де шешіп берген болатын сол кезде. Анда-санда ойға шомамын, Коркиннің жасаған осы батыл қадамы Совет үкіметінде бұрын-соңды болмаған оқиға болған шығар деп. Ал 1980 жылдың күзінде бүкіл КСРО қара металлургия саласында тұңғыш рет Қарағанды металлургия комбинатының директоры болып ұлты қазақ азамат – Махмуд Ақбиевтің бекітілгені бұрын-соңды болмағаны рас еді. КСРО экономикасына қомақты үлес қосатын алып өндірісті орыстан басқа ұлт өкілі басқаруға болмайтындай еді. Бұлжытпай орындалатын саясаттың құдіреті қалың мұздай сіресіп тұрған уақыт-тұғын. Сол уақытқа тас атып, мұздың тоңын жібітіп, ұлт кадрларына зер салған да осы А.Коркин болатын.

Ауыз толтырып айтар сөзге ие болған, әрине Серік мырза Ахметов. Аталмыш әкімнің тұсында әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз біршама жақсарып, елдің көңілі көтеріліп мәре-сәре болды. Қаланың реңі өзгеріп, бұрын-соңды болмаған қаланы абаттандыру жұмысы қарқындап, ел разы болды. Келе сала қазақ азаматтарын шақырып алып: «Қазақша газет ашыңыз­дар» деп тапсырма беріп, бізді састырғанын да аса бір жылы ілтипатпен еске аламын. «Серт пен сөзге ұмытшақтау өлкеде» (М.Шаханов) ашылған «Теміртау» газетіне жанашырлар (жазылушылар) азайып, жетімсірей бастағанда редакция алқасының қолтығынан демеген де осы Ахметов мырза еді. Қазақ деген ұлттың ұлы екендігін лауазымды қызметінен жоғары қоятынының айғағы бұл. Екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейтін мықтылық. Теміртау қаласы ежелгі қазақ жұртында тұрса да қазақтар – қазақ диаспорасы ретінде өмір сүріп жатқандығын бірден түсінген осы әкім болды.

Әр ортаның үлгі етіп, өнеге тұтып, қара тартып алда жүретіндердің, серкелердің, топ жарғандардың, айтқандары сыйымды, жарасымды, кесіп айтып іс тындыратын, еселеп айтып дүйім жұртты елітетіндердің алдыңғы қатарында бой көрсеткен, Қарағанды облысын жеті жыл басқарып «артынан сөз өргізбеген» Камалтин Мұхамеджанов болды.

Аймақты басқаруға К.Мұхамеджанов келе салып, Қарағанды қаласының бұрынғы Совет ауданын «Қазыбек би» ауданы деп өзгертіп бүкіл қазақ деген халықтың мерейін үстем етті. Оның тұсында Әл-Машани мешіті ашылып, ел-жұртын тығырықтан шығарып еді. Облысты жеті жыл басқарған уақытта талай-талай қысқа жіп, ұзын түйіннің шешімін тапқан адам еді.

Кезінде (2005 ж) «Теміртау тұлғалардың мекені» дегенді айтқан мен едім. Сол тектілердің 1950 жылы басталған тарихын кейінгілерге паш етсем, міндетімді атқарғаным болар.

Тілеуберді Смағұл,
еңбек ардагері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тіл жанашыры»
номинациясының иегері

Басқа материалдар

Back to top button