Өнегелі өмір иесі
Биыл ұлағатты ұстаз Шабал БЕЙСЕНБЕКОВА мерейлі 80 жастың сеңгіріне көтеріліп отыр. Талай шәкіртке тәлім-тәрбие беріп, қанат қақтырған мәртебелі мұғалімнің өмір жолы кейінгі жас буынға өнеге болары анық.
Өз саламыздың асылдарын кейінгі ұрпаққа танытып, үлгі-өнеге ету – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Әрбір ардагер ұстаздың өмір жолы мен жа- саған еңбегі ел есінде мәңгі сақталып, болашақта алтын әріппен жазылған ұлттық мұраға айналатыны анық. Осы орайда, облыстың білім басқармасының қолдауымен аймақта білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығында ашылған білім-инновациялық мұражайы ұстаздар, соның ішінде, жас мамандар үшін өте пайдалы мұрағаттарымен ерекшеленеді. Бұл жерде білім беру саласының майталмандары, ұстаздар жайында жазылған деректер мен кітаптар жетерлік.
Мұражайдағы ең ұлы құндылық – ол, әрине, жас ұрпаққа білім беруде талмай еңбек етіп, зейнетке шыққан, ұлағатты ұстаздар туралы деректер. Сондай өмірі өнегеге толы ұстаздардың бірі және бірегейі – Шабал Бейсенбекова.
Өз ісіне деген адалдығымен, шындықты бетке айтатын тік мінезділігімен, ана тіліне деген қамқорлығы, махаббатымен, сонымен бірге, ерекше шығармашылық қабілетімен талай биікке жеткен ұстаздан біздің үйренеріміз өте көп.
Мұражайда Шабал Бейсенбекқызы туралы Мейрамгүл Құрманалиеваның «Өнегемен өрілген өмір» атты кітабы бар. Кітапта Шабал апайдың балалық шағынан бастап, ұлағатты өмір жолы егжей-тегжейлі жазылған.
Балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына тұспа-тұс келіп, сол кездегі елдің қиын жағдайына, соғыстан кейінгі жоқшылықтың зардабына куә болған Шабал Бейсенбекқызы бардың қадірін біліп, қанағатшыл болып өседі. Әке мен шешенің берген тәрбиесінен болар, әрбір іске жауапкершілікпен қарайтын, ер азаматқа бергісіз қыз білім саласына келген күннен бастап, өзін суда жүзген балықтай сезінді. Себебі, әрбір шәкірттің көңілінен орын тауып, оларға білім беру, әрқайсының ішкі жан-дүниесін түсіну, бағыт-бағдар беру – Шабал апай үшін ең қызықты да қасиетті істей болды. Қазақ тілі мен әдебиетін жетік меңгеріп, қара сөздің жілігін шағып, майын ішкен, поэзия десе, ішкен асын жерге қоятын Шабал Бейсенбекқызы сүйікті ісіне барын сала кірісті.
Мамандық таңдауда қателеспегендігін өзінің білім беру ісіне деген құштарлығынан сезініп, ұстаздық қызметіне адал болу үшін қолынан келгеннің бәрін жасауға өзіне уәде берді. Уәдесінде тұрды да. Саналы ғұмырының қырық жылдан аса уақытын білім саласына арнаған Шабал Бейсенбекқызының тәлімі мен тәрбиесін алған қаншама шәкірт қазіргі күні әртүрлі салада еңбек етіп, ел игілігі үшін қызмет етуде.
Ел үшін еткен еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Шабал апай да еңбегі еленген жанның бірі. «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері атағына ие болды.
Шабал апай – аналық атына да кір келтірмей, тоғыз баланы дүниеге әкеліп, өсірген ана. «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейді» деген нақыл сөз осындай жандарға қарата айтылса керек.
Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА,
облыста білім беруді дамытудың
оқу-әдістемелік орталығы директоры.