Басты тақырыпТұлға

Өнегелі өмір

    Наурыз мерекесі қарсаңында әкімшіліктен үй телефонына қоңырау шалып, Қазыбек би ауданының әкімі құттықтап келетіні туралы ескерткен еді. Таң қалды, сеніңкіремегені рас…

Таған

…Әкесінің аржадан шегелеп, аяқ киім қалпына келтіріп берген тағанды ескі пимасының сыртынан шегендеп байлап алып, мектепке асыққан. Ашқұрсақ жүрсе де, сабағынан қалмау әуелгі әдеті. Ашқан қарын бір тойынар, сабақты өткізіп алса, қатарластарынан қалып қоюды өзіне ар санап, көктемгі еріген қардың суына, көшенің батпағына қарамай, мектепке асығып-ақ келеді. Пима деген аты. Тесілген жеріне қонышынан жамалып, әбден аяқ киім деген атынан айырылса да бары сол, жалаң аяғына киген пимадан өткен су аяғын қарығанын тіпті елең қылмай, жүгіріп мектебіне де жетті. Кіре беріс жерде қаз-қатар тізілген көп тағанның арасына өзінің де тағанын шешіп тастап, сабағына кірісті.

Жазғы демалысқа шыққаннан кейін колхоздың жұмысына кететін. Ер-азаматын соғысқа аттандырып, күні әйел мен қарасирақ балаға қараған колхоздың бар шаруасы болмаса да, біразын осылар атқарды. Еркелік танытып, түске дейін керіліп жату қайда. Өздері бекітілген колхоздың бір үйінің босағасынан орын алып, кешке жұмыстан шаршап келгенде сол беті құлай кетіп, таңертең жатқан орындарынан тұратын. Тамақ болса ішіп, болмаса қара суды да қанағат етіп, үш ай жаз қырман басында астық бастырып, сабаққа екі күн қалғанда колхоз председателі еңбекақылары үшін үш пұттан (1,6 кг) астық бергені бар. Өгіз арба жеккен үлкенді басшы етіп, бала-шағаны арбаның соңынан жаяу шұбыртып, үйлеріне қайтарды.

Қара қазан

Мектепті бітірген соң Қарағандыдағы Молотов атындағы екі жылдық мұғалімдер институтына оқуға түсті. Қазіргі Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың бас ғимаратының екінші қабатында сабақтары өтсе, үшінші қабаты жатақхана. Бір шалбар, бір жейдемен жүріп, сабақтан қолдары босай қалған уақытта доп ойнап уақыт өткізетін. Ал кешкісін сол жалғыз шалбарға су бүркіп сеуіп, астарына басып жатып, қырын сындырды.

Бірінші курстың ортасында, қаңтарда он күндік демалысқа жіберді. Қазіргідей сайрап жатқан асфальт жол қайда, Қарағандыға қайдан келіп, қайдан қойғанын білмейтін өңшең бала, әйтеуір біреулерден естіп жүріп, ат шанасы бар, жолды білетін бір адам тауып, стипендиядан жинаған азын-аулақ қаражаттарынан ақшасын төлеп, Қарқаралыдан оқуға келген екі ұл, екі қыз, жолға шыққаны бар. Ат шана алда, төртеуі соңында, Арқаның қақаған қысы. Киімнің жұтаңдығы мен жұқалығына ауылға асыққан көңіл қарай ма? Алты күн жолда жүріп, бет-ауыз тұрмақ, бүкіл денелері аяздан домбығып ісіп жетті үйлеріне. Өлтірмей жандарын алып қалғаны – жол бойында тұрған, шымнан салынған жаман үйлердің қорасы. Ол кезде оларды бекет деп атайтын. Қазір ол жерлер бір-бір ауыл, аудан орталығы.

Соғыстан кейінгі кез, қорада мал қайдан болсын, жаяу-жалпылы шұбырған жұрт кіріп жан шақырсын дейді ме, қалыңдап төселген шөп пен сабан төсек болды жолаушыларға. Жолай тұрған қай үйдің қорасына түнемесе де, ортада астына от жағылған қара қазанда су қайнап тұратын. Өздерімен бірге алып жүрген темір саптыаяқтарын толтырып ішіп жылынып, жан шақырды сол жерлерден. Жағдайлары болмай, Құдай айдап келген қонағын төріне оздырып, малын сойып, қазан көтеруге шамасы келмесе де, қорада қара су қайнаған қара қазан талайдың өміріне арашашы болды.

Ісіміз – адал еңбек

Институтты бітіргеннен кейін, Қарағаш колхозына тарих пәнінен мұғалімдікке жіберген. Аблан аталатын қыстақтағы ағаш үйден салынған мектепте біраз жыл еңбек еткеннен кейін қазіргі 1 Май совхозына мектеп директоры болып келді. 23-24 жастағы бойдақ, балаң кезі, жұмысқа бар ынта-шынымен кірісті. Өмірлік жарын да осы жерде жолықтырды. Алматы қыздар педагогикалық институтын бітіріп келген талдырмаш сары қыз бір көргеннен көңіліне жақты. Тағдырдың жазуы дейді оны өзі. Демалыс уақытында Қарқаралыда тұратын әке-шешесінің үйіне сұранған оны жібермеуді сылтау етіп, бар жұмысты үйіп-төккені қызғанғанынан болатын.

Тоғыз жылы мұғалімдікпен, жеті жылы директорлықпен өткен өміріне өкпесі жоқ, абыроймен атқарды. Еңбегі бағаланып, 1956-1976 жылдар аралығында Қарқаралы аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы, одан кейін он бір жыл бойы Совет атқару комитетінің төрағасының орынбасары, кейіннен аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Абыроймен зейнетке шықты, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы, дербес зейнеткер. Басқа атақтары да жеткілікті, олардың барлығы өз алдына жеке дүниелер…

Бақытты отбасы

…65 жыл бір шаңырақ астында бес бала тәрбиелеп өсірген жары Мәдиша Әрінова да 34 жыл мұғалімдік қызмет атқарды, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі. Кез келген қазақ әйелі сияқты еріне Құдайындай сыйынып өткен оған алғысы шексіз. Жұмыспен жүріп, бір-бірімізбен сөзге келмек түгіл, қабақ шытысуға да уақыт болмапты дейді. Балаларының жақсы адам болып өскені – жары Мәдишаның еңбегі. Бос уақыттары бола қалса, кітап оқумен айналысатын балаларымызды, бізден гөрі осы кітап тәрбиеледі дейді. Ол да рас шығар. Үйлерінде құнды қазынасы, үш мыңға жуық кітаптан құралған кітапханасы бар екен. Әлі күнге дейін көздерінің қарашығындай сақтап отыр. Жай кітаптар емес, өздері куә болған, өздері де қолдарымен жасаған тарих олардың барлығы. Өмірлеріне жол сілтеген, балаларының да адам болып қалыптасуына септігін тигізген құнды дүниелер.

Балалары ер жетті, әрқайсысы өз алдына жеке отау. Жанатбек – ауыл шаруашылық техника инженері, Гүлнар орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, абыройлы ұстаз, Гүлжахан – адвокат, Бейбіт – экономист болса, Раисасы – қаржыгер. Барлығы да өздері көрсеткен адал жолмен еңбек етіп, ел ырысын еселеп отырған азаматтар. Бес баладан 11 немере, 9 шөбере сүйіп отырған қадірлі ата мен әже бұл күні. Шынымен армансыз!

Сөз соңы…

Бұл – қиындыққа мойымаған, өмірі үлгі боларлық, адам атын абыроймен алып жүрген, жасы тоқсанға келген Мақыш Жұманбаевтың өмір жолынан үзінділер ғана.

…Сенбегенімен де, 22 наурыз күні Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна Шатохина өзі арнайы келіп, сый-сияпатымен құттықтап кетті. Біраз әңгіменің де басы қайырылды бірге отырып. Аумалы-төкпелі заманды басынан өткеріп, Тәуелсіздік жылдары еңбек етпесе де, еліне қалтқысыз қызмет ететін ұрпақ өсірген Мақыш ата мен Мәдиша әженің өмір жолы өздері құрмет тұтатын бір кітапқа арқау болары сөзсіз. Көрген бейнеттің орны көңілмен, ниетпен толатынындай, елінің тарихында, Қарқаралы тарихында өшпес орындарының бар екендіктері көңілді қуантады.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button