Жаңалықтар

Өнегелі кездесу

Қарағандыдағы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектепте Алаш көсемін еске алуға арналған «Әлем таныған Әлихан – Алаш ардақтысы» атты кеш өтті. Тарихи тағлымы мол жиынның құрметті қонақтарының қатарында есімі елге белгілі азаматтар болды.

Мектеп басшысы Мартбек Күзембаевтың айтуынша, шараның мақсаты – Әлихан Бөкейханның Алаш партиясы мен үкіметін құру жолындағы күресін, қызметін насихаттау және алаш арысының жүріп өткен өмір жолы туралы оқушылардың зерттеушілік-олимпиадалық еңбектерін тыңдап, бағалау, бағыт-бағдар көрсету.

Білім ұясына Әлихан Бөкейхан есімі берілуінде, мұражайының ашылуында ел азаматтарының сіңірген еңбегі зор. Бір айта кетері, Алашорда көсемінің мұражайы Ақтоғайда және осы мектепте ғана бар екен. Сондықтан, мұражай көпшіліктің қызығушылығын туғызған.

Іріктеліп алынған бес оқушының еңбектері ой тереңдігімен, сөз ұтқырлығымен, жоғары бағаланды. Осы жайттар ескеріле отырып, I орын – 9-шы сынып оқушысы Арайлым Ғиниатоваға, II орын – 10-шы сынып оқушысы Меруерт Мағауияқызына, III орын 10-шы сынып оқушысы Айзада Қалеловаға берілді.

Алаш арыстарын ұлықтау тек Әлекеңмен шектелмеуі керек. Тәуелсіздікті аңсап қаншама арыстарымыз мерт болды. Ұлтының болашақ бақыты үшін күрескен, сол жолда бойындағы күш-қайраты мен ақылойын, білім-парасатын аямаған бабаларымыздың қайраткерлігін кеңінен дәріптеген жөн. Жас ұрпақтың бойына ұлтжандылықты сіңдіру мақсатында «Алаш арыстарын оқып-үйрену» жобалық бағдарламасын жасап, облыстық білім басқармасына талқылауға ұсындым. Тұңғышбай Мұқан бауырым да осы мектепке ғалымның есімі берілуі үшін көп еңбек етті. Енді осы игі істерді жалғастыру – жастардың міндеті, – деді мектептегі Әлихан мұражайын ұйымдастырушы Тілеуғалы Әміртайұлы.

Басқа қонақтар да өз кезегінде алаш арысының өмірі мен шығармашылығына, елге сіңірген еңбегіне кеңінен тоқталды. ҚР Білім саласының құрметті қызметкері Ошақбай Суханберлин шараға жас ғалымдарға бағытбағдар көрсетіп, білім жолында сәттілік тіледі. Өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан да, Әлихан Бөкейхан жайлы алты түрлі өзекті мәселені тереңнен қозғай келе, жас ізденімпаз оқушыларды Алаш көсемінің туған жері – киелі Ақтоғайға саяхат жасауға шақырды. Өйткені, республиканың түпкір-түпкірінен жастар келіп танысып, білімдерін арттырып жататынын ел біледі. Сонымен қатар, мұражайға «Алаштың Әлиханы», «Ел тарихы – рухани қазына» атты екі танымдық зерттеу еңбегін сыйға тартты.

Кездесудің соңы Әлихан тақырыбына арналған мерекелік концертке ұласып, ақындар – Қайрат Асқар, Айнұр Жаппарқұлова жырдан шашу шашты. Жас айтыскер Нұрсұлтан Рымбайдың мектепке арнаған арнауы жұртты тамсандырды.

Ақпарат Ошақбай СУХАНБЕРЛИННІҢ фейсбук парақшасынан алынды.

Ықшамдап әзірлеген Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button