Руханият

Неге «жиен» демейміз?

Осы күні қыздан туған баланы «немерем» деп атайтын кісі қатары артуда. Қазақтың жиені қайда қалды сонда? Әрине, ата-ана қыздан туған баланы немереден кем сүймек емес. Бірақ, еміреніп, емешегі үзілгеннен жиенін немеремен шатастыруы бұл ұлтқа жат секілді. Сонымен, жиен атауынан неге жерідік?…

«Сулы жердің қасиеті – сағасында, нулы жердің қасиеті – ағашында, текті жігіт қасиеті – тегін қусаң, жанашыр жақтас болған нағашыда» деген қазақ.

Қыздан туған баланы қазақ ешқашан немере деп атамаған. Бұл кемсіту немесе бөлектеу емес, керісінше жиенге деген құрметтің, сыйластықтың белгісі. Алдымен жиен сөзінің төркініне тоқталсақ. Мұның уәжі тіпті қызық.

«Ертеде қыз төркіндеп, бала-шағасымен әке-шешесінің үйіне барғанда, нағашысы қызының баласына мал таңдатады екен. Бала қалаған малын таңдап, елінің енін салып кетеді. Күз шыға мал жетілген шақта, әлгі бала нағашылап келгенде, нағашысы: «Балам, жи еніңді!» деп малын жинап беретін болған. Халық аузында жиен атауы осылай пайда болған деседі.

Яғни, жиеннің нағашысына келіп, еркелеп, қалағанын алып кетуіне хақысы бар. Қазақы салтта жиеннің орны да, құқы да немереге қарағанда биіктеу. Өйткені, «жігіттің жақсысы нағашыдан» дегенде қыздан туған ұлдың көбінесе нағашысына тартатынын меңзегендей. Биологиялық сараптама жасаған ғалымдардың пікірінше, баланың қан құрамының 70 пайызы анасынан беріледі деген тұжырымдар бар. Бұл – философиялық ой һәм дана тұжырым.

Қазақ үшін жиен сөзі – ежелден қастерлі әрі қадірлі. Ата-бабамыз «Жиен назасы күшті» деп жиеннің көңілін қалдырмауға, барынша қамқор болуға, құрметтеуге тырысқан. Жиенге тек анасының туған-туысқандары ғана емес, бүкіл ауыл, ел-жұрт, нағашы болып есептелген. Дәстүр бойынша жиенді ренжітуге, қол жұмсауға болмайды. «Жиенге тисең қолың қалтырайды» деуде де мән бар.

Ертеде Қарсақ есімді төрт түлігі сай бай болған екен. Әлгі бай рулы елді аузына қаратқан адуынды болса керек. Осынау елге тұтқа болған байдың алыс-жақын маңайға аты шыққан желжетпес жүйрік аты болыпты. Әлгі тұлпарды бір күні жиені мініп кетіп, жемін аяғына түсіріп, салбөксе етіп әкеледі. Ат аяқтан қалған. Қара-құра қауым жиналып, қалың елдің наласына қалған жігітті жазаламаққа ортаға алады. Наласы емей немене бір байдың емес рулы елдің абыройына айналған аттың түбіне жеткен жігітке кешірім болсын ба?!

– Жо-жоқ – деп бай ебін тауып елін тоқтатады. Жалғыз қызынан туған жиеніне тигізбейді ешкімді. «Тәйт» деп қаумалаған қалың қараға бір ақырып, өткір көздерін жас жігітке қадай қолындағы бұзаутіс қамшыны қысыңқырап атты жетектеп алып кетеді. Сонда ана жерде жиенінің орнында өз кіндігінен туған бел баласынан немересі болса ана бұзаутіс қамшының тобылғы сабы сынғанша сабамас па еді?!

Жиен сөзінің қадірі қайда жатыр десеңізші…

«Қыздан туғанның қиығы жоқ» дейді. Бұл жиен өз балаң, бөтен емес дегені. «Жиен ел болмас, желке ас болмас» деген мақалды да «Жиен ел болады малды болса, желке ас болады жалды болса» деп қарсы мән-мағынасын, антонимдік қатарын қосарлап қоймап па еді?!

Жиеніне жүйрікті жетектетіп жіберген кешегі Ақан серінің нағашысы мал танымады дейсіз бе?! Таныды. Білді. Біле тұра жиенінің қолын қақпай, «жиенқұрыққа» іліп қоя берді Құлагерді.

Бұдан ілгері бір заманда бір бидің жиені нағашылап кеп жатады. Қорадағы қалың жылқының ішіне «жиенқұрықшылап» кіріп кеткен жиенінің соңынан би де кіреді. Ішінде бидің өзі бәсірелеп немересіне атаған шұбар тайы бар екен. Сол шұбарға әлгі жиенінің көзі түсіп, «осы шұбарды бер» деп жата қала жабысады. Би жиеніне ол немереме атағаным, басқа кез келгенін таңда, бұл шұбарға тие көрме дейді. Бірақ, жиені сол шұбарды бермесе, басқасын місе тұтпайтынын айтады. Қанша дауды ұршықша иірген би бұл жолы да байлам айтып жиенін сөзге тоқтатады. Ол жиеніне аман болса келесі жылғы жылқының шұбар төлінің бәрі сенікі болсын деп уәде береді. Айтқандай келесі жылы жиені тағы нағашылап келгенде Алланың әмірі қалың жылқының ішінде қырық сұлуға бергісіз қырық қара жорға биенің соңында қырық шұбар құлын еріп жүр екен. Осылайша уәдені Құдай сөзіне балаған би жиенінің құрығына қырық биені қырық құлынымен байлап қоя береді.

Атадан ұл туса да, қыз туса да, бала – бірдей. Баладан туған немере мен жиеннің айырмасы да бірдей. Ендеше, сан ғасырдың сара[1]бынан өткен туыстықтың тамаша атауларына адал болайық.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button