Өнеге мен өнер ұштасты
Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде мектеп оқушылары арасында «Күз аруы» байқауы өтті. Қатысушылар «Таныстырсам өзімді..», «Білімді мыңды жығар», «Өнерлі бала — елдің көркі», «Күзгі сый», «Күзгі сән үлгісі» атты 5 кезең бойынша бақ сынады. Қазақы тәрбие мен өнердің аясында олар өзара жеңімпазды анықтады.
Қазылар алқасы оң бағасын берді. Әр қатысушының өзіне тән ерекшеліктері дәл осы сайыс барысында шыңдала түскендей.
– Өте мәнді шара. Бұл байқаудың бір ерекшелігі қазақы дәстүр мен киім үлгісі, тәлім-тәрбие көрінісі айқын байқалады. Сондығымен қатысушылар елдің жүрегіне жол тапты. Әрине, сайыс болған соң бірі жеңімпаз болары анық. Десе де, қатысушылардың барлығы бірінен-бірі өткен өнерпаз екен, – деді Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының актеры Бауыржан Нұрмағанбетов.
Расында, тәрбиелік мәні зор байқаудың қатысушылары нағыз «Күз аруына» сай байқау өткізді. Олар әннен, биден, тіпті, актерлік шеберліктен де сайысып, әр қырларынан танылды. Сонымен, қазылар алқасының шешімі бойынша «Күз аруы» сайысының жеңімпазы болып, – № 4 арнайы мектеп-интернатының 7 «А» сынып оқушысы Гүлзат Алмат атанды. «Парасатты ару» аталымының иегері – № 4 арнайы мектеп-интернатының 5 «А» сынып оқушысы Жанбота Жанболат. Ал, «Көрікті ару» аталымын – № 53 мектеп-лицейінің 5 «А» сынып оқушысы Айару Темірбек алды. Сондай-ақ, «Кербез ару» номинациясының иегері – №65 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Айым Советова болды. «Өнерлі ару» деген аталым – № 8 жалпы білім беретін мектептің 6 «А» сынып оқушысы Мөлдір Сұрағанға бұйырды.
Барлық қатысушыларға дипломдар табысталды. «Күз аруы» сайысының жеңімпазына арнайы тәж кигізіліп, сыйлық тарту етілді.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz