Құндылыққа бағдарланған құжат
Баршаларыңызға белгілі, Қазақстан мемлекеті өзінің тарихында ең елеулі деген саяси реформа табалдырығында тұр. Ата заңымыздың жаңа нұсқасы демократиялық қоғам қағидаттарын толық қамтыған тарихи құжаттың жобасы ретінде халықтың талғам таразысына ұсынылды. Ең әуелі, бұл жобаның ресми биліктің шаблондық нұсқасы негізінде емес, алты ай бойы халықтан түскен 2000-нан астам ұсыныстар есепке алына отырып, 2025 жылдың 8 қазанында құрылған Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі арнайы жұмыс тобының егжей-тегжейлі сүзгісінен өтіп барып әзірленгенін ескергеніміз жөн.

Иә, бізді өзгерістер күтіп тұр. Уақыт талабын елемейтін, ескі сүрлеуден жаңылмайтын болсақ, бұл келер ұрпақ кешірмейтін тарихи қателік болар еді. Сондықтан, әлем өзгеріп, тұтас адамзат дәуірі цифрлық трансформация талаптарымен бетпе-бет келіп тұрған күрделі кезеңде бағытымызды айқындап, тарихи мақсаттарымызды пысықтап алуымыз керек. Оның үстіне, уақыт безбені, яғни, бүгінгі жаһандану дәуірі Мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлыққа емес, адами капиталға, ғылым-білім мен азаматтардың жетістігіне мүдделі екенін айқын сезіндіріп отыр.
Дүйім дүние, барша адамзат қоғамы түбегейлі бетбұрыстар жасап жатқан кезеңде бізге де жаңғыру міндеттері туындады. Дана қазақта «Таң атпайын десе де, күн қоймайды» деген қанатты қағида бар. Бүгінгі Конституциялық реформа – тура осы сипаттағы ахуал негізінде қолға алынып отырған саяси құбылыс. Өзгеріске біз бармасақ, өзгеріс өзі келеді. Өйткені, тұтас әлем өзгеріп жатыр.
Ал, енді әңгіме желісін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия бір аптадан астам уақыт бойы жан-жақты талқылап, 30 қаңтар күнгі шешімімен қабылдаған Ата Заңның жаңа редакциясы жайына бұрайын.
Президент Жарлығымен құрылған Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамына еніп, осы бір тарихи маңызды кезеңде ел болашағы үшін пікір білдіріп, ұсыныс айту мүмкіндігіне ие болғаным маған зор жауапкершілік жүктеді. Комиссия мүшесі болу мансап емес, ұлы мақсат екенін түсіндім. Жасыратыны жоқ, кейде атқарушы биліктің көңілге қона қоймайтын шешімдері мен жобаларын сынаған кездеріміз болады ғой. Әр нәрсенің байыбына бармай, оның қалай әзірленгені, қандай дәрежеде талқыланғаны туралы бейхабар бола тұра, пікір білдіруге асығатынымыз да бар. Комиссияның алғашқы күнінде-ақ бәрін оңай көретін, келте ойлайтын сәттер бәрі көз алдыма келді. Ойландым, ойландырды.
Комиссия құрамында елімізге белгілі ғалым-заңгерлер, қоғам қайраткерлері, қоғамның белсенділерімен бірлесе жұмыс жасадық. Әркімнің ойы – әрқалай. Жұмыс секцияларындағы пікірталастар мен ой талқысы – мүлде бөлек әңгіме. «Инемен құдық қазғандай» қыруар еңбек жасалды. Мүдде ортақ болғанмен, пікір алуандығы, комиссия мүшелерінің білім-білігі мен ел тағдыры жолындағы жауапкершілігі ешкімнің бұл жұмыс тобына кездейсоқ келмегендігін танытты. Бір-бірімізге өкпе арта тұрып, ортақ мәмілеге келдік.
«Комиссияның құрылуын секторлық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өтудің көрінісі ретінде қарастыруға болады. Оның алдында маңызы ерекше тарихи миссия тұр. Ол – бір жағынан Ата Заңда конституциялық құрылыстың негізгі принциптерін сақтау, екінші жағынан қазіргі заманғы сын-қатерлерге лайықты көзқарасты білдіру мүмкіндігін қамтамасыз ету», – деді Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Азимова. Бірнеше күнге созылған талқылауда және негізгі шешім қабылданар тарихи сәтте барлық комиссия мүшелері осы талап үдесінен шыға білді.
Сонымен, түпкі нәтиже қандай?
Бүгін сіздер танысып отырған Конституцияның жаңа редакция жобасының 84 пайызы жаңадан жазылды. Мен комиссия мүшесі ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың V отырысындағы бастамасы негізінде жаңадан құрылғалы отырған Халық Кеңесінің өкілеттігі мен қызметі жөніндегі құқықтық нормаларға Конституцияның жаңа редакциясында басымдық беру туралы ұсынысымды ортаға салдым.
Комиссияның барлық отырыстары ашық форматта өткізіліп, тікелей эфир арқылы барша қазақстандықтардың назарына ұсынылды. Сәт сайын барлық деңгейдегі БАҚ-тарда шынайы ақпарат беріліп отырды. Әлеуметтік желілерде комиссияның әр күнгі жұмысы жайлы ілеспелі талқылау туындап, сыни көзқарас та, қолдау пікірлер айтылып жатты. Қарапайым азаматтардың бұл бағыттағы пікірлері қазақстандық қоғамда шынайы демократия қалыптасқанын аңғартады және мені ел азаматтарының саяси реформаға немқұрайды қарамайтыны қуантты.
Дегенмен, мемлекеттік тіл, жер сату мәселесіне қатысты жаңсақ пікір айтып, жалған ақпарат таратып жатқан замандастарымыздың болғаны да жасырын емес. Қоғамда өзіндік орны бар, жалпы халық зиялы санайтын, өзім ерекше құрметтейтін кейбір жандардың қиғаш пікір айтып, орынсыз сын жазғаны оғаш көрінді. Әрине, еліміздің болашағы, тіл саясаты, басқа да рухани құндылықтар жөніндегі мәселе бәрімізді де толғандырады. Дәл бүгінгідей жауапты сәтте біздің замандастарымыз парасатының пайымына арқа сүйеп, шынайы патриоттың сөзін сөйлесе екен!
Сондай-ақ, бүгінгі таңда қызу талқыға түсіп жатқан тіл саясаты мен жер сату мәселесіне қатысты комиссия ұстанымы туралы мағлұмат бере кетейін.
Қазіргі қолданыстағы Конституцияда қазақ тіліне ерекше мәртебе берілген. «Қазақ тілі – Мемлекеттік тіл» деп, «тайға таңба басқандай» айқын нақтыланған. Мемлекеттің тілге деген құрметіне өлшем боларлық норма бар. Іс жүзінде де Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту жөнінде де қыруар жұмыс жасалып жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегідей емес, бүгінгі таңда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының беделін көтеру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен «Қазақ тілі» қоғамын қаржыландыру мәселесі түбегейлі шешілді.
Ал, жер мәселесіне келетін болсақ, қолданыстағы Конституцияның 6-бабы 3-тармағындағы жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар туралы тұжырым өзгертілген жоқ. Әлеуметтік желідегі ақпарат – жалған.
Ата Заңымыздың жаңа редакциясы халықтың ашық талқылауына ұсынылды. Талқылау барысында әлгіндегідей жалған ақпарат таратып, жаңсақ пікір айтудан сақ болсақ екен. Конституция – мемлекеттігіміздің негізі, болашағымыздың кепілі. Конституция арқылы барлық заңдарымыздың құқықтық нормасы нақтыланып, бағыты айқындалады. Қазақстандық халық Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі ретінде бекітілген жаңа жобаны байыппен талқылап, парасатпен қабылдау керек деп ойлаймын.
Сонымен, Конституция жобасының негізгі басымдықтар қатарында келесі өзгерістерді атауға болады:
– 145 депутаттан тұратын және жаңа, кеңейтілген өкілеттіктерге ие бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай құрылады. Оны құру кезінде пропорционалды сайлау жүйесі қолданылады, ал, депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жылды құрайды.
Пропорционалды жүйе партиялардың кадрлық саясатын дамытуға, олардың институционалдық рөлін арттыруға және саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді.
– Жаңа жалпыұлттық диалог платформасы – Қазақстанның Халық Кеңесі құрылады, ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайдың стратегиялық функцияларын жалғастырады. Бұл Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін, заң шығару бастамасы құқығына ие жоғарғы консультативтік орган болады.
– Вице-президент институтын құру. Ол ҚР Президентінің атынан Қазақстан мен шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырады.
– Адвокаттық қызметке және адвокатураға арналған арнайы бап алғаш рет Конституцияда бекітіледі.
– Зияткерлік меншік құқығын қорғау қамтамасыз етіледі.
Қорыта айтқанда, Конституцияның жаңа редакциясындағы басты ерекшелік – оның адам құқықтарына бағдарлануы. Осындай салмағы, басқа да бағыттары мен ерекшеліктері ресми ақпарат көздері арқылы насихатталып, халыққа ұғынықты тілде түсіндірілуі керек. Сонда ғана жарқын болашаққа кепіл болар Ата Заңымыз кепілдіктеріне қол жеткіземіз.
Баршамыздың тағдырымыздағы тарихи сәтте даналықтың тамаша үлгісін көрсетейік!
Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі



