Құнды аспаптың құпиясы
Түркі баласының мына дүниедегі мұңына, сағынышы мен қайғысына қатар ортақтасып, шер тарқатар ежелгі аспабы – қара домбырасы. Атақты саяхатшы Марко Поло жазбасында: «Домбыра деген аспапты көшпенді түркілердің қолынан бірнеше рет көрдім. Олар шайқас алдында сол домбырамен рухқа толы жырларды орындап, өздерін алдағы соғысқа дайындайды», – деген. Сонда осы бір құпияға толы құнды аспаптың аңызы һəм түпкі сыры неде?!
1990 жылы Зайсанда болған əрі «Зайсан зілзаласы» деген атпен тарихта қалған жер сілкінісі кезінде біршама үйдің қабырғасы қақырап, төбесі ортасына түскен. Табиғи апаттың күші 7-8 балдық болғаны сонша, тіпті мызғымас қабырғалы мекемелердің өзі жермен жексен болды. Бір таңғаларлығы домбыра, қобыз ілінген үй қабырғалары ғана аман сақталған деседі көзкөргендер. Міне, қара домбыра қасиеті қайда жатыр десеңізші?!
«Қазақ!» деп етігі мен су кешкен кешегі Мұстафа Шоқайдай ұлт жанашырының да қара домбыра қасиетіне тəу еткен оқиғасы ел есінде.
Мұстафа Шоқай Парижде эмиграцияда жүргенде сол жердегі музейдің біріне бас сұғады. Қасында жары Мария бар. Екеуі тарихи сан сыры бар экспонаттарды тамашалап жүріп, Мұстафа Шоқайдың көзі көне домбыраға түседі. Ежелден ел мұрасына айналған домбыраны көріп, Мұстафа егіліп жылайды екен. Мұны байқаған жары музей басшысымен сөйлесіп, əлгі домбыраны күйеуіне алып береді. Мұстафа домбыраны қолына алып, қуанып, атажұртқа деген сағыныштан аққан көз жасын құрғатып, домбыраны иіскеп, сүйіп алып, қазақтың түрлі көне күйлерін төгілте жөнеледі. Жəдігер тамашалау ға келген барша қонақ бір бұрышқа жиналып, қара домбырадан туған қоңыр үннің айналасынан табылады. Селт етпестен тыңдаған жұрт таң-тамаша болып, аспап үнімен сиқырлы сазына қайран қалысады.
Расында, кешегі Кетбұғаға серік болған домбыраның сыры да, аңызы да айтарлық-ау.
Ертеде төрт түлігі сай, бай болған деседі. Əлгі байдың ай десе аузы, күн десе көзі бар жалғыз қызы кедей бір жігітке ғашық болған екен. Күндердің күнінде қыз əлгі жігітпен көңіл жарастырып, жүкті болады. Хан құлағына хабар жетісімен ол қаһарына мініп, жендеттеріне жігіттің басын алуды бұйырады. Осылайша қос ғашықтың бақыты ұзаққа бармайды. Арада айлар өтіп, қыз босанып егіз бала табады. Бірі – ұл, ал, бірі – қыз. Бай босағадағы қара кемпірге егіздің көзін құртуды тапсырады. Жаңа босанған келіншек аз талықсып көзі ілініп кеткені сол еді қол-аяғын жел қаққан, сіңірлері шодырая шығып, жақ сүйегі жақпарланған сұрықсыз, сұмпайы кемпір бесіктегі қос егізді ұрлап əкетеді. Екеуін елсіз бір жердегі теректің басына бірін шығысқа, ал бірін батысқа қаратып ішектерінен іліп кетеді. Егіздердің шырылдаған дауысы шартарапқа естіледі. Жан тебірентіп, жаға ұстатар жайды тек хан мен кемпір ғана біледі. Қос сəбидің көз жасының тамшысынан ағаш діңгегі қуысталып, тамырға тиген ащы жастан ағаш өспей қурап қалады. Арада біршама уақыт өтіп, қыз қос перзентінен күдерін үзе алмай оларды іздеуге аттанады. Бір жерлерге жетіп, темір таяғы тебендей, темір етігі теңгедей болғанда шаршап-шалдығып, қураған қу теректің түбіне бас қойып, көзі ілінеді. Қос баласының шырылдаған ащы дауысынан оянып кетеді. Түсінен шошып оянған сəтте құлағына өзгеше үн келеді. Əдемі əуен қос дыбысты үндескен болып естіледі. Терек басын тербеген желдің лебіне қарай əуен одан да əсерлі естіле түседі. Үннің бірі бос, мұңлы шығып, бірі ащы əрі зарлы естіледі. Қыз үннің қайдан шыққанын анықтамақ болып, тал басына шығады. Тамыры қурап, өзегі кепкен терек сол екі ортада морт етіп қирайды. Ағаш дəл ішектер тартылған басымен ащы жастан қуысталған діңгегінен сынады. Қыз əлгі ағаштың ішегі бар бөлігін алып, қуысталған екінші шетіне кере тартып байлап саусақтарын тигізіп көргені сол еді. Мұңлы-зарлы қос үнді естиді.
Қалың қазаққа аян қара домбыра аңызы міне осы болар бəлкім?…
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz



