Құнды қағаз – құтты орнында
Абай әлемі әлі зерттелуде. «Жақында ғана 1885 жылы Абай би болып сайланғанда қабылданған жарғы музейге қойылды» деген жақсы жаңалық көңілімізді тоғайтты. Демек, Алаш руханияты тағы бір құнды құжатпен толықты деген сөз.
2018 жылы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы қызметкерлері Қазан қаласына сапар жасаған кезде заңдар жинағын тапқан. Қарамола жарғысы – адам құқығы мен бостандығын қорғау туралы ережелер жинағы. Кодекс 1885 жылы Қарамола елді мекеніндегі съезде, Абай жоғарғы би болып сайланғанда қабылданған. Кейін Семей әскери губернаторының бұйрығымен Қазан университетінің баспасында араб әліпбиімен шығарылған.
– 1885 жылы Қарамола елді мекенінде билердің съезі өтті. Сол съезде Абай жоғарғы би болып сайланды. Ресей үкіметінің жергілікті өкілдері хакімнен заңдар жинағын жазып беруді өтінген. Үш күн ішінде билермен кеңесе отырып, Абай осы жарғыны шығарды, – дейді Абай атындағы музей директоры Мейрамгүл Қайрамбаева.
Жарғының тек кирилл қарпімен жазылған нұсқасы Семейдегі музейде 60-шы жылдардан бері бар. Түпнұсқасы енді табысталды. «Енді зерттеушілер кирилл қарпімен машинкамен жазылған көшірмесін түпнұсқамен салыстыра алады. Сонымен қатар, бірқатар мәселелерге нүкте қойылады. Себебі, бұған дейін кейбір тараулар бойынша дау-дамайтуындаған еді. Кирилл қарпіне аударғанда да қателіктер кетуі мүмкін. Зерттеушілер үшін бұл – өте үлкен олжа», – деді музей директоры.
Қасымхан ҒАЛЫМ.