Басты тақырып

Өндірістік революция: Қарағанды қалыс қалмайды


Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ біздің облысқа жұмыс сапарымен келген болатын.
Үкімет басшысының Жезқазған, Сәтбаев қалалаларынан басталған сапары облыс орталығында жалғасты.

Зиялы елдің зияткер буыны

Алдымен, Бақытжан Әбдірұлы Қарағанды жоғары политехникалық колледжінде болып, жоғары оқу орындарының және колледждердің басшылығымен, студенттерімен, «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алушылармен, студенттер ұйымдарының көшбасшыларымен кездесті.
Премьер-Министр аталған колледждің тыныс-тіршілігімен, қарағандылық жас өнертапқыштардың қолынан шыққан туындыларымен танысты. Бұл оқу ордасы 1931 жылы құрылған. Қазіргі таңда колледж студенттері 17 мамандық бойынша білім алуда. Бұдан бөлек, ақпараттық қауіпсіздік, мобильді байланыс, мехатроника және газ шаруашылығы бағыттарын ашу көзделген. Басқа өңірлерден келген студенттерге арналған 80 орындық екі қабатты жатақхана және 150 орындық «Жастар үйі» де – колледждің еншісінде.
Жиында Мемлекет басшысының Жолдауларында, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» қарастырылған жаңа экономикаға мамандарды даярлау, білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту мәселелері талқыланды.
Бақытжан Сағынтаев басқосуды аша отырып, әр өңірге жұмыс сапарлары барысында жұмыс істейтін жастармен және студенттермен міндетті түрде кездесетінін айтты.
– Қарағанды өңірінің студенттері әрқашан жаңа идеялар ұсынумен және зияткерлік құндылықтарымен ерекшеленеді, – деді Премьер-Министр.

Білім саласындағы
бүгінгі талап

Басқосуда мәлім болғандай, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру үшін Үкімет нақты іс-шараларды және іске асыру мерзімдерін қамтитын Жол картасын қабылдаған.
– Қазіргі күні елімізде әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар басталды. Алға қойылған тапсырмаларды орындау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр, – деді Бақытжан Сағынтаев. Сондай-ақ, Үкімет еңбек нарығының инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жұмыстарды жүйелі жолға қойған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова баяндама жасады.
– Уақыттың талабы жаңа технологияларды игеруге міндеттейді. Яғни, мамандықтардың да қатары қоғам қажеттілігіне орай өзгеріп, түрленіп отырады. Бұл ретте, бірінші болып білім беру саласы жаңартылып, жаңғыртылуы тиіс. Жас буын да талпыныс жасап, білімі мен біліктілігін үнемі арттырып отыруы қажет. Мәселен, алдағы уақытта «медициналық роботтар операторы», «виртуалды әлем дизайнері» сияқты мүлдем жаңа мамандықтар оқытылады.
Қоғамды «цифрландыру» жолында әр саладағы роботты техникалардың үлесі артады. Осы тұста дуалды білім беру жүйесінің маңыздылығын да ұмытпауымыз қажет.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бүгінгі күннің сұранысына ие мамандықтар тізімін сараптап отырады, – деді М.Әбілқасымова.

74 мың грант бөлінеді

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова Президенттің «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты үшінші бастамасын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді.
– Елбасы тапсырмасына орай, биыл бөлінетін білім беру гранттарының саны 74 мыңды құрайды. Оның ішінде, техникалық мамандықтарға 22 мың грант қарастырылған, – деді Б.Асылова. – Сондай-ақ, еліміз бойынша 13000 жас «Серпін» бағдарламасы арқылы білімін жетілдіруде. Олардың 3 мыңы – Қарағанды облысында.
Вице-министр индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асыру, нанотехнологияларды оқыту жолындағы көшбасшы университеттердің жұмысына оң баға берді. Мәселен, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде жаңа зертханалар ашылып, оқу үрдісін ағылшын тілінде (20%) жүргізу жүйелі жолға қойылған.
Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар да жиыннан тыс қалмады.

Ашық пікір алаңында

Студенттерді ашық пікір алмасуға шақырған Бақытжан Сағынтаев мемлекет тарапынан жас буынға әрдайым қолдау барын айтты.
Кездесу барысында Қарағанды техника-құрылыс колледжінің директоры С.Балабекова колледжде әлеуметтік бастамаларды іске асыру мен инклюзивті білім берудің қолжетімділігі туралы айтып берді.
Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенті С.Норматов жаңа экономика жағдайында мамандарды даярлау үшін «Worldskills International» қозғалысының маңыздылығын сөз етті. Қосарлы білім беру, өндірістік тәжірибеден өту, колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы туралы Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері К.Тұрғамбек баяндады. Қарағанды техникалық университетінің 3 курс студенті Ж.Арғынбай «Серпін» жобасы аясында тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту мәселелерін алға тартты. Ал, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 2 курс студенті О.Калмыкова білім сапасын сақтандыру мәселелері туралы сөз қозғады.

Математикадан
мүдірмеу қажет

Үкімет басшысы білім берудегі оң өзгерістер мен сын-ескертулерін де ортаға салды.
– Біз үшін жас буынның сапалы білім алғаны аса маңызды. Мысалы, «цифрландыруға» басымдық берсек, математикалық біліміміз терең болуы тиіс. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, аталған пән бойынша өткізілетін жарыстарда көбінесе 7 сыныпқа дейінгі оқушыларымыз жоғары жетістіктерге жетеді. Яғни, математика пәні 7 сыныпқа дейін ғана дұрыс оқытылады немесе ұл-қыздардың 7 сыныптан кейін бұл пәнге деген қызығушылығы төмендейді. Осы мәселені оңды шешу қажет. Сондай-ақ, математика және информатика пәндерін оқытуға жіті назар аудару қажет, – деді Бақытжан Сағынтаев. Сондай-ақ, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қанатты сөзді де қаперге салды.
Осылайша, елдің Премьер-Министрі білім беру, маман даярлау саласындағы бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды. Мемлекет басшысының негізгі салалардың бәсекеге қабілеттігін арттыру арқылы экономикалық өсімнің жаңа моделін дамыту туралы жүктеген міндетін еске салды.

Жас маманға – даңғыл жол

Бақытжан Сағынтаев шетелдік инвесторлардың өңірлерде салып жатқан жаңа кәсіпорындарына қажетті мамандарды дайындаудың маңыздылығына назар аударып, техникалық мамандықтарға деген сұранысты зерделеу үшін ЖОО-лар мен колледждерге осы өндірістердің ационерлерімен байланыс орнатуды тапсырды.
Үкімет басшысы мысал ретінде мұнай-газ секторына мамандарды дайындайтын Атырау облысындағы колледждердің бірінің табысты тәжірибесін атап өтті. Жалпы, Қазақстанның барлық облыстарында осындай колледждерді ашу жөніндегі Үкіметтің шешімі шыққан. Бақытжан Әбдірұлы бұл бастамаға да жан-жақты тоқталып, маңызы мен күтілетін нәтижені тарқатты.
– Еңбек нарығын үнемі зерделеу қажет, студенттерге оқулары аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасу үшін бос орындар туралы ақпарат беріп отыру керек, – деген Премьер-Министр жоғары немесе арнайы орта білім беруде әрбір саланың сұранысын ескеру мәселесін де алға тартты.

Жүктелген міндет – зор

Бақытжан Сағынтаев Қарағанды жоғары политехникалық колледжіндегі кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі Ерлан Қошановқа және тиісті министрліктер басшылығына қозғалған барлық мәселелерді бақылауға алуды тапсырды. Бұл қатарда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылған оқулықтарды оқу үрдісінде көптеп пайдалану, «мобильді академия» қосымшасын пайдаланудың ауқымын кеңейту сияқты маңызды бастамалар бар.
– Жалпы, Қарағанды өңірінің білім беру саласы ертеден-ақ іргелі, негізі тереңнен бастау алады, – деген Бақытжан Сағынтаев еліміздің индустриялық орталықтарының біріне саналатын өңірде білікті мамандар даярлау ісіне жеміс тіледі.

«Сарыарқадағы»
келелі кеңес

Премьер-Министр екінті кезінде «Сарыарқа» арнаулы экономикалық аймағында облыс активімен және кәсіпкерлер қауымдастығымен кездесті. Онда төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде Қарағандының қандай қарекет қылып отырғаны, Елбасы Жолдауындағы міндеттердің жүзеге асуы талқыланды. Сонымен қатар, Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында кеншілер мекенінің даму тетіктерінің жай-жапсарымен танысу мақсатында келгенін атап өтті Премьер-Министр. Еске сала кетейік, осы күні Үкімет басшысы бұған дейін Жезқазған өңіріне арнайы барып қайтқан болатын.
Кеншілер аймағының мемлекет жүктеген міндетті орындап, белгіленген межеден көрінуі үшін әлеуетінің қандайлығы туралы облыс әкімі Ерлан Қошанов баяндады.

Дамуда оң серпін бар

Жалпы, Қарағанды облысының экономикасында өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуда оң динамика сақталып отыр. Негізгі көрсеткіштерде жағдай тұрақты. Экономиканың нақты секторында барлық салаларда өндіріс өсімі қамтамасыз етілген. Нақтылағанда, өнеркәсіпте – 4,1 пайыз, құрылыста – 8, 6 пайыз, ауыл шаруашылығында – 1,6 пайыз шамасында. Инвестиция саласында да өсім бар. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша ол өсім – 10,2 пайыз.
Қарағанды — еліміздің ең ірі өндірістік орталығы. Өңірдің ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп үлесі 50 пайызды құрайды. Жалпы, облыс тек әрекеттегі ірі өндірістерге иек артып отыра бермек емес. Сондықтан облыста қазіргі таңда шамамен 6 мың жұмыс орнын құрайтын 26 жаңа ірі инвестициялық жоба бар (әрқайсысы бір миллиард теңгеден асады) және 48 өңірлік деңгейдегі жоба іске асырылу сатысында тұр. Бұл жобалардың басым бөлігі өңдеу саласында және ондағы еңбек өнімділігін арттыра түспек. Мәселен, алтын өндіруші «Алтын алмас» және болат құймаларын дайындайтын металлургиялық кәсіпорындарын кеңейту алдағы жылдары экономикаға 1,3 трлн.теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аймақтың екінші бір ден қойған жаңа бағыты және бар. Ол – өнеркәсіп қалдықтарын екінші қайтара өңдеу. Бұл бағытты аймақ Елбасы Жолдауда қойған міндеттер аясында дамытуда. Балқаш байыту фабрикасының қалдықтардынан темір кені концентратын алу табысты іске асып отырса, Қарсақбайда техногенді-минералдық қалдықтардан мыс алу зауытының құрылысы жүргізілуде.

Сандық технология
сапаға бастайды

Ал, өнеркәсіптер мен өндіріс орындарының цифрландыруына келсек, аймақ басшысы қазіргі уақытта жаңа жобалардың көпшілігінің – еңбек өнімділігі жоғары болатын өнеркәсіптік интернеті бар құрал-жабдықтармен қамтылғанын айтады. Ескі көліктерді утилизациялайтын зауыт – соның бір мысалы. Ал, әрекеттегі кәсіпорындар үшін бұл – модельді цифрлы фабрикалар тәжірибесі болмақ. Облыста мұндай қанатқақты жоба – «Евразиан фудс» май өнімдерін шығаратын зауытта қолданылатын көрінеді. Кейін бұл тәжірибе өзге фабрика-зауыттарға таратылмақ екен. Нақты сектордың жаңа технологияларға сұранысын ынталандыру мақсатында аймақта Ғылым және инвестиция, технология кеңесі құрылғанын да атап өтті аймақ басшысы. Бүгінде кәсіпорындармен бірлесе ғалымдар 50-ге жуық ғылыми жобаларды талқылауда. Кеңес өзге де өңір үшін маңызды мәселелерді назарда ұстайды. Мәселен, маманмен қамтылу.
Шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндай отырып, Ерлан Қошанов өндіріс көлемі алғаш рет триллион теңге деңгейіне жақындағанын атап өтті. Бір жыл ішіндегі өсім 12% құрады. Сонымен бірге, бизнесті жүргізудегі әкімшілік кедергілерді азайту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы тексерістер саны 20 пайызға қысқартылды, осы жылдың аяғына қарай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тағы 30 пайызға азайту жоспарланған. Сонымен қатар, бизнеске қызмет көрсету шаралары да жетілдірілуде. Оның ішінде, оқыту, қолдау бар.
Ал, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы бір жылда 250 жоба қолдау тапқан. Бұл жобалардың жалпы құны – 1,5 млрд.теңге. Әр салынған 1 теңге субсидия 20 теңге экономикаға пайда әкелмек. Бұл бағдарламаға аймақ басшысының айтуынша, сұраныс жоғары. Сол себепті жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлу көзделген.
Сонымен бірге, жаппай цифрландыру кадр әлеуетінің бейімделуін, сондай-ақ жұмыстан босатылған адамдарды еңбекпен қамту шараларын қабылдауды талап етеді. Бір жыл ішінде облыс экономикасының барлық салаларында шамамен 10 мың жаңа жұмыс орнын, оның ішінде 6 мыңын тұрақты жұмыс орны ретінде ашу көзделген. Бұдан өзге, 104 мың адам компьютерлік сауаттылыққа оқытылады, бұл халықты тұрмыстық және әлеуметтік салаларда цифрландыруды енгізуге дайындайды. Былтырғы жылы компьютерлік сауаттылық 84 пайызды құраған.
Денсаулық сақтау саласында кешенді ақпараттық жүйе жасалған. Ол республикалық 5 жүйемен бірдейленген. Алдағы уақытта 12-сімен интеграциялау жоспарда. Цифрлық қызмет көрсету жолға қойылған. Қарағанды облысының 150 мың тұрғыны «ДамуМед» қосымшасын қолдануда. Жылдың соңына дейін барлық емханалардағы тұрғындарда электронды карта болады.

Мүмкіндік – айқын,
мәселе – шешімде

Жалпы, дамудың жаңа мүмкіндіктерін айқындап алған аймақ оны іске асыруға көшкенін жеткізді облыс әкімі. Сонымен бірге, «Бес әлеуметтік бастама» бойынша шаралар қолға алынған. Дегенмен де, әлі де үкімет тарапынан қолдауды қажет ететін мәселелер де жоқ емес. Облыс әкімінің айтуынша, Қарағанды-Жезқазған-Теміртау қалаларына газ таратушы желілерді тартуда қаржылай қолдау қажет. Екінші, «Сарыарқа» АЭА-ын одан әрі толтыру және дамыту үшін үшін қосымша электрқуатын 600 м/ватқа дейін кеңейту керектігі күн тәртібіне шығып отыр. Үшінші, облыс орталығын дамытуда жылумен жабдықтаудағы қуаттың кемдігі қолбайлау болып отырса керек. ЖЭО-да жылу профициті бар. Сондықтан жылу өндіруде жаңа технология қажет. Осыған орай, аймақ басшысы Үкімет басшысынан қолдау көрсетуді өтінді.

Цифрландырудан өндіріс
құр қалмайды

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өнеркәсіп пен жүйе құрушы кәсіпорындарды цифрландыруға тоқталды. Кәсіпорындарды цифрлық технологияларды енгізуге ынталандыру мақсатында Индустрия 4.0 технологиялары бойынша өз шешімдерін және құзыреттерін дамытуға, нормативтік реттеуді жетілдіруге, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, қаржылық және басқа ынталандыру түрлеріне бағытталған шаралар әзірленіпті.
Инвестициялар және даму министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда цифрлық технологияларды енгізуге салыстырмалы түрде жақсы дайындықпен келген сала – тау-кен болса керек. Негізі, 2025 жылға дейін жүйе құрушы кәсіпорындар 14 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Министр Қарағанды облысында төрт цифрландыру жобасы іске асырылуда екенін атады. «Қазақмыс» корпорациясының екі жобасы — «Жомарт кенішінде жұмысшылар мен көлікті орнықтырудың ақпараттық жүйесін енгізу» және «Нұрқазған цифрлық өндірістік кешені». Бұл жобалар еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс тиімділігін арттырып, еңбек өнімділігін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Аймақта, оған қоса, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және өнім сапасын арттыруға, өндірістің толық есебін жүргізуге мүмкіндік беретін MES-жүйесін енгізу жөніндегі «АрселорМиттал Теміртау» жобасы және бар. Сондай-ақ, «ҚазМырыш» жылына 5 млн. тонна қуаттылығы бар «Жәйрем» кен орнындағы полиметалл кендерін өңдеуге арналған жоғары автоматтандырылған байыту фабрикасының құрылыс жұмыстарын жүргізуде екен.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жұмыс орындарын ашу, халықты «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын іске асыру туралы мәлімдеді. Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясатын іске асырудағы облыстың рөлі мен міндеттері, бизнесті дамыту туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов баяндады.

ЖІӨ көлемі:
Қарағанды алдыңғы төрттікте

Қарағанды облысында еліміздің ЖІӨ-нің 8 пайыздан астамы өндіріледі. Жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша облыс Қазақстанда төртінші орында. Бес жыл ішінде 2,4-тен 3,7 трлн теңгеге дейін артты. 2017 жылдың қорытындысында ЕАЭО елдеріне экспорттау көлемі бойынша облыс бірінші орында ($1,4 млрд немесе ЕАЭО елдеріне экспорттың жалпы көлемінің 27,1%). Жылдық өсім 90% құрады.
Кәсіпкерлікте 2025 жылға дейінгі негізгі мақсаттар – ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесін 30 пайызға дейін жеткізу. Яғни, Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша Қарағанды облысындағы ШОБ 1,8 есеге артуы тиіс. Өңірде шағын және орта бизнесті дамыту үшін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары іске асырылуда. Бұдан өзге, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы», атап айтқанда, шағын несие беруді көбейту және салық ауыртпалығын төмендету кәсіпкерлікті дамытуға елеулі әсер етеді деп жоспарлануда.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өңірдегі жаппай кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелерін ортаға салды.
«ҚазМырыш» ЖШС бас директоры А. Хмелев, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ директорының орынбасары Р. Айер, «Maker» ЖШС атқарушы директоры А. Нарежнев өнеркәсіпті цифрландырудың еңбек өнімділігіне ықпалы, сондай-ақ, технологиялық революция мәселелері төңірегінде пікірлерін білдірді.

Үкіметтен нақты нұсқау

Сөз соңында Премьер-Министр Үкіметтің бизнеспен табысты бірлесіп жұмыс жасауға ашық екенін атап өтті. Үкімет аймақтағы ірі және орта кәсіпкерлік субъектілерінің, жүйе құрушы кәсіпорындардың Индустрия 4.0 элементтерін енгізу арқылы қалай жұмыс істейтініне, облыс әкімдігімен қарым-қатынасына баса назар аударады.
– Барлық жерде, соның ішінде, Қарағанды облысындағы кәсіпорындарда жүргізіліп жатқан цифрландыру жұмысшылардың жұмыстан босауына әкеп соғары сөзсіз. Оларды қайта даярлап, жұмысқа орналастыру қажет. Мәселені шешу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Жұмыс сапары аясында барған, мысалы, Қарағанды политехникалық колледжі. Мамандарды даярлайтын база бар. Жаңа экономикаға қажетті мамандарды өзімізде дайындауға болатыны анық. Сондай-ақ, жұмыстан босатылғандар үшін жақсы орын – шағын және орта бизнестің дамуы болуы керек. Осында ресурстарды бағыттап, осы салада жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Мемлекет басшысының шағын несие беруді көбейту жөніндегі әлеуметтік бастаманы жариялағаны кездейсоқ емес. Бұл шағын және орта бизнесті қолдаудың маңызды элементі, – деді Бақытжан Сағынтаев. Қорытындысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша министрлер мен облыс әкімдігіне тиісті тапсырмалар берілді.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button