Саранда тұрмыстық техника шығады
Облыстағы ірі өндіріс орындарының бірі Saran индустриялық аймағында тұрмыстық техника зауытының құрылысы жалғасуда. Қазір алғашқы жабдық алынып, монтаждау да басталып кетті. Индустриялық аймаққа жұмыс сапарымен барған облыс əкімі Ермағанбет Бөлекпаев аталған өндіріс ошағының тыныс-тіршілігіне баса мəн берді.
Бүгінгі күні мұнда бес жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, шина жасау, Artel тұрмыстық техникасы, ыстық мырыштау, болат түзу дəнекерленген электр дəнекерлеу құбырлары жəне мырышталған болат зауыттарының құрылысы. 2,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған алып аймақта жұмыс қызу жүруде.
«Silk Road Electronics» ЖШС директоры Талғат Əбдірахманов аймақ басшысын тұрмыстық техника зауытындағы жұмыс барысымен таныстырды.
– Құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жабдықтарды монтаждау жалғасып жатыр. Əзірге 15 пайыз жабдықты алдық. Айдың соңына дейін 30-40%-ын жеткізілуін күтіп отырмыз. Ал, айтарлықтай күрделі технологиялық жабдық жыл соңында келуі тиіс. Ол – дəнекерлеу, термопластикалық машиналары жəне тағы басқалар. Үлкен құрылысты тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында бастауды жоспарлап отырмыз. Қызметкерлерді қабылдай беруге болады. Алдағы аптада шикізат пен материалдарды жеткізуге арналған шартқа қол қоямыз, – деді Талғат Əбдірахманов.
Толық қуаты – жылына 1,1 млн. өнім өндіруге кəсіпорын 2025 жылға қарай шығуы тиіс. Бастапқы кезеңде Саран, Шахтинск жəне Қарағандыдан 100-ден астам адам жұмысқа орналасады деп күтілуде. Қызметкерлерді оқытуды, біліктілігін арттыруды компанияның өзбекстандық серіктесі жүргізбек. Алғашқы 15 адам Ташкентте тағылымдамадан өтті. Өзбекстаннан Саранға жұмысшыларды осы жерде оқытатын мамандар да келді.
Сондай-ақ, жетіспейтін инфрақұрылымды индустриялық аймаққа жəне шина зауытына жеткізу жұмысы да жүріп жатыр. Модульдік ғимаратты монтаждау жүзеге асырылуда. Мұнда өндірісте қолданылатын техникалық суды тазартуға арналған технологиялық жабдықтар орналастырылады.
Бұдан бөлек, облыс əкімін су тазарту құрылғыларының құрылысымен таныстырды. Аймақ басшысы орталық жылу көзіне де ат басын тіреді. Мұнда бас нысанның құрылысы жəне бірінші қазандықты байланыстыру аяқталған. Қалған үш қазандық, циклондар мен сорғы жабдықтарын монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.
Мердігер ұйым үйлерге жылу желілерін салып, жылу тораптарын орнатады. Қазір 310 жылу пунктінің 40-ы дайын. Жыл соңына дейін 121 үйді орталықтандырылған жылуға қосу жоспарлануда.
Облыс əкімі Ермағанбет Бөлекпаев мердігерге жұмыс кес тесінен қалыс қалмауды, ал, жергілікті билікке жылыту маусымына қолда бар қалалық қазандықтарды дайындауды, көмір сатып алуды бақылауды жəне барлық жерде пеш жағушылар болуы үшін жұмыскерлер жалдауды мұқият тапсырды. Суретті түсірген, Жангелді ƏБДІҒАЛЫМ
Жəлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz