Бас тақырып

Өндірістің алтын бесігі

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың Ұлт­­тық Құрылтайдың төр­­тінші отырысында аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою – қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі екендігін баса белгілеп өтті. «Қазір бүкіл елімізде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қарағандыда және Екібас­тұзда болат қорытатын зауыттар, Жамбыл облысында минералды тыңайт­қыш өндіретін химия кешені пайдалануға беріледі», – деп атап өтті Президент.

Коллажды жасаған А.Рахымжан

Саран серпіні

Естеріңізге салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Саран қаласында тұрмыстық және электр техникасын шығаратын Silk Road Electronics кәсіпорнына барды. Жалпы ауданы 61 мың шаршы метрден астам өндіріс бұрынғы «Қарағандырезинатехника» зауытының аумағында орналасқан. Жобаның құны – 25 миллиард теңге. Мұнымен қатар, Президентке «Meridian Company» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігінің техникалық директоры Александр Критский кәсіпорындағы өндіріс үдерісі туралы айтты. Зауыт былтырдан бері тұрмыстық техника шығарып, оны еліміздің электроника бұйымдарын сататын сауда желілеріне жеткізеді. Бүгінге дейін кәсіпорында 97 мың тұрмыстық техника өндірілген. Компания 2027 жылға қарай толық өндірістік қуатына көшіп, 1,1 миллион тұрмыстық техника шығаруды және өз өнімін ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.

Samsung Electronics Central Eurasia компаниясының басқарма төрағасы Минки Чу аталған өндіріс алаңында Samsung брендімен теледидар және автоматты кір жуу машинасын шығару көзделіп отырғанын жеткізді. Президентке зауытта Қарағанды, Саран, Шахтинск және Абай қалаларының 232 тұрғыны жұмысқа орналастырылғаны туралы мәлімет берілді. Зауыттың өндірістік қуаты толығымен іске қосылған кезде жұмысшылар саны 1200 адамға дейін ұлғайып келеді.

Иә, орталық облыстағы индустриялық серпін ел экономикасының соны мүмкіндіктерін әйгілеп, аймақтық дамуға тың қарқын беруде. Silk Road Electronics зауыты – осы үдерістің көрнекі көрінісі. Осы тәрізді өркенді өндіріс орындары халықты тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, Қазақстанның өндірістік әлеуетін күшейтіп, экспорттық нарыққа даңғыл жол ашуда. Ал, Мемлекет басшысының аймақтарға жасаған сапарлары мен қолдауы индустрияның өркендеуіне берік негіз қалайды. Алдағы жылдары өндірісті өңір технологиялық дамудың, инновациялық өндірістің және экономикалық өсімнің орталығына айналатыны сөзсіз. Бұл берекелі бастамалар Қазақстанның өңдеу­ші өнеркәсіптегі әлеуетін арттырып, елдің орнықты даму жолындағы маңызды қадамдарының бірі болмағы ақиқат.

Миллиардтаған инвестиция

Жалпыға аян, облыс инвестиция көлемі бойынша көшбасшы. Яғни, ендігіде өркенді өңір өңдеуші өнеркәсіп пен машина жасау салаларындағы маңызды жобаларды іске асыруды көздеп отыр. Осы аймақта жүзеге асатын бірегей жобалар өнеркәсіптік өндіріс пен өндірістік қуаттарды арттыруды мақсат етпек, демек, өз кезегінде Қазақстанның ұлттық экономикасын нығайтуға зор ықпал етеді. Осылайша биыл жоспарланған инвестициялардың ең үлкен бөлігі өңдеуші өнеркәсіпке бағытталады. 1 200,7 миллиард теңге көлеміндегі инвестициялар өңдеуші өнеркәсіп саласына сарп етіліп, 19 640 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік ұсынады. Бұл өндіріс саласының дамуы мен жұмыс орындарының көбеюіне шүбәсіз септігін тигізеді.

Қара металлургия саласы да елеулі орын алады. Аталған салаға 256 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынып, өндірістік қуаттардың артуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және металлургия өнімдерінің ішкі нарықта үлесінің өсуіне игі ықпал етеді. Кешенді сектордың дамуында республиканың өнеркәсіптік әлеуеті де арта түседі. Жоталы жобалардың толық қуатына шығуы нәтижесінде жалпы өндіріс көлемі 2,2 триллион теңгені құрамақ. Оның ішінде, 0,8 триллион теңге экспортқа бағытталады. Сайып келгенде, Қазақстанның халықаралық нарықтағы ықпалын арттырып, сыртқы саудада бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Сонымен қатар, жоспарланған жобалар арқылы импортты алмастыру көлемі 1,4 триллион теңге болады, деп күтілуде. Мұндай қарышты қадам елдің ішкі өндірісін күшейтіп, импортқа тәуелділікті төмендетуге елеулі әсер етеді. Импортты алмастыру Қазақстанның өнеркәсіп салаларының өнімділігін арттырып, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.

Жаңа өнеркәсіп аймағы

Тағы бір жағымды жаңалық. Бұрнағы тұралап қалған Қарағанды машина жасау зауыты алаңы қайта жанданды. Жылдар бойы жұмыс істемеген ғимараттар шағын өнеркәсіптік аймақ құруға берілді. Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы өкілдерінің айтуынша, шағын өнеркәсіп аймағының аумағы шамамен 13 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда әртүрлі бейіндегі 10 кәсіпорын орналастырылған: құбырлар, жылыту қазандықтары, тұрмыстық химия сынды маңызды салалардағы жаңа өндірістерді жолға қою жоспарлануда. Әрмен қарай, аталған жобалар легі шағын және орта бизнес субъектілерін орналастыру үшін өндірістік үй-жайларды реконструкциялауға және салуға жеңілдікті несие беруді көздейді. Бір артықшылығы – дайын инфрақұрылымның болуы. Кәсіпкерлер үшін жалдау ақысы қолжетімді, сондай-ақ, өз ісін ойдағыдай дамыту мүмкіндіктерін иемдене алады. Шағын өнеркәсіптік аймақ аумағында экологиялық таза тұрмыстық химия шығаратын кәсіпорын орналасқан. Ол кір жуатын гельдер, сұйық сабындар, мата жұмсартқыштар, тазартқыштар мен тазалағыштар шығарады.

– Біздің компаниямыз жеті жылдан бері жұмыс істеп келеді. Автохимия өндірісінен, аз көлемнен бастадық. Тұрмыстық химия өндіре бастағанымызға үш жыл болды. Қазір айына 150 тонна дайын өнім шығарамыз, 50-ден астам өнім түрі бар. Біз импорттық жабдықты, шикізатты шетелден сатып аламыз. Сапаны бақылауға арналған жеке зертхана бар, – деді өндіріс жетекшісі Александр Будницкий. – Бастапқыда барлық өндірісіміз басқа мекенжайда орналасқан еді. Шағын цех болатын. Соңыра осында көшіп келдік, бөлме үлкен, кең. Өндірісімізді кеңейттік, одан әрі дамыту үшін қажетті алғышарт бар.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов тұрмыстық химия өндіретін кәсіпорында болып қайтты. Оған жергілікті өнім желісі көрсетілді. Ол оның қаншалықты сұранысқа ие екеніне, сатуды қалай ұйымдастырғанына қызығушылық танытты.

– Біздің басты міндетіміз – отандық тауар өндірушілерді қолдау. Осы бағытта одан әрі жұмыс істейтін боламыз: тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз ету мақсатында ШОБ үшін жағдай жасау қажет. Облыста тоқтап тұрған ғимараттар базасында тағы да бірқатар шағын өнеркәсіптік аймақтар құруды жоспарлап отырмыз: бизнестен өтінімдер бар, – деп атап өтті Азамат Тайжанов. – Облыста жалпы сомасы 250 млрд теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылуда және 3500 жаңа жұмыс орны құрылуда. Бұл ретте импортты алмастыруға, бәсекеге қабілетті өндірістер құруға баса назар аударылады.

Кейінгі алты жылда

Сонымен, облыстың өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2019 жылғы 2,6 трлн теңгеден 2024 жылы 4 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Негізгі үлесті өңдеу өнеркәсібі қосты, оның жалпы өндіріс көлеміндегі үлесі 78%-ға дейін өсті. Өнеркәсіптік өнім өндірісінің өсуі айқын әлеуметтік-экономикалық әсер береді. Мәселен, жалпы өңірлік өнімі, инвестициялар мен экспорттың ұлғаюы, салық түсімдерінің артуы, жаңа жұмыс орындарының құрылуы. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің рекордтық деңгейге жетуі – 2024 жылы 1,4 трлн теңгені құрады. Межелі жылдардан бермен қарай аймақта 717,4 млрд теңгеге 46 инвестициялық жоба іске қосылып, 7,4 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Іске асырылған ірі жобалар қатарында: «YDD Corporation» және «Asia Ferroalloys» ЖШС-нің ферросилиций өндірісі, «Irkaz Metal Corporation» ЖШС-нің катодты мыс өндірісі, «Saryopan Operating» ЖШС-нің әк өндірісі, «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның арнайы кокс өндірісі, «Qaztehna» ЖШС-нің автобустар мен арнайы техника өндірісі, «Tengri Tyres» ЖШС-нің шиналар өндірісі, «Silk Road Electronics» ЖШС-нің тұрмыстық техника өндірісі бар. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлеміне қол жеткізу қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту есебінен мүмкін болған. Бұл еңбек өнімділігінің артуына, жұмысшылардың еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігін жақсартуға алып келді. Сондай-ақ, бұл көрсеткіш жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде орындалды, олар жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етті. Инвестициялық жобаларды іске асыру облысқа тартылған инвестициялар көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

Респондент пікірі

Qarmet металлургиялық комбинатының домна пешінің балқытушысы Тлейхан Дансбай – көпбалалы әке. Тлейхан металлургия саласында 12 жыл талмай еңбектеніп келеді. Алғашқы күннен-ақ металлург болуы оның нағыз кәсібі екенін жете түсінген. Ол көрікке қызған металдың жалынымен арпалысып, домна пешінің ми қайнатар қуатын басқарып, әрбір балқытудың сапасы оның еңбегіне байланысты екенін біледі.

– Қарағанды облысы – еліміздің өнеркәсіптік жүрегі. Біз, металлургтер, өз еңбегіміз арқылы өңірдің дамуына үлес қосып келеміз. Qarmet металлургиялық комбинатында көп жылдан бері жұмыс істеп жүріп, мен бұл саланың маңыздылығын терең түсіндім. Домна пешінің жанында тұрып, балқытылған металдың қызуымен арпалысу – тек кәсіп қана емес, бұл үлкен жауапкершілік. Ал, облыстың өндірістік әлеуеті жыл сайын артып келеді. Кәсіпорындар жаңарып, технологиялар жетілдірілуде, жұмысшылардың қауіпсіздігі мен еңбек жағдайына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – өңірдің тұрақты дамуының белгісі. Жұмысымның әр сәтінде мен осы дамуға өз үлесімді қосып жүргенімді сезінемін. Қарағанды облысы – ел экономикасының тірегі, ал біз, еңбек адамдары, оның берік негізін қалаймыз!

Өркенді өндіріс ордасы

Әлбетте, қазыналы өңірдің өндірістік әлеуеті – ел экономикасының берік іргетасы десек, әсте қателеспейміз. Өңір – ауыр өнеркәсіптің алтын бесігі, заман ағымына сай дамып, технологиялық жетістіктерді игеріп келе жатқан озық аймақ. Қарағандының кеншілері мен металлургтері, машина жасаушылары, химия өнеркәсібінің мамандары – бәрі де мемлекеттің индустриялық қуатын арттыруға табанды түрде зор үлес қосып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары өңірде жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, бұрын кідіріп қалған өндіріс орындары қайта жанданып, заманауи технологиялар енгізілуде. Бұл тек аймақ экономикасының ғана емес, халықтың әлеуметтік әл-ауқатының да жақсаруына ерекше ықпал етеді. Қарағандының әрбір өнеркәсібі жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті мамандарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, жастарға кәсіби бағдар беріп, болашаққа нық қадам басуға мейілінше мүмкіндік ұсынып отыр.

Осы өсім мен серпінді даму – қажырлы еңбектің, адал кәсібін сүйген мыңдаған жұмысшылардың, инженерлер мен кәсіпкерлердің арқасында мүмкін болып отыр. Қарағанды облысы бүгінгі таңда тек өңірлік қана емес, жалпыұлттық индустрияның локомотивіне айналды. Бұл – мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен дамуы жолындағы сенімді де нық қадам. Болашақта да Қарағанды өндірісінің қарқыны бәсеңдемейтіні анық. Өйткені, мұнда тек зауыттар мен комбинаттар емес, солардың жұмысын ілгерілетіп, жаңа белестерді бағындыратын еңбекқор адамдар бар. Қарағанды – өндіріс қазанында қайнап, шыңдалған азаматтардың мекені, Қазақстанның күш-қуатының айнасы!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button