Бас тақырып

Өндірістен қол үзбей оқытудың тиімділігі

2025 жылы колледждерде білім алу тегін болады деп күтілуде. Оған «Білімді ұлт» ұлттық жобасы негіз болды. Осы орайда Президент тапсырмасы аясында жыл сайын 100 мың студент колледждерде тегін оқиды. Бүгінде жұмысшы мамандықтардың беделін көтеріп, колледж студенттерін дамытуда облыс жастары WorldSkills халықаралық шеберлік чемпионатына белсенді қатысып жүр.

Өндірісті өңір болғандықтан, Қарағандыда колледж студенттерінің білім алуы аясындағы жұмыстар қарқынды. Оқуға ұмтылған жастар уақытының үштен екі бөлігінде өндірістен қол үзбейді. Уақытының үшінші бөлігін теориялық оқуға және білімге арнайды.

Сурет soyuzmash.ru

Президент тапсырмасы орындалуда

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әлемдік WorldSkills қозғалысына тоқталып, Қазақстан 55 қатысушы ел арасында топ-10-ға кіретінін атап өткен.

– Бұл – үлкен прогресс. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен колледждерді жақсарту, өндірістік кәсіптер мен кәсіптік бағдарлаудың беделін арттыру бойынша жұмыс істеп жатқанымызды айтқым келеді. Ол үшін колледждерге академиялық еркіндік берілді, – деп атап өтті министр.

Білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасы жыл сайын 100 мың студентті оқытады. Ал, қосарлы білім алумен қамтылған студенттердің саны 35%-ға жетеді. Колледж түлектерінің жұмыспен қамтылу деңгейі 63%-дан – 75%-ға дейін артады деп күтілуде. Бұл орайда колледжде білім сапасын дамытуға дуалды білім көмекке келеді.

Облыста қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 55 колледж жұмыс істейді. Мамандарды даярлау 97 мамандық және 114 біліктілік бойынша жүзеге асырылуда. Колледждерде 31 912 студент білім алатынын ескерсек, оның 21 516-сы – мемлекеттік тапсырыс бойынша. Кадрларды сапалы даярлау үшін 42 колледжде 6425 адамды қамтитын дуалды оқыту енгізілді. «Жас маман» жобасы аясында 14 оқу орны АҚШ, Италия, Германия, Швеция, Франция, Аустрияның әлемдік брендтерінің заманауи жабдықтарымен жабдықталған.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

WorldSkills қандай байқау?

WorldSkills – дуалды білімді дамытудағы ерекше үлес қосатын байқау. Мәселен, дуалды білім жобасы аясында биыл Польшада өткен халықаралық турнирге («Сантехника және жылумен жабдықтау», «Флористика» және «Электроника» құзыреті бойынша) Қазақстан атынан үш қарағандылық қатысты. Осы орайда облыста бүгінгі таңда білім беру бағдарламаларына 50-ден астам WorldSkills стандарттары енгізіліпті. Колледждердің 60% -ы жаңа бағалау жүйесіндегі демо емтихандарын енгізуде. Осы уақытқа дейін 28 техникалық-технологиялық колледждің 17-сі WorldSkills стандарты бойынша біліктілік емтихандарын өткізіп үлгерген.

Облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Индира Ысқақованың айтуынша, соңғы үш жылда өңірде колледжге түскісі келетін білім алушылар саны артқан.

– Биыл өңірде Қарағанды кəсіптік-техникалық жəне Теміртау техникалық колледжінің базасында «Шаштараз өнері» жəне «Дəнекерлеу ісі» мамандықтары бойынша 10-11 сынып оқушыларын тəжірибелік оқыту енгізілді. 10-11 сынып оқушылары таңертең мектепте оқиды, ал, түстен кейін (3-4 сағат) осы колледждер базасында оқиды. Мектепті бітіргеннен кейін олар орта білім туралы аттестат пен біліктілік туралы диплом алады. Бұл жобаға мектеп оқушылары тарапынан қызығушылық артты, – дейді Индира Ысқақова.

Басқарма мамандарының сөзіне сүйенсек, биылғы оқу жылына қабылдау 8144 орынды құрапты. Мемлекеттік тапсырыстардың 60%-ы – техникалық мамандықтарға (металлургия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік жəне т.б.) бағытталған. Бұл орайда жұмысшы мамандықтарына аса ден қойылады. Мəселен, WorldSkills байқауына үміткер жастың көбі «Цифрлық технология», «Дене шынықтыру жəне спорт», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу жəне пайдалану», «Құрылыс жəне ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану», «Банк ісі жəне сақтандыру», «Бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша)» «Интерьер дизайны» мамандықтарына қызығады.

– Колледждер базасында оқу фермалары мен шағын кəсіпорындар құруды мақсат еттік. ТжКБ ұйымдарында коммерцияландыруды дамыту үшін коммуналдық мемлекеттік кəсіпорындар өндіретін жəне өткізетін тауарлардың бағасы белгіленді. Биыл Қарағанды тағамтану жəне сервис колледжінің базасында шағын наубайхана ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл студенттердің кəсіпкерлік дағдыларын дамытуға жəне сонымен бірге, колледждің материалдық-техникалық базасын жақсартуға ықпал етеді,– дейді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Білім басқармасында айтылғандай, WorldSkills байқауына дайындық бір-екі айға емес, бірнеше жылға созылады. Жақсы маман тəрбиелеу үшін мұғалімдердің үлкен еңбегі қажет. «Жас маман» жобасының арқасында өңірдегі колледждер əлемдік стандарттағы ең жаңа жабдықтарды алды, бұл біздің студенттеріміздің кəсібилік деңгейін көтеруге көмектесті. Жеңімпаздар өз құзыреттерінде республикалық чемпионатта Қарағанды облысының атынан қатысатын болады.

Біліктілікті шыңдайтын байқау

Жақында Қарағанды облысында WorldSkills Karaganda-2024 облыстық чемпионатының қорытындысы шықты. Биыл оған 300-ге жуық колледж студенттері қатысты. Жарыс 45 мамандық бойынша өтті. 125 адам жеңімпаз жəне жүлдегер атанды. Олардың 48-і бірінші орынға ие болды. Олар WorldSkills Kazakhstan-2024 республикалық чемпионатының марапаты үшін таласпақ. Жалпы биыл байқауға қызыққан жастар көп. Бірнеше жастың қызықты жобаларын ұсынғанын байқадық.

– Маған сайттар мен мобильді қосымшалар жасау ұнайды. Көптеген қызықты жобалар бар. Болашақта жаңа білім алып, тəжірибемді жетілдіріп, өз ісімді дамытқым келеді, – дейді чемпионатқа қатысушы Қарағанды техникалық-экономикалық колледжінің студенті Диас Шаймұхан.

WorldSkills жастардың кəсіби дағдыларын дамытып, жұмысшы кəсіптердің имиджін арттырады. Мəселен, Диас мобильді қосымша арқылы бес адамды жұмысқа тартуға мүдделі екенін айтты.

Кəсіби шеберлік байқауы халықаралық деңгейдегі жаңа формация маманын қалыптастыруға ықпал етеді. Биыл тоғызыншы рет өткен WorldSkills чемпионатына əртүрлі салалардағы 2300-ден астам болашақ мамандар қатысқанын ескерсек, жас мамандар үшін бұл байқау өз дағдыларын жоғары деңгейде көрсетудің бірегей мүмкіндігі екеніне көз жетеді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button