Жаңалықтар

Өндірістегі адам өлімі өзекті өртейді

Биыл алпауыт «АрселорМиттал Теміртаудың» аты жаманат хабармен жиі шықты. Компанияға қарасты өндірістегі апат ырық бермей, өлім-жітім көбейді. Ел аман, жұрт тынышта оншақты шаңырақ қара жамылды. Аңырап ана, жамырап бала қалды.

Сурет: kapital.kz

Қаймананың қабырғасын қайыстырған қайғыға Мемлекет басшысы да көңіл айтты. Миллиардер Митталға тиесілі компанияға қатысты қатаң шара қолдануды тапсырды. Дегенмен, Президенттің пәрмені жан жарасын жаза алмасы анық. Анаға баланы, балаға әкені кім қайтарып береді?!

Қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Лакшми Митталды қабылдады. Сол қабылдауда Миттал жақын арада Қазақстанға 1 млрд. доллар көлемінде инвестиция құюға уәде берді. Және қаржының басым бөлігі өндірісті жаңғыртуға жұмсалатынын хабарлады.

Әйтсе де, миллиардер ауыз жиып үлгермеді, 3 қарашада Ленин шахтасында метан жарылып, бес адам қайтты. 6 қарашада «Қазақстан» шахтасында бір қызметкер өлі табылды. Ертеңіне Маңғыстауға барған Президент шыдамның да шегі барын айтты (бұған дейін – маусымның басында металлургиялық пештің төбесі опырылып, төрт жұмысшы оқиға орнында көз жұмған еді).

«Бұл – биыл адам өліміне алып келген екінші қайғылы оқиға. 2006 жылдан бері металлургия комбинатында 20-дан астам апат болып, 100-ден аса азамат қаза тапты. Мемлекеттік органдар тарапынан бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, жағдай жақсармай отыр. Осыған орай, жедел түрде қатаң шаралар қабылдауға тура келеді. Мен бұл жөнінде жуырда Қарағандыда сөйлеген сөзімде ескерттім. Кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізу керек. Соның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының сақталуына мән берілуге тиіс», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы комбинаттың қожайыны техникалық жағдайды жақсартуға жеткілікті инвестиция құйған-құймағанын анықтауды тапсырды.

Арада ай өте – 8 желтоқсанда металлургиялық комбинатта тағы бір жұмысшы қайтыс болды. Осы тұста Митталмен келісім бұзылуы мүмкін деген сөз шықты. Мұны айтқан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев. Арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеген министр «…АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшыларына қатысты қатал шешімдер қабылданайын деп жатыр. Негізі бұл компания Қазақстанда жұмыс істей ме, істемей ме деген мәселе де қаралатын болады», – деді.

Әрине, қазақстандық билік өкілдерінің мәлімдемелерін естігенде Митталдың қандай күйге түскені бізге беймәлім. Тек, Президент айтқан соң Бас прокуратура тексеріске кіріскенін, компанияның біздегі басшылығы қызметтен шеттетілгенін білеміз.

Кәсіпорын қара жамылғандарды қамқорлықсыз қалдырмайтынын айтты. Жесірлерді, жетімдерді мойнына алды. «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» жеткізбек. Әйтсе де, дүниенің ақшасы әкенің орнын баса ма?! Жаутаңкөздердің түн баласы жастықты құшақтап, үнсіз егілмесіне кім кепіл… Өкініш өзекті өртейді.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button