Басты тақырып

Өндіріс ғылымға бет бұрды


       Ғылым мен өндіріс тонның ішкі бауындай етене болғанда өндірістердің өркені өспек. Екеуі жеке дара әрекет етпей, жұмыла іске кіріссе, әлеует артпақ. Жұма күні Қарағанды мемлекеттік университеті қабырғасында өткен ғылым, инновация және технологиялар жөніндегі кеңесте бұл ұстаным және бір айғақтала түсті. Бүгінде осы бірліктің арқасында облыстың озық кәсіпорындары жоғары оқу орындары мен ғылыми институттар дайындаған 54 жобаның 36-сына «құда түсіпті». Яғни, аймақтағы алпауыттардан бастап, ортанқол өндіріс ошақтарының өзі отандық ғалымдардың жобаларына ықыласты. Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен өткен кезекті ғылым, инновация және жаңа технология жөніндегі кеңестің көшпелі отырысында аталған мәселелер жан-жақты тағы бір талқыланды. Тоқсанына бір рет болатын бұл отырыста ғылым мен өндіріс орындарының өзара ынтымақтастығы сарапқа түсті.

Ғылым һәм өндіріс үшін пайдалы отырыста мәлімделгендей, кеңес нәтижесінде ілкімді істер баршылық көрінеді. Жоғары оқу орындары, ғылыми институт жетекшілері, ғалымдар және аймақтағы өндіріс басшылары бас қосқан кеңесте осы бағыттағы жұмыстар сүзгіден өтті.
– Бүгін ғылым, инновациялар және жаңа технологиялар кеңесінің кезекті отырысы әр жоғары оқу орындарының қабырғасында ұйымдастыру туралы келісім бойынша Қарағанды мемлекеттік университетінде өтіп отыр. Ғылыми кеңестің мақсаты – Қарағанды өңірінің ғылыми-техникалық, білім және инновациялық саясатын қалыптастыру және оны іске асырудың негізгі қағидаларын әзірлеу. Өздеріңізге мәлім, жаңа экономикаға көшу міндеті қойылған бүгінгі күнде еліміздің зияткерлік әлеуетін, дамыған инновациялық инфрақұрылымын барынша пайдалану қажет. Бұл – қазіргі уақыт талабы. Сондықтан, кеңестің күн тәртібінде өңіріміздің өнеркәсібіне ғылыми негіздемелер енгізуге, облыс кәсіпорындарындағы ғылыми шешімді талап ететін мәселелер мен мамандарды дайындауды қарастырамыз, – деді аймақ басшысы. Бұған дейінгі кеңес отырысында облыс әкімі ғылым мен өндірістің ынтымақтастығына байланысты тапсырмалар берген. Сол тапсырмалардың орындалысы туралы облыстың өнеркәсіп және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмасұлтанов баяндады.
Басқарма басшысы облыс әкімінің тапсырмасына орай басқарма тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылғанын айтады. Атап өтер болсақ, кеңестің күн тәртібіне шығарылатын мәселелерді алдын ала талқылау бойынша сараптау және жұмыс тобы құрылған. Сараптау тобымен регламенттерін дайындаған. Сөйтіп, кеңес мүшелері тоқсанына бір кеңессе, жұмыс тобы айына екі рет жиналып, мәселелерді зерделеуде. Биылғы кеңес жұмысы жоспарында жоғары оқу орындары мен кеңес мүшелері тарапынан 24 ұсыныс бар.
Сонымен, осы күні басқарма арқылы жоғары оқу орындары және ғылыми институттар ұсынған 54 жобаның пұлы дайындалған. Осынау тізім кәсіпорындармен келісе отырып жасалған көрінеді. Соның ішінде, тап қазіргі таңда кәсіпорындарда нақты қолдануға мүмкіндік бар 36 жоба теріп алынған. Бұл жобаларға өндіріс алпауыттары «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-мен бірге, «Сарыарқа энерджи», «Дала майнинг» ЖШС секілді өнеркәсіптер қызығушылық танытқан. Ал, жобалардың басым бөлігі өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу, энергетика және ТКШ, метрология және өндірісті жетілдіру, өнеркәсіптің жаңа түрін меңгеру саласын қамтиды.
Мәселен, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы –18, «Қазақмыс» – 6, «Дала майнинг» – 10, «Сарыарқа энерджи» – 2 жобаға ынта білдіруде.
Сонымен қатар, кәсіпорындардың техникалық мәселелері бойынша 24 мәселе пұлы жабдықталған. Оның шешімі жаңа технологияларды меңгеруде және қолдануда. Осыған байланысты оның 14-і бойынша жоғары оқу орындары, ғылыми институттардан ұсыныстар жасалған. Олар қара және түсті металлургияда, тау-кен, геология ісінде, өнеркәсіп қауіпсіздігі, еңбек өнімділігінде жаңа технологияларды қамтуды көздейді.
Отырыс барысында жобаларды қолдануға мүдделі өндіріс орындарының басшылары сөз алып, жобалардың тигізер пайдасын атады. Жобаларды алдағы уақытта өнеркәсіпте қолдану өндірістің өнімділігіне ықпал етеді деп күтілуде.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button