Өндіріс қуаты нығайды
Еуразиялық Топ құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ тау-кен жабдықтары паркі жапондық қуатты карьер экскаваторымен толықты. Жаңа техниканы алуға 2,5 млн. АҚШ долларына жуық инвестиция салынды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Гидравликалық Hitachi EX19006 (LD) экскаваторы – басқаруға ыңғайлы әрі өндірістік қуаты жоғары. Сондықтан, өндірістік көрсеткіштерді орындауға септігін тигізері анық.
Оның шөмішінің аумағы – 11 м3 . Ол ескіре бастаған «ЭКГ» маркалы қос экскаваторды алмастырады. Арнайы техниканың нақты осы моделінің тағы бір басты ерекшелігі – оған дизельді қозғалтқыш орнатылған.
Бұл – «Шұбаркөл көмір» АҚ техникалық паркіне әкелінген осы модельді үшінші экскаватор. Айта кетерлігі, аталған машиналар – бүкіл әлемдегі ең күрделі тау-кен металлургия кәсіпорындарындағы небір күрделі жағдайларда да сыр бермей, мінсіз қызмет атқарған сенімді техника. Олар ERG-дің барлық техникалық талаптарына сай, қауіпсіздік пен еңбекті қорғаудың нормалары үдесінен табылды.
«Заманауи технологиялық жабдықтарды пайдалану мен ескірген барлық техниканы уақытылы алмастырып отыру – «Шұбаркөл көмір» АҚ қызметкерлерінің жұмыс жағдайын жақсарту қамындағы кешенді шаралардың маңызды тармағы. 2019 Шұбаркөл кенішіне осы тақілеттес экскаватор, техникалық сипаттамалары көңілге қонымды Caterpillar-777 E маркалы арнайы ауыр жүк көлігінің 11 данасы сатып алынды» делінген баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Осы орайда, «Шұбаркөл көмір» АҚ кеншілері биыл 12 млн. тоннадан астам көмір өндіруді көздеп отырғанын айта кеткен абзал. Жаңа экскаватор «Орталық» кенішінде іске кірісті.
Қызғалдақ АЙТЖАН