Саранда биыл жарты миллионға жуық автокөлік шинасы шығарылды
Өркениет. Өндіріс. Өріс. Осы үш сөз жыл соңындағы аймақ тынысын мейлінше дәл анықтап тұрғандай. Орталық Қазақстан үшін 2025 жыл тек дәстүрлі индустрияның емес, қайта өңдеу саласының да қарқыны ерекше сезілген кезең болды. Соңғы он айда ғана 4 трлн теңгенің өнімі шығарылып, қазандығы қайнаған зауыттар мен цехтар бір сәтке де саябыр таппағанын айғақтады.

Кезекті баспасөз туры барысында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлібек Молдакәрімов бізге осының бәрін санмен де, мысалмен де тарқатып берді. Өңірлік өнеркәсіп картасын ақтара қараған болсақ, алдымен көзге түсетіні – металлургия. Одан қалса, құрылыс индустриясы, химия өндірісі, машина жасау саласы да биыл өзгеше екпінмен алға ұмтылған. Көш бастаған Qarmet пен «Қазақмыс» компанияларының салмағы айқын сезіледі: қуаттылығы артқан пештер, жаңғыртылған агрегаттар, «жасыл» технологияларға бет бұрған өндірістік желілер өңірдің экономикасына жаңа тыныс беріп отыр. Инвестициялық бағдарлама да биыл «құрғақ жоспар» деңгейінде қалған жоқ. Жалпы құны 358 млрд теңгеге жетіп, нақты жобаларға айналып үлгерген.
– Кәсіпорындарды модернизациялау шеңберінде прокат, болат, шойын өндірісінде ілгерілеу бар. Өсім – 5%. Бұл – қағаздағы пайыз емес, қуаттылығы артқан пештердің, жаңартылған конвейерлердің, тозығы жеткен желілердің қайта тыныс алғанының белгісі. Әсіресе, Saran өндірістік аймағы биыл өндірістің жаңа магистраліне айналды. Мұнда бүгінгі күннің өзінде 2 000-ға тарта автобус құрастырылып, жарты миллионға жуық автокөлік шинасы шығарылған. 250 мыңға тарта тұрмыстық техника таспа бойымен үздіксіз жол тартып жатыр. Өңірдің жаңа өндірістік идеологиясы осылайша өрбіп келеді. Әр құрастырылған автобус – жаңа маршрут, әр шыққан шина – жолға сенім, әрбір техника – аймақтың өз қолымен жасаған ертеңі. 25 жаңа инвестициялық жоба іске асырылуда, – деді Әлібек Рысбайұлы.
Сайып келгенде, бұқаралық ақпарат өкілдері ат басын тіреген қос кәсіпорын – екі түрлі әлем, екі табыс тарихындай әсер қалдырады. Бірақ, бәрін біріктіретін бір нәрсе бар: нақты сектордың жедел жандануы.
«WEC Trade» кәсіпорнына жақындағаннан-ақ цитрус пен лаванданың хош иісі мұрын жарды. Анығында иіс су фабрикасы емес, толық айналымды экологиялық тұрмыстық химия өндірісі.
Кәсіпорын маркетологы Дина Беделбаева бізді ақжарқын қалыпта қарсы алып, ішкері жақты аралата баяндады.
– Кәсіпорын атауы ресми түрде 2019 жылы пайда болғанымен, 2016 жылы қарапайым ғана автожуу бекетінен өрістеген серіктестікпіз. Сол кездің өзіне құрылтайшылар ай сайын қанша автохимия «ұшып» жатқанын көріп, бір тосын ойға келген-тін. «Мұны неге біз өзіміз шығармасқа?!» деген. Сол сәттерден бастап алғашқы өндіріс өнімі де жарық дүниеге есік ашты. Кейін уақыт өте келе түсінік те тереңдеді. Енді біз тек автокөлік иелеріне ғана емес, үйін таза әрі қауіпсіз ұстағысы келетін әрбір адамға пайда әкеле бастадық, – деді Дина.
Аумағы 1500 шаршы метр болатын алапта заманауи желілер, зертхана, қоймалар, ең бастысы, өз ісіне шексіз берілген адамдар аңғарылды. Қазір кәсіпорын кестесінде 80 түрлі өнім тұр. Экологиялық таза, тиімді, әрі «қазақстандық болғаны үшін» емес, шын мәнінде сапасы үшін таңдалатын өнімдер. Сиқырлы құтылар ауызша айтсақ, Magnum, SMALL, Galmart сөрелерінде де, елдегі ірі желілерде де, Kaspi, Freedom, Halyk, Wildberries, Ozon сөрелерінде да кезегін күтіп тұр. Ал, ауыр канистрді көтеріп әуре болғысы келмейтіндерге де жеңіл шешім бар. Қоймадан тікелей жеткізу. Қазір мұндай оңтайлы қоймалар Қарағанды, Астана, Алматы және Жезқазғанда жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, маркетплейстер арқылы бүкіл ТМД аумағына өнім таратылады.
Ең көп сатылатын өнімдер қатарында кір жуу гельдері тұрса, одан кейінгі қатарды тұрмыстық тазалағыш заттары, күнделікті көмекші құралдардан бастап, кәсіби клинингке арналған құрамды сұйықтықтар алады. Мұның бәрі – кәсіпорын зертханасында жаратылған дүниелер. Химик-технолог мамандар формулаларды күнбе-күн жетілдіріп отырады. Иә, базалық технологиялар – шетелдік. Бірақ, оны әлемдік брендтермен жұмыс істеген мамандар қайта өңдеп, отандық қалыпқа бейімдейді. Ең басты артықшылық, шағын әрі икемділік болса керек. Демек, жөнекей тұрмыстық химия өндірумен қаз-қатар ел ұялмай таңдайтын өнім жасалады. «Жүректен шыққан, жүрекке жететін өнім» дейді серіктестік өкілдері.
– Жаңа жыл қарсаңында Грузияға үлкен фура жөнелткелі жатырмыз. Ол жақтан керемет серіктес таптық. Бұған дейін Өзбекстанға да тауар жолдап тұратынбыз. Бұл тек бастамасы ғана. Екінші бір мықты бағытымыз – келісімшарттық өндіріс. Ассортиментін кеңейткісі келетін дайын брендтер бізге келеді. Біз болсақ, солардың атымен шығатын жаңа өнім жасап береміз. Бірақ, сапа өзгермейді. Сапа әр кезде жоғары деңгейде, – деп ағынан жарылды маркетолог Дина Беделбаева.
Бүгінде атаулы ұжымда 50 адам қызмет етеді. Ай сайын өсіп, жаңа желілер сатып алып, ірі федералды желілерге шығуға даярлық бардай. Өткен жұмада серіктестіктің бас директоры Вячеслав Цой ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның үздік тауары» атты мәні бөлек марапатын иемденген. 2026 жылға жоспар – балаларға арналған экологиялық серия шығару және Қырғызстан мен Тәжікстан нарығына шығу.
Ал, «Kaz-metiz» ЖШС 1,8 млрд теңгеге жаңғыртудың алғашқы кезеңін аяқтады. Зауыт директоры Дмитрий Малаховтың үстінде компания логотипі бар қарапайым қара күртеше, сөзі байсалды. Миллиардтаған теңге мен мыңдаған тонна болатты емес, күнделікті нәрсені айтып тұрғандай қалыпта тұр.

– 2008 жылдың соңында бастадық ісімізді. Кәсіпорын туған күнін 2009 жыл деп санаймыз, – деп жылы жымиды ол. – Алғашқы өнім жол шпалдарына сарп етілді. Кейіннен – жабын плиталарына. Сосын шахталарға арналған темір арқандар шығарылды. Міне, жаңа цех та даяр. Бұл да соңғысы емес.
Компания – Орталық Азияда дайын арматуралық арқан мен мырышталған сымға дейін толық айналыммен жұмыс істейтін жалғыз кәсіпорын. Әу баста бәрі мемлекеттік импортты алмастыру бағдарламасынан басталған. Он алты жыл ішінде өнім көлемі жылына бес мың тоннадан 35 мың тоннаға дейін өсті. Ендігі мақсат – 50 мың тоннаға жету.
– Болат арқан өндірісі ісінде биыл 63 жаңа жұмыс орнын аштық, – дейді директор. – Бағдарлама аяқталғанша 345 адамға жетеді. Орташа жалақы қазірдің өзінде 400 мың теңгеден асты. Ал, бюджетке жыл сайын шамамен 3,5 млрд теңге салық төлейміз.
Алға жүріп келе жатқанда, маңымыздан судай жылтырап тұрған мырышталған сым оралымдарын тиеген электрлік жүк көтергіш өтіп барады. Мұны Ресейдегі темір жол шпалдарын өндіретін зауыттары күтіп отыр. Бір бөлігі Өзбекстанға, бір бөлігі Беларуське жөнелтіледі. Алайда, басты бағыт – ішкі нарық. Орталық Азиядағы сұраныс – 73 мың тоннадай. «Оның басым бөлігін жаба аламыз. Ең бастысы, ұлттық компаниялар отандық өнімді алса, сонда экономика шынымен өседі», – дейді компания өкілдері.
– Бесжылдық инвестбағдарлама 2027 жылы аяқталады, – деп түйіндеді сөзін Дмитрий Малахов. – Есесіне, бұл нүкте емес, үтір. Сұраныс тұрақты болса, әрі қарай да даму соқпағына түсеміз.
***
Өңірдің өндірістік тынысы туралы әңгіме аяқталғанмен, зауыттар ішіндегі гуіл басылған жоқ. Әр цех, әр іске қосылған жаңа желі, әр дайын өнім аймақтың өзіне деген сенімін күшейтіп тұрғандай. Модернизацияланған металлургия, қанат жайған машина жасау, жаңа тыныс алған химия өндірісі, импортты алмастырған отандық кәсіпорындар, бәрі бір арнаға қосылып, өңір экономикасының өрісін кеңейтті. Кәсіпкерлердің де, жұмысшылардың да жүзінен «болар істің» нышаны байқалды. Қолдан шыққан өнімнің тек ел ішінде емес, шетелде де сұранысқа ие болуы өзекті. Сырлы сапар бір шындықты қайта дәлелдеді: өндіріс – статистика емес. Өндіріс – адамдар деген. Өз ісіне адал инженерлер, металл ыстығына төзетін металлургтер, болаттың мінезін білетін шеберлер – олар. Олар жаңғырған агрегаттарды жандандырып, жаңа цехтарды іске қосып, болашаққа апарар көпірді күн сайын қайта салып жүр. 2025 жыл өңірге батылдық сыйлады. Ал, 2026-ның табалдырығында тұрған бүгінгі күн Орталық Қазақстанға жаңа міндет жүктеп отыр: басталған қарқыннан жаңылмай, сапаны жоғалтпай, технологияны жаңғыртып, өз еңбегінің өзіне қызмет ететінін көру. Желтоқсанның тылсым таңында өндірістік аймақ үстінен түтін емес, үміт көтеріліп тұрғандай. Ал, үлбір үмітті оятатын металл да, химия да, техника да емес. Тағы да адамдар. Өңір өміріне әр кіргізіп, ертеңіне сенетін еңбек адамдары.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



