Өндіріс өңірді өркендетеді
Жақында ғана тағайындалған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өткен аптада жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Өңірдің дамуымен танысып, бірнеше кәсіпорынға арнайы барды. Әуелі «Saran» индустриялық аймағындағы өндіріс орындарын аралап көрді.
Арнайы экономикалық аймақта екі жаңа өндірістің құрылысы жүріп жатыр. «Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты» ЖШС жылына 50 мың тонна мырыштау қызметін және 8 мың тонна металлоконструкциялар өндірісін қамтамасыз етеді. Зауыттың құрылыс-монтаждау жұмыстары 80%-ға аяқталды. Жұмыстардың негізгі бөліктері – фундаменттік жұмыстар, металлоқұрылымдарды орнату, сэндвич-панельдермен қаптау және өндірістік жабдықтың жартысы орнатылды. Жобаға салынған инвестициялар көлемі – 5,8 млрд теңге. Мұнда 115 жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Ал, «ТЭМПО Қазақстан» ЖШС 400-ге жуық адамды жұмыспен қамтымақ. Кәсіпорын шығарғалы отырған тік жікті болат құбырлар көптеген бағытта: металл құрылымдарын салудан бастап, су құбырларын төсеуге дейін қолданылады. Зауыт құрылысы 2023-2025 жылдар аралығына жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстарының 95%-ы бітті. Ішкі жұмыстар мен инженерлік желілердің жүргізілуі жалғасуда. Аталған жоба құны – 25 млрд теңге. Жобалық қуаттылығы жылына 250 000 тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді. Қазақстанда және ЕАЭО елдерінде сатуды көздеп отыр.
Министр сондай-ақ, Tengri Tyres шиналарының өндірісімен танысты. Бұл – шиналар шығаратын елдегі ірі инвестициялық жобалардың бірі.
Tengri Tyres зауытының директоры Александр Уставщиков қазақстандық Attar шиналар брендін шығару кезеңдерін көрсетті. Бүгінгі таңда зауытта жеңіл, жеңіл жүк және жүк машиналары үшін 37 түрлі өнім шығарылады. Өнімді негізінен отандық автоөндірушілер тұтынады. Шиналар Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіледі, сондай-ақ, Кеден одағы мен Орталық Азия елдеріне экспортқа жіберіледі. Кәсіпорында 839 адам жұмыс істеуде. Биыл барлығы 1,2 млн шина шығару жоспарланған. Ал, толық қуаттылыққа шыққанда – 3,5 млн данаға дейін ұлғаяды.
Министр «Silk Road Electronics» ЖШС өндіріс орнына барды. Зауыт 2023 жылдың соңында іске қосылған. Жобаға салынған инвестициялар көлемі 24,9 млрд теңге. Қазіргі таңда зауытта 1 136 жұмыс орны ашылған. 2024 жылы 180 мың бірлік техника өндірілген.
Ерсайын Нағаспаев, сонымен қатар, «QazТehna» ЖШС-де болды. 2021 жылы іске қосылған зауыт автобустар мен арнайы техника өндірісімен айналысады. Жоба құны 22,1 млрд теңгені құрады. Зауыттың жылдық жобалық қуаттылығы 1 500 бірлік техниканы құрайды. 2024 жылы зауыт 1 616 бірлік техника өндірді. Оның ішінде, 1 437 бірлік жүк көлігі, 179 жолаушылар автобусы және жол техникалары бар. «Qarmet» компаниясының мырышталған болаты шикізат ретінде қолданылады.
Қазіргі уақытта «QazТehna» зауытында 803 адам жұмыс істейді. Компания Қазақстанның ішкі нарығына арналған өнімдерін шығаруда. Зауыт қазір штампылау өндірісіне көшуге дайын. Бұл қадам елдегі машина жасауды дамыту үшін серпін бермек.
Ерсайын Нағаспаев «Qarmet» АҚ металлургиялық комбинатының қызметімен танысты. 2028 жылға қарай компания өндіріс көлемін орта есеппен 66%-ға арттыруды жоспарлап отыр. «Qarmet» дамудың басты индикаторы 35 мыңдық ұжымның қауіпсіздігі деп есептейді. Болат шығарудың едәуір өсуі Теміртауда Қазақстанның шағын және орта бизнесін дамыту үшін тиімді жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Компания министрге офтейк-келісімшарттар жасау мүмкіндігі бар Қазақстандағы алғашқы өнеркәсіптік кластер жобасын ұсынды. Ол экономиканы әртараптандыруға және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сонымен бірге, мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
«Qarmet» АҚ жылына 3,2 млн тонна шойын, 3,5 млн тонна болат, 3,3 млн тонна прокат және 6,1 млн тонна көмір өндіреді. Компанияның өндірістік қуаттылығы мен кәсіпорынның жұмыс жағдайы мен тұрақтылығы Қазақстан металлургия саласының дамуына маңызды үлес қосуда.
Министр «Qarmet» АҚ жан-жақты жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын және Үкіметтің ерекше бақылауында екенін атап өтті.
– Бүгін өнеркәсіп және құрылыс министрі «Saran» АЭА-ның бірқатар кәсіпорындарында болды. Барлық жобалар 2029 жылға дейін өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасы аясында іске асырылып, мемлекеттік қолдауға ие болды. Жалпы, олар қарқынды және табысты дамып келеді. Биыл тұрмыстық техника өндіру өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артты. Шиналар бойынша да айтарлықтай өсім болуы тиіс. Шағын өнеркәсіп аймақтарына келсек: мұндай алаңдар Қарағанды облысында екеу – біреуі Саранда, екіншісі Теміртауда құрылады. Бұл алаңдарды айналым қаражаты үлкен емес және халық тұтынатын тауарларға немесе шағын кәсіпорындарға бағытталған кәсіпорындар пайдалана алады. Оларға өткен жылы еліміз бойынша 46 млрд теңге бөлінді, – деді Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ