Жаңалықтар

Өндіріс дамуы қарқынды «әттеген-ай» да жоқ емес

Кімнің салғырттығынан екені белгісіз, «Горняк» аялдамасындағы сауда павильондарының бірінде электр тоғынан адам қайтыс болғаннан кейін «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қаладағы өздеріне тиесілі әлеуметтік дүкендердің техникалық қауіпсіздігін тексеруге кіріскен. «Қойын алдырып, қорасына құлып салдырыптының» керін киген корпорация аталған павильондардағы қауіпсіздікке өздері ғана емес, сондай-ақ, үй-жайды жалға алып отырған кәсіпкерлер де жауапты дейді. Әдетте, журналистермен арадағы «алтын көпірдей» болатын баспасөз хатшысынсыз жұмыс істейтін облыстың өнеркәсіп, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбековке бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізген онлайнкездесуде осы сұрақ қойылды.

Сұраққа жауапты «Сарыарқа» ӘКК өкілі Рүстем Сағынбаев берді. Оның айтуынша, «Сарыарқа» ӘКК павильонының жанында тағы екі сауда орны бар. Қай павильонның аумағында тоқ соққаны әлі белгісіз. Аталған павильон толығымен емес, тек ішінара ғана қоршалған, қалған аумақ көршілес павильонға тиесілі.

Жалпы, «Горняк» аялдамасында орналасқан темір дүңгіршектер үшін жауап бере алмайтынын айтқан Рүстем Сағынбаев өздеріне қарасты павильондардың барлығында техника қоюға рұқсат құжаттарының бар екенін де жеткізді.

Басқарма басшысы Мұрат Қыдырғанбеков те журналистердің осы мәселеге қатысты қойған сұрақтарына «тиісті органдар қажетті іс-шаралар жүргізіп жатқанына байланысты ештеңе айта алмаймыз», – деді.

– Қарағанды қаласындағы әлеуметтік павильондардың барлығында монополистік орган, яғни, «Қарағанды Жарық» ЖШС берген техникалық шарттар бар. Жоба бойынша электр жүйесіне қосылатын павильондардағы қуаттылық та әртүрлі. Яғни, дүкеннің көлеміне байланысты. Қауіпсіздікке орынды жалға алатындар да жауапты, – дейді Рүстем Сағынбаев.

Құзырлы орган өкілінің айтуынша, аталған павильондарда қауіпсіздік техникасы толық сақталады, тоқ та ұсынылған жобамен ғана жүргізіледі. Сондай-ақ, қайғылы жағдай орын алған павильонға «Қарағанды Жарық» ЖШС қызметкерлері тарапынан ешқандай ескерту болмаған.

Бірақ, адам өліміне әкелген жағдайға кім кінәлі екеніне болжам жасау мүмкін емес. Сараптама тоқ соққаннан қайтыс болғанын көрсеткені анық. Кінә қауіпсіздік техникасы сақталмаған павильоннан ба, әлде жол жөндеу жұмыстары салдарынан болған ақаудан ба, оны тергеу жұмыстары көрсете жатар. Дегенмен, қаланың қақ ортасында айдың күннің аманында орын алған жағдай шынында да жаға ұстатарлық.

Басқарма басшысы Мұрат Қыдырғанбековке қойылған сұрақтың тағы бірі – «Қарағанды Кәмпиттері» фабрикасының жайы болды. Оның айтуынша, жоба – бақылауда. Инвесторлар жүзеге асыруға мүдделі. Сол үшін жолдары қарастырылып, қаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізілуде. Өкінішке қарай, бақылаудағы жобаның нақты қай жылы, қай уақытта іске қосылатыны туралы ресми дерек жоқ.

– Жоба бар. Фабриканы қайтадан іске қосу мәселесі бар. Бірақ, нақты мерзім анықталмады, қосымша жұмыстар атқарылуда, – деген басшы «Қарағанды Кәмпиттерін» украиндық «Рошен» фабрикасының иесі Петр Порошенко сатып алды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын да айтты. Оның айтуынша, фабриканың иесі – қазақстандық азаматтар.

Жалпы, басқарма басшысы карантин шараларына қарамастан, облыстағы өндірістің дамуы – қарқынды дейді. Соңғы бес айдың қорытындысы өнеркәсіп көлемі 1,5 трлн. теңгеге жеткенін көрсетті. Бұл қара металлургия, резеңке және пластмасс бұйымдары, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіпті дамыту есебінен мүмкін болған.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ биыл 3,8 млн. тонна болат, 3.6 млн. тонна кокс шығаруды жоспарласа, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің өнім деңгейі төмендеген жоқ.

Инвестициясыз өнеркәсіп өркендемейді десек, осы салаға құйылған инвестиция көлемі биыл – 268 млрд. теңге. Олардың дені – жеке инвестиция.

Ал, 2023 жылы көмір байыту және кокс шығару зауыты іске қосылмақ.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button