Жаңалықтар

Назерке Амантаева: Ғылымды мансап деп қарастырған тиімді

Қазір ғылым мен білімнің заманы. Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар ауа­дай қажет. Президент «Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарын­да болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арт­тыру қажет. Жалпы, осы ба­ғытта біраз шаруа атқары­лып жатыр» деген болатын.
Бүгінде тікелей ғылымның арқасында жастар медицина, энергетика, технологияда сүбелі жетістіктерге жетуде. Облыс әкімінің «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының «Ғылым» аталымының жеңімпазы Назерке Аманта­ева – Е.Бөкетов атындағы Қа­рағанды университеті, тарих факультеті, археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының оқытушысы. Жас маманның жарқын жобасы Қарағанды облысының бірінші басшыларына (1932-2024 жж.) арналған. Біз де жобаға қызығушылық таныттық.

– Назерке, облыс халқының төртінші бөлігін 14-34 жас аралығындағы жастар құрайды. Бұл – 309 258 адам. Сіз облыс­та «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының «Ғылым» бөлімінде топ жардыңыз. Грант сомасы 2 млн теңге сіздің жобаға жеткілікті ме? Қазіргі таңда қандай жұмыс­тар атқарылуда? Қаржының басым бөлігі жинақты басып шығаруға жұмсалатын шығар?

– Мен академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің археология, этнология және Отан тарихы кафедрасында қызмет атқарғаннан кейін «Ғылым» бөліміне жобамды ұсындым. Қазіргі таңда Қарағанды облысының мемлекеттік архивінде сақталған Қарағанды облысының бірінші басшыларының жеке істерімен жұмыс жүріп жатыр. Грант сомасы 2 млн болғандықтан, барлық жұмсалатын қаражат осы сомаға сәйкестендірілді. Жинақ шығару көптеген ізденіс, зерттеу жұмыстарын қажет етеді. Сол себепті, қаржының басым бөлігі басқа қалаларда орналасқан архивтер мен кітапханалардағы ізденіс жұмыстарына бағытталады. Жоба бойынша Алматы, Петропавл, Жезқазған қалаларына іссапарлар жоспарланған еді. Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архив, Президент архиві мен Ұлттық кітапханада болдық.

– Бизнес емес, «Қарағанды об­лысының бірінші басшылары» идеясын жоба ретінде алуға не түрткі болды? Жалпы, жинақ шы­ғарудағы мақсат неде?

– Өзім ғылымда жүргеннен кейін осы бағытты негізге алуды жөн көрдім. Жобаға «Қарағанды облысының бірінші басшылары (1932-2024 жж.)» тақырыбының алынуы жеке қызығушылық пен тарихи зерттеуге ұмтылыстан туындады. Сондай-ақ, архив құжаттарымен, ресми деректермен жұмыс істеу, өңір тарихын терең зерттеу маған қызықты. Қарағанды облысын басқарған тұлғалар туралы, олардың облыстың дамуына қандай өзгерістер енгізгені жөнінде жүйелі зерттеулер аз. Сол себепті осындай жинақ әрі көпшілікке қызықты оқу құралын шығару көзделіп отыр.

– Жобаңыз зерттеу жұмысына бағытталғандықтан қанша адамның ғұмырбаянын қарастырдыңыз? Кімдер бар? Белгілі бір саламен шектелдіңіз бе?

– Жобаның хронологиялық шеңбері 1932-2024 жылдар аралығын қамтиды. Қазіргі уақытта, Қарағанды облысының мемлекеттік архивінде 1936-1991 жылдар аралығындағы Қазақстан КП Қарағанды облыстық комитетінің 17 бірінші хатшыларының жеке істері қарастырылып жатыр. Олар­дың қатарында Н.Садовников, Х.Пазиков, Г.Галайдин, Б.Аши­мов және тағы басқалар бар.
Ал, 1932-1936 жылдардағы бас­шылар жөнінде ақпаратты сол кезең аралығында облыс орталы­ғы болған Петропавл қаласына жаз айындағы іссапар барысында алу жоспарлануда. Тағы қосымша ақ­параттар Жезқазған қаласындағы архивтен алынады. Ол құжаттармен жұмыс жазға жоспарланған.

– Жоба тақырыбы бойынша бір оқу құралы шығарылады екен. Мектептерге пән ретінде ен­гізу ойда бар ма?

– Иә, жоба тақырыбы бойынша оқу құралы жарық көреді. Бірақ, бұл оқу құралын мектептердің бағдарламасына қосу туралы әлі ойланбадық. Дегенмен, қазір мектептерде тарих сабағының көлемінде жүргізілетін «Өлкетану» бағдарламасы аясында қол­дануға болады. Білім беру мекемелері қызығушылық танытса, біз дайынбыз.

– Қарағандының тарихымен өмірін байланыстырған жандарды зерттеп, зерделеу барысында қызықты деректерге кездескен боларсыз. Басшылар өміріне қатысты бізге беймәлім деректермен бөліссеңіз?

– Архивте негізінен жеке іс­термен жұмыс істедім. Олардың өмірбаяны, білімі, қандай қызметтер атқарғаны туралы деректер қаралды. Бұл құжаттар басшылардың ресми қызмет жолын көрсетеді. Кейбір қызықты оқиғалар архив материалдарында кездесе бермейді.
Қарағанды облысын бас­қарған тұлғалардың өміріне қатысты ерекше деректер болашақта сол кезеңнің куәгерлері немесе облыс әкімдерімен сұхбат барысында ашылуы мүмкін. Мұндай сұхбаттар арқылы сол дәуірдегі тың ақпараттар да белгілі болатыны сөзсіз.

– Жастар архивке, қала берді кітапханаға көп бармайды. Тарихшы жас ретінде архив жұмысының қызықты тұсын айтып кетсеңіз?

– Осы сұраққа жалпылама жауап берсем. Архивпен жұмыс істеу тарихшы үшін ерекше қызықты, өйткені, бұл – өткенді «тірі» күйінде сезінудің бірегей мүмкіндігі. Архив материалдарын ақтарғанда бұрын ешкім зер салмаған құжаттарды тауып, жаңа деректер ашу – ізденушіге бөлекше серпін сыйлайды. Архивте жұмыс істеген сайын әрбір құжаттың астарында терең тарих, беймәлім деректер жатқанын байқайсың. Бір сөзбен айтқанда, архивте жұмыс істеу – тек зерттеу, тарихты үйрену ғана емес, тарихты шынайы түсінудің жолы.

– ХХІ ғасыр жастарын ғы­лымға тартудың жолы не дер еді­ңіз…

– Жастарды ғылымға тарту үшін, ең алдымен, оның қолже­тімді және қызықты болуын қам­тамасыз ету керек. Қазіргі ке­зеңде ақпараттық технологиялар да­мығандықтан ғылымды әлеуметтік желілер арқылы танымал ету маңызды. Жастар TikTok, YouTube, Instagram сияқты платформаларда көбірек уақыт өткізеді. Сондықтан ғылымды сонда насихаттау қажет.
Екіншіден, жастарға қолдау керек. Гранттар, стипендиялар, ғылыми тағылымдамалар сияқты мүмкіндіктер көбейсе, жастар ғылымды мансап ретінде қарастыра бастайды. Оған қоса, табысты жас ғалымдарды насихаттау да зор мотивация.

– Жастардың басым көп­шілігі соғыс жылдарындағы та­рихты еске алғанды дұрыс көр­мейді. Оның жағымды да жағымсыз тұстары, «шындығы мен өтірігі» бар деп санайды. Сіз – тарихшысыз. Тарихшылардың қателесуге құқы бар ма?

– Тарих – өте күрделі және көп­қырлы ғылым. Ол әрдайым жаңа деректермен толықтырылып, қайта қаралып отырады. Тарихшылар қателесуі мүмкін. Бірақ, олардың басты міндеті – объективтілік пен шындыққа барынша жақын болу.
Соғыс жылдарындағы тарихқа қатысты пікірталастар – заңды құбылыс. Тарих тек фактілерден ғана емес, олардың интерпретация­сынан да тұрады. Бір оқиға әртүрлі дереккөздерде түрлі сипатталуы мүмкін. Ал саясат пен идеология тарихтың қабылдануына әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, кейбір зерттеушілердің қателесуі мүмкін. Алайда, бұл әдейі бұрмалау немесе жалған ақпарат тарату дегенді білдірмейді.

– Жинақтың жарық көру мер­зімі қай уақытқа белгіленді? Екін­ші бөлімі жалғасын таба ма?

– «Тәуелсіздік ұрпақтары» гран­ты 1 жыл ішінде жүзеге асуы қажет. Сол себепті, жинақтың жа­рық көру уақыты 2025 жылдың қараша-желтоқсан айларына жоспарланған. Екінші бөлімге келсек, егер елден ұсыныс түсіп жатса, әрине, жалғасын табуы мүмкін…

– Назерке, әңгімеңізге рахмет, ісіңізге табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттер кейіпкерден

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button