АймақБас тақырып

Наурызнама онкүндігі аясында облыс көлемінде мыңнан астам іс-шара өтеді

Облыс көлемінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған ауқымды шаралар «Наурызнама» онкүндігі аясында өткізіліп жатыр. Биылғы мерекелік іс-шаралар Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы бастамалармен ұштасып, дәстүр мен заманауи технологияның үйлесімін айқындай түсуде. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында мәлім болды.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

– Аймақта ұйымдастырылатын барлық ірі мәдени іс-шаралар «Цифрлық Наурыз» платформасы шеңберінде тоғыстырылды. Атаулы алаң арқылы тұрғындар мерекелік бағдарламалардың өтетін уақыты мен орнын біліп қана қоймай, олардың онлайн-трансляциясын да тамашалай алады. Жалпы Наурызнама онкүндігі аясында облыс көлемінде 1000-нан астам іс-шара өткізу жоспарланған, – деп сабақтады сөзін Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.

Бүгін 17 наурыз – Отбасы құндылықтары күні. Осыған орай, 25 және 50 жыл бірге өмір сүрген үлгілі отбасыларға құрмет көрсетіледі. Перзентханаларда дүниеге келген сәбилердің ата-аналарына «Наурыз-базарлық» сыйлық жиынтықтары табысталмақ. 18 наурызда республикалық «Ұлттық киім күні» челленджі басталады. Оған мәдениет және қоғам қайраткерлері, өнер жұлдыздары, спортшылар, блогерлер, жастар, мемлекеттік қызметшілер мен еңбек ұжымдары қатысады.

19 наурыз Жаңару күні ретінде белгіленген. Осы күні «Наурыз – жаңару мен бірліктің символы» тақырыбында бейнероликтер дайындалып, жарияланады. Сонымен қатар, мектептер мен колледждерде робототехника бағытындағы ілкімді іс-шаралар өтеді. 20 наурыз Ұлттық спорт күні. Бұл күні өңірдің барлық аумағында қазақ күресі, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жарыстар мен турнирлер ұйымдастырылады.

Иә, Ұлыстың ұлы күні – елдік мереке. Негізгі мәдени-көпшілік шаралар 21-22 наурыз күндері өтеді. Облыстың орталық алаңдары мен саябақтарында этноауылдар құрылып, 200-ге жуық киіз үй тігіледі. Концерттер, театрландырылған қойылымдар, мерекелік жәрмеңкелер мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. 21 наурыз күні Қарағанды қаласының Орталық саябағында облыстық басты мерекелік іс-шара өтеді. Ол онлайн режимде де тікелей көрсетілмек. Сол күні Кеншілер мәдениет сарайында дәстүрлі облыстық айтыс ұйымдастырылып, бұл өнер додасы республикалық деңгейде кеңінен насихатталады.

Ал 23 наурызда жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында саябақтар мен алаңдарды қар мен қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар мерекеден кейінгі тазалықты сақтауға бағытталған.

Қазіргі таңда облыстың барлық қалалары мен аудандары мерекелік нақышта безендірілген. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Наурызнама онкүндігіне арналған кең ауқымды ақпараттық науқан жүріп жатыр.

– Сонымен қатар Жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып жатқан «Digital Наурыз – 2026» тұжырымдамасы шеңберінде мерекелік бағдарламаға жаңа интерактивті және цифрлық форматтар енгізіледі. Осы орайда жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып дайындалған промо-роликтер, музейлік сабақтар және Наурыз дәстүрлерімен таныстыратын онлайн-музейлік сабақтар ұйымдастырылмақ. Мерекенің ең ауқымды алаңдарының бірі Қарағанды қаласындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағы болмақ, – деп хабарлады Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы.

Саябақтың орталық бөлігінде арнайы инфрақұрылымдық нысандар орналастырылып, келушілер үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру көзделген. Жоба аясында 30×60 метрлік басты шатыр, киіз үйлер кешені, ұлттық спорт алаңдары, қолөнершілер аймағы, сауда павильондары, арт және фотозоналар, балалар ойын алаңы, алтыбақан, тағам аймағы, сәндік кіреберіс арка орнатылады. Кіреберіс бөлігінде ұлттық нақыштағы арка мен ту тұғырлары орнатылып, мерекенің алғашқы әсерін қалыптастыратын ерекше символдық кеңістік жасалады. Әрбір киіз үй белгілі бір тақырыпта безендіріліп, онда қазақ халқының салт-дәстүрі, ұлттық тағам мәдениеті, тарихи мұрасы мен қолөнері кеңінен таныстырылады.

Ұлттық спорт алаңында қазақ күресі, асық ату, арқан тарту, садақ ату секілді дәстүрлі ойындардан жарыстар өтеді. Бұл бір жағынан ұлттық мұраны дәріптесе, екінші жағынан жастарды қызықтыратын серпінді алаң болмақ. Мерекенің негізгі мәдени орталығы басты шатырдағы концерттік және театрландырылған бағдарлама болады. Ол 21 наурыз күні сағат 12:00-де басталып, екі күн қатарынан жалғасады. Бағдарламаға өңірдің шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары қатысып, арнайы шақырылған қонақтар – Нұрлан Өнербаев, «Жігіттер» тобы және Маржан Арапбаева өнер көрсетеді. Мұнда дәстүрлі әндер, ұлттық билер, театрландырылған қойылымдар мен заманауи шығармашылық бағыттар үйлесім табады.

Тұжырымдама аясында заманауи форматтағы арнайы жобаларға да ерекше көңіл бөлінген. Соның бірі – Wow! Наурыз жобасы. Бастама Наурыздың дәстүрлі мазмұнын жаңа форматта ұсынып, жастарды, балаларды және қала тұрғындарын ортақ мерекелік кеңістікке тартуға бағытталған. Жоба аясында түрлі сыйлықтар ұтысы, қолөнершілер көрмесі, аниматорлық бағдарламалар, ұлттық электронды музыка, би алаңдары, фотозоналар, балаларға арналған ойын алаңдары, шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Қауіпсіздік пен ұйымшылдық – басты назарда. Мұндай ауқымды мерекені өткізу барысында қауіпсіздік, санитарлық талаптар, қоғамдық тәртіп, көлік пен жаяу жүргінші қозғалысын реттеу, техникалық қамтамасыз ету, экологиялық тазалық және ақпараттық сүйемелдеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Барлық жауапты құрылымдардың үйлесімді жұмысы мерекелік шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырудың басты кепілі болмақ.

– Digital Nauryz іс-шараларының жалпы жоспары жастарды жаңа технологияларға тартуға және цифрлық мәдениетті дамытуға арналған төрт негізгі бағыттағы іс-шараны қамтиды. Мәселен, 16 наурыз күні Қарағанды қаласындағы «Терриконовая долина» IT-хабы базасында музейлер мен театрлар қатысатын бірлескен іс-шара өтеді. Оның аясында Қарағанды музыкалық комедия театры қызметкерлеріне жасанды интеллект нейрожелілерін пайдалану бойынша оқыту ұйымдастырылады. Сабақ барысында қатысушылар Suno, Higgsfield AI және ChatGPT секілді заманауи цифрлық құралдармен жұмыс істеуді үйренеді, – деп мәлімдеді Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий.

17 наурыз күні Қарағанды қаласының Орталық саябағында ерекше интерактивті акция ұйымдастырылады. Шара барысында ұшқышсыз ұшу аппараттары – дрондардың көмегімен бауырсақ тарату жоспарланды. Акция ұлттық дәстүрді заманауи технологиялармен ұштастыра отырып, мерекелік көңіл-күй сыйлауды көздейді. 21 наурыз күні «Терриконовая долина» IT-хабында Қарағанды Урбанистика орталығы ұйымдастыратын Наурызға арналған фестиваль өтеді. Фестивальдің серіктесі – Kazpromavtomatika компаниясы. Олар өндірістік және басқа да міндеттерді орындауға арналған робот-қол құрылғысын таныстырады. Бұдан бөлек, Digital Nauryz эмблемасы Наурызнама онкүндігі аясындағы басқа да мерекелік іс-шараларда кеңінен қолданылады.

 

Өз кезегінде аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев құзырлы мекемелердің басшылары мен қала-аудан әкімдеріне Наурызнама онкүндігі аясындағы барлық іс-шаралардың мазмұнды, жоғары деңгейде әрі ұйымдасқан түрде өтуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, ол мерекелік шараларды өткізу барысында қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, санитарлық талаптар, инфрақұрылымның дайын болуы, көлік қозғалысын реттеу және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
“Ortalyq Qazastan”

Басқа материалдар

Back to top button