Наурызнама: «Ұлт мұрасы – киіз үй» атты қолөнершілер байқауы өтті
Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында, “Наурызнама” тұжырымдамасының онкүндігі аясында «Шаңырақ» күніне арналған қалалық «Ұлт мұрасы – киіз үй» атты киіз үй макетін жасау бойынша қолөнершілер байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты – қазақ халқының ұлттық мұрасы болып саналатын киіз үйдің тарихи және мәдени маңызын насихаттау, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру, қолөнер дәстүрін дамыту және шығармашылық қабілеттерін қолдау.
Аталған байқауға Қарағанды қаласы мен Бұқар жырау ауданының мектеп оқушылары қатысып, өздерінің шеберліктерін көрсетті. Қатысушылар ұлттық нақышта безендірілген киіз үй макеттерін ұсынып, қазақтың дәстүрлі қолөнерін дәріптеді.

Байқау қорытындысы бойынша І орынды «№ 36 ЖББМ» «Ұлы дала ұрпақтары» командасы, ІІ орынды Ботақара кенті С. Торайғыров атындағы тірек мектебінің «Тұмар» командасы, ІІІ орынды «Ә. Бөкейхан атындағы ЖББМ» «Жас сұңқар» командасы жеңіп алды. “Көрермен көзайымы” номинациясын №22 мектеп интернатының «Жас қырандар» командасы және «Талғат Бигелдинов атындағы ЖББМ» «Жас қырандар» командасы иеленді.

Барлық жүлдегерлер мен “Көрермен көзайымы” номинациясының иегерлеріне диплом мен ақшалай сертификаттар, қатысушыларға алғыс хаттар табыс етілді. Қазылар алқасы қатысушылардың шығармашылық деңгейін, жұмыстың көркемдік безендірілуін және ұлттық нақыштың сақталуын бағалап, үздік жұмыстарды анықтады.

Қалалық байқау ұлттық мұраны дәріптей отырып, қатысушылар мен көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Ерік НАРЫН
Ortalyq.kz



