Ақындар Наурызды жырмен қарсы алды
Ұлыстың ұлы күні ақындардың жырымен өрілді. С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында «Армысың, әз Наурыз!» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Оған өңір ақындары қатысты.

Дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған жыр додасын тамашалауға келген жұрттың қарасы қалың болды.
Ашылу салтанатына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ғалымжан Өтелбайұлы өз сөзінде қатысушыларға сәттілік тілеп, көрерменді Наурыз мейрамымен құттықтады.
– Биыл Наурыз және айт мейрамы тұспа-тұс келіп, мерекелік көңіл күйді арттыра түсті. Соңғы екі жылда елімізде Наурызды жаңаша форматта атап өту тұжырымдамасы қабылданып, мереке он күн бойы тойланып келеді. Бүгінде бұл бастама кең қолдау тауып, ұлттық мейрамның мазмұны мен ауқымын байыта түсті. Сонымен қатар, жуырда елімізде маңызды саяси науқан өтіп, соның нәтижесінде келер жылдан бастап 15 наурыз – елдің Ата заңы қабылданған күн ретінде ресми түрде белгіленбек. Бұл да Наурызнама аясындағы мазмұнды күндердің қатарын толықтыра түседі. Қазіргі таңда облыс көлемінде мыңға жуық мерекелік іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Солардың ішіндегі ең ауқымдысы – ақындар айтысы. Біз бұл айтысты тек жарыс, сөз қағыстыру ретінде ұйымдастырып отырған жоқпыз. Керісінше, ақындардың сөз саптау шеберлігін, тіл құдіретін сағынған көрерменнің рухани сұранысын өтеуді мақсат еттік. Сағыныштарыңыз басылсын деген ниет бар. Былтыр Қарағанды құрамасы республикалық деңгейде екі жылға созылған командалық айтыста топ жарды. Биыл да айтыскерлеріміз халықтың батасын алу үшін сахнаға шығып отыр. Әз Наурыз құтты болсын!, – деді басқарма басшысы.
Ақындарға әділ бағасын беріп, айтыстың деңгейін таразылайтын қазылар алқасының құрамында филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Қойлыбай Асанов, академик Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ-нің профессоры Камшат Төлеубаева бар.
Айтыс қорытындысы бойынша Бұқар жырау атындағы арнайы жүлде Дидар Қамиге, Доскей Әлімбаев атындағы арнайы жүлде Нұрмұхамед Байсүгірге, Жамбыл Жабаев атындағы арнайы жүлде Мұхтар Әділовке, Маясар Жапақов атындағы арнайы жүлде Әлихан Сейфоллаға. Қайып Айнабеков атындағы арнайы жүлде Әлихан Ерғалиевке, Жүрсін Ерман атындағы арнайы жүлде Нұрлыбек Төкенге, Көшен Елеуов атындағы арнайы жүлде Жанарыс Тілеубекке, Шашубай Қошқарбайұлы атындағы арнайы жүлде Еркеғали Бекболатқа берілді.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



