Бас тақырып

Наурыздың шапағаты, Рамазанның шарапаты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың төртінші отырысында «Қа­дірлі қауым! Бүгін – Амал күні. Сондықтан, баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн – әз Наурыздың бастауы. Еліміздің төл мерекесі биыл да қасиетті Ораза айы­на орайлас келіп отыр. Қастерлі мейрамдарымыз халқымызды игі амалдар жасауға үндейді. Асыл қа­сиеттерімізді кеңінен дәріптейді», – деген құттықтау сөзінде бұл күннің әз Наурыздың нышаны ретінде ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Сурет Наурызбай ауданы әкімдігінің сайтынан

Наурыздан наурызға дейін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің төл мерекесінің қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келуін игі амалдар жасауға шақыратын рухани үндестік ретінде бағалады. Халықтың асыл қасиеттерін дәріптеудің, ұлттық бірлікті нығайтудың маңыздылығын айта келіп, ынтымақ пен татулықты сақтау – қоғамның ортақ міндеті екенін ерекше атап өтті. Наурыз халқымыз үшін ерекше мәнге ие. Қасиетті ай мен ұлыстың ұлы күні рухани тазару мен ұлттық бірліктің символына айналып, игі амалдар жасауға, жақсылық пен мейірімділікке үндейді. Бұл кезең – береке мен бірлікті арттырып, қазақтың салт-дәстүрі мен асыл құндылықтарын дәріптеуге мүмкіндік беретін айрықша уақыт.

Өткен жылға өкпе жоқ. Былтыр облыс бірнеше маңызды жетістікті еншіледі. Экономикалық даму қатарында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,1 триллион теңгеге жетіп, 1,5 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 6,3 пайызға артты. Облыс экономикасына 522,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш 8,5 пайызға көбейген. Әлеуметтік инфрақұрылым бағанында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 41 ауылдық елдімекенде жолдар жөнделіп, су құбырлары мен әлеуметтік нысандар салынды. Білім беру саласында алты мектеп, оның ішінде төрт «Жайлы мектеп» шәкірттеріне есігін айқара ашты.

Ауыл шаруашылығы да олжасыз емес. 2024 жылы облыс рекордтық өнім алып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасын айғақтады. Фермерлер заманауи технологияларды пайдалана отырып, өнімділікті арттыруға күш салды. Ал, жаңа қоймалар мен өңдеу цехтарының ашылуы өнімді сақтау мен өңдеу мәселесін шешуге көмектесті.

Бұл жетістіктер – тек сандар мен көрсеткіштер ғана емес, халықтың әл-ауқатының жақсарғанының дәлелі. Қарапайым тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды, инфрақұрылым жақсарды, ал, кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтар пайда болды. Мұның барлығы елдің өсіп-өркендеуіне қосылған үлес. Алдағы уақытта облыс бұл қарқыннан таймай, жаңа белестерді бағындыруды мақсат етіп отыр. Өңірдегі инвестициялық жобалар, инфрақұрылымды жетілдіру, білім мен денсаулық сақтау салаларын дамыту күн тәртібінде тұр. Бұл жоспарлар Наурыздың, шын мәнінде, жаңару мен өрлеу кезеңі екенін тағы бір дәлелдейді. Сонымен, наурыздан наурызға дейін жарқын болашаққа қадам басқан қазыналы аймақ бұдан да зор жетістіктерге жететініне сенім мол.

Бастамалар бастауында

Президент Ұлттық Құрылтайдың кезекті отырысын әз Наурыз мерекесіне орайластырғаны көп жайды аңғартатындай. Бұл шешімнің символдық мәні зор. Наурыз – жаңару мен бірліктің мерекесі, ал, Ұлттық Құрылтай – елдің болашағы жайлы маңызды шешімдер қабылданатын алаң. Демек, бұл отырыс халықтың бірлігін нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталғанын аңғартады. Көктеммен бірге жаңа бастамаларға жол ашу – терең мағынаға ие қадам. Президенттің бұл таңдауы елдің саяси өміріндегі сабақтастық пен рухани жаңғыруға деген ұмтылысты көрсетеді. Ұлттық мүдде мен дәстүр сабақтастығы үйлесім тапқанда, тұрақтылық пен даму да берік негізге сүйенетіні анық.

– Біздің ұлтымыздың арман-мұраты Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстанды құру идеясынан бастау алады. Біз баршаға және әркімге зор мүмкіндік беретін мемлекет құрып жатырмыз. Бұл – әр азамат өз қабілетін шыңдап, адал еңбегімен отбасын асырай алатын ел болу деген сөз. Заң мен тәртіп – біздің мызғымас тұғырымыз. Бұл, ең алдымен, еліміздің әр азаматына және барша халқымызға ортақ тәртіп. Ал, біздің идеологиямыз – қарапайым әрі түсінікті. Бұл – жаһандағы аса күрделі геосаяси ахуалда елімізді жаңа даму деңгейіне көтеру үшін берік негіз қалау деген сөз. Мемлекетіміздің тағдыры мен ұлтымыздың берекелі өмірі осыған тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Наурыз – бұл тек көктемнің келуі ғана емес, жаңа үміттер мен жарқын болашақтың бастауы. Бұл – бірлік пен татулықтың, жасампаздық пен жаңғырудың символы. Президенттің Ұлттық Құрылтайды дәл осы мерекеге орай өткізуі – еліміздің жаңару жолындағы берік қадамының айғағы. Бүгінгі Қазақстан – әділеттілік пен тұрақтылықты, қауіпсіздік пен өркендеуді ту еткен мемлекет. Әр азаматтың ертеңгі күнге деген сенімі, ел дамуына қосқан үлесі – болашақтың іргетасы. Наурызда табиғат қыстың құрсауынан босап, қайта түлесе, халқымыз да жаңа белестерді бағындыруға ұмтылады. Біз бірлігімізбен мықтымыз, мақсатымыз айқын, жолымыз нұрлы. Наурыздың шуақты күндерімен бірге елімізге молшылық, татулық пен амандық келсін! Ұлыс оң болсын!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button