Наурыз әнін шырқады
№68 мектеп-балабақша кешенінің «Балбөбек » ересектер тобы Наурыз мейрамын жоғары деңгейде атап өтті. Қазақтың ұлттық мейрамына орай ұлттық киімдер киіп, Наурыз жырларын шырқады. Топтың тәрбиешісі Айжан Искакова бүлдіршіндерге Наурыз – молшылықтың, берекенің тойы екенін айтты. «Наурыз күні әр адам төріне дастарқан жайып, бар жылы-жұмсағын қояды. Қонақ дастарқаннан дәм татып, ақ батасын береді» деді. Наурызнамадағы ұйқыашар, селт еткізер дәстүрлеріне тоқталды. Наурыз кешіне ертегі кейіпкерлері де келді. Алдар Көсе бүлдіршіндермен күш сынасты. Қыдыр ата балалардың өнерін тамашалап, бата берді.
Музыка пәнінің жетекшісі Шаттық Торшаева бүлдіршіндермен қосылып ән айтты. Мерекелік кеш соңында ата-аналар № 68 мектеп-балабақша кешенінің ұжымын Наурызбен құттықтады. Әз Наурыздың елімізге, жерімізге есігін қуанышпен ашып, ұстаздар еңбегінің өнімді болуын тіледі.
Өз тілшімізден.