«Наурыз діни мереке емес»
Наурыз – жаңару мен үйлесімнің ғана емес, ұлт рухының айнасы. Табиғатпен бірге адам да түлейтін бұл мейрамның терең мәні көбіне сыртқы сән-салтанаттың тасасында қалып жатады. Ұлттық дүниетаным мен рухани жаңғырудың өзегіне айналған Наурыздың шынайы болмысы жайында шығыстанушы, Астана Халықаралық университетінің аға оқытушысы Қаршыға Серікұлы Мұқышпен сұхбаттастық.

– Наурыз мейрамы қазақ халқының дүниетанымы мен табиғатқа деген көзқарасын қалай көрсетеді?
– Наурыз мейрамын қазақ халқының дүниетанымы тұрғысынан қарастырсақ, күн мен түннің теңелуі, жыл мезгілдерінің алмасуы, қыс пен көктем, жарық пен қараңғы, реніш пен татулық, өкпе мен кешірім сияқты ұғымдар қарама-қарсылық пен диалектикалық күрес заңдары арқылы емес, керісінше үйлесім мен тепе-теңдік негізінде түсіндіріледі. Яғни, өзгеріс күрестен емес, табиғи ырғақ пен ішкі үндестіктен туындайды.
Осы тұрғыдан алғанда, Наурыз мейрамы – табиғаттың циклдық айналымының жаңа кезеңінің бастауы. Басқаша айтқанда, бұл – адамның табиғат заңдылықтарына деген тәжірибелік рефлексиясының көрінісі.
Бұл мәселеде ұлттық жады шырақшысы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбектерінің маңызы зор. Оның «Наурызнама» еңбегінде: «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама» – деп атап көрсетіледі. Бұл пікір Наурыздың діни мерекеден гөрі ұлттық, халықтық сипатқа ие екенін айқындайды.
Сондай-ақ, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Ұлыс – түркінің ата-бабаларынан қалған ескі тіл. Біздің қазақта Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» – деп жазады. Мұндағы «ұлыс» ұғымы мемлекет, ел деген мағынаны білдіреді. Сондықтан, «Ұлыс оң болсын!», «Ұлыстың ұлы күні» деген тіркестер тек тұрмыстық емес, елдік, мемлекеттік мазмұнға ие ұғымдар болып табылады.
Наурыз мейрамы қазақ дүниетанымында тек табиғи құбылыстардың өзгерісін ғана емес, үйлесім мен тұтастыққа негізделген әлемді қабылдау тәсілін, сондай-ақ, ұлттық бірегейлік пен елдік сананың көрінісін білдіреді.
– Наурыздағы «жаңару» ұғымы қазақтың дәстүрлі мәдениетінде қандай философиялық мәнге ие?
– Наурыз мейрамы – қазақ халқының дүниетанымында ерекше орын алатын, табиғат пен адам өмірінің терең байланысын айқындайтын мереке. Бұл күн тек күнтізбелік жаңа жылдың бастауы ғана емес, сонымен қатар, «жаңғыру», яғни, қайта түлеу, жаңару идеясымен тығыз байланысты. Қазақ халқы табиғатты тірі ағза ретінде қабылдап, өзін оның ажырамас бөлігі деп түсінген. Сондықтан, табиғаттың жаңаруы адам өмірімен де астасып жатады. Яғни, сыртқы әлемдегі өзгеріс адамның ішкі дүниесіне де әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңғыру – адамның рухани тазаруы мен жаңаруының белгісі. Сонымен қатар, Наурыздағы жаңару әлеуметтік мәнге де ие. Бұл күні адамдар бір-бірімен көрісіп, өкпе-реніштерін ұмытып, кешірім сұрайды. Араздықтың орнын татулық басады. Мұның өзі қоғамдағы үйлесімділікті қалпына келтірудің маңызды жолдарының бірі болып табылады. Осы тұрғыда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Елді, жұртты оңға бастаймын, ілгері басуына, мал басының өсуіне тілеулес боламын деушілер осы Наурызды құрметтеп, Ұлыстың ұлы күні ретінде той-тамаша қылдыруға тырысу керек», – дейді.
Қазақ дүниетанымында уақыт ұғымы да ерекше сипатқа ие. Уақыт сызықтық емес, циклдік түрде қабылданады. Әрбір Наурыз – жаңа өмірдің бастауы, өткенді саралап, болашаққа үмітпен қараудың мүмкіндігі. Осы тұрғыда жаңғыру – өмірдің үздіксіз жалғасып отыратын айналымының көрінісі. Адам әр жылы өзін жаңартып, кемелденуге ұмтылуы тиіс деген ой жатыр. Наурыз алдындағы тазалық жұмыстары мен жаңа киім кию дәстүрі де терең символдық мәнге ие. Үйді тазалау, ескі заттардан арылу – жамандық пен кірбіңді артта қалдырудың белгісі. Ал, жаңа киім – жаңа өмірдің, жаңа үміттің нышаны. Бұл әрекеттер адамның ішкі жан дүниесін де жаңартуға бағытталған. Наурыздағы «жаңғыру» ұғымы қазақ халқының философиялық ойлау жүйесінде табиғат, адам және қоғам арасындағы үйлесімділікті білдіреді. Бұл – тек маусымдық өзгеріс емес, тұтас болмыстың қайта түлеуі. Жаңғыру арқылы адам өз өміріне жаңаша мән беріп, рухани тұрғыдан жетілуге қадам жасайды. Сондықтан, Наурыз – жаңарудың ғана емес, үйлесім мен үміттің мерекесі.
Осы орайда, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Наурызнама» еңбегінде Едіге би Наурыз мейрамын тойлау үшін Сәти Мырзағұлұлы ауылына арнайы барғаны баяндалады. Осы кезде Сәти мырза қонақжайлық пен жомарттықтың айқын үлгісін көрсетіп, «Міне, менің Наурызым» деп, Едігенің өзіне түйе бастатқан тоғыз тарту етеді. Сонымен қатар, келген жүз кісінің әрқайсысын құр жібермей, біріне түйе, біріне ат мінгізіп, тіпті атшыларға дейін матадан сый үлестіргені айтылады.
Осы жомарттыққа байланысты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Осыдан кейін құт-береке Сәти-Шорман балаларына ауған» – деп түйін жасайды. Аталған дерек Наурыз мейрамының тек табиғаттың жаңаруы ғана емес, сонымен қатар, жомарттық, кеңпейілділік және құт-берекені арттыратын рухани-әлеуметтік құндылықтардың көрінісі екенін дәлелдейді.
– Наурыз мерекесінің бүгінгі қоғамдағы тәрбиелік және рухани маңызы қандай деп ойлайсыз?
– Наурыз мерекесінің бүгінгі қоғамдағы маңызы – өте терең және көпқырлы. Ол тек дәстүрлі мейрам ғана емес, қазіргі заман үшін де маңызды тәрбиелік әрі рухани құндылықтарды қалыптастыратын ерекше мәдени құбылыс.
Біріншіден, тәрбиелік тұрғыдан алғанда, Наурыз жастарды ұлттық құндылықтарға баулиды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, қонақжайлық, жомарттық сияқты қасиеттер осы мереке барысында нақты әрекет арқылы үйретіледі. Көрісу дәстүрі, наурыз көже тарату, бата беру – бұлардың барлығы адамгершілік тәрбиенің тірі үлгілері. Бұл, әсіресе, жаһандану жағдайында ұлттық болмысты сақтауға ықпал етеді.
Екіншіден, Наурыздың рухани маңызы – адамның ішкі жаңаруымен байланысты. Көктеммен бірге келетін бұл мереке адамға өткенге есеп беріп, жаңа бастама жасауға мүмкіндік береді. Кешірім сұрау, ренішті ұмыту – рухани тазарудың маңызды қадамы.
Үшіншіден, Наурыз қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтады. Әртүрлі ұлт пен дін өкілдері бірге атап өтетін бұл мереке адамдарды жақындастырып, өзара түсіністікке тәрбиелейді.
Төртіншіден, Наурыз ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Бұл мереке арқылы халық өзінің тарихи тамырын, мәдениетін, салт-дәстүрін қайта жаңғыртады. Наурыз – ұлттың өзін-өзі тануының, өзінің кім екенін сезінуінің символы. Ол ұлттық сананы күшейтіп, ортақ құндылықтар төңірегін де біріктіреді.
– Қазіргі уақытта Наурыздың кейбір дәстүрлері ұмытылып бара жатыр деген пікір бар. Сіздіңше, қандай дәстүрлер қайта жаңғыртылуы тиіс?
– Қазақстанда Наурыз – тек көктемнің, күн мен түннің теңелу мерекесі ғана емес, халқымыздың рухани және мәдени мұрасын көрсететін ерекше дәстүр. Алайда, соңғы жылдары кейбір маңызды дәстүрлер ұмытылып, мереке тек көңіл көтеру мен дастарқан жайу деңгейінде ғана қалды. Сол себепті, 2024 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Наурызнама» тұжырымдамасы ұлттық мерекемізді жаңғырту, дәстүрлерді сақтау және қоғамдағы татулықты нығайту мақсатында қолға алынды.
«Наурызнама» тұжырымдамасының негізгі ерекшелігі – Наурыз мерекесін онкүндік (декада) форматында өткізу. Бұл дегеніміз, мереке тек бір күндік шара емес, әр күні ерекше тақырыпқа арналған іс-шаралармен, салт-дәстүрлерді дәріптеу арқылы жалғасады. Онкүндік аясында адамдар бір-біріне көрісіп, өкпе-ренішті ұмытып, кешірім сұрап, татулық пен бауырмалдықты көрсетеді. Сонымен қатар, ұлттық ойындар, қолөнер шеберханалары, мәдени және экологиялық іс-шаралар өткізіледі.
Тұжырымдама Наурыздың рухани мәнін жаңғыртуға бағытталған. Мысалы, наурыз көже дайындау арқылы молшылық пен бірлікті символдау, ағаш отырғызу мен табиғатты тазалау арқылы экологиялық сана қалыптастыру сияқты дәстүрлерді жастарға жеткізу басты мақсатқа айналған. Бұл тәсіл мерекені тек көңіл көтеру емес, тәрбиелік, мәдени және рухани құндылықтарды ұрпаққа жеткізуге арналған маңызды кезеңге айналдырады.
Сондай-ақ, «Наурызнама» тұжырымдамасы қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға ерекше мән береді. Ел азаматтары, ұлтына, дініне қарамастан, бір мейрамның аясында бір-біріне сыйластық танытып, бірлік пен бейбітшілікке үндейді. Бұл әсіресе қазіргі заманда ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді дәріптеу үшін маңызды.
– Урбанизация мен заманауи өмір салты Наурызды тойлау мәдениетіне қандай өзгерістер алып келді?
– Наурыз мейрамы ұзақ жылдар бойы тарихи-саяси себептермен шектеліп, халықтың күнделікті мәдени тәжірибесінен алыстап қалды. Әсіресе, кеңестік кезеңде бұл мерекеге ресми түрде тыйым салынуы оның ұрпақтан-ұрпаққа табиғи түрде берілуіне кедергі келтірді. Соның салдарынан Наурыздың терең философиялық, дүниетанымдық мәні әлсіреп, тек жекелеген элементтері ғана сақталды.
Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдықтарында мереке қайта жаңғырғанымен, қоғамдағы урбанизация үдерісі бұл іске өз әсерін тигізді. Қалаға жаппай көшу, дәстүрлі ауыл өмірінің әлсіреуі, отбасы мен көршілік қатынастардың өзгеруі мәдениет тасымалдаушы ортаның үзілуіне әкелді. Нәтижесінде, көптеген адамдар үшін Наурыздың мазмұны терең рухани құндылықтан гөрі сыртқы мерекелік атрибуттармен ғана шектеліп қалды.
Дегенмен, бұл құбылысты тек теріс бағалауға болмайды. Қазіргі таңда Наурыз жаңа әлеуметтік жағдайда қайта жаңғырып жатыр. Ол ұлттық бірегейлікті нығайтудың, тарихи сананы жаңғыртудың маңызды құралына айналуда. Мемлекеттік деңгейде қолға алынған бастамалар мен қоғамдық қызығушылықтың артуы мерекенің құндылығын біртіндеп күшейтіп келеді.
Осылайша, Наурыз мейрамының құндылығының әлсіздігі – уақытша тарихи және әлеуметтік факторлардың нәтижесі. Болашақта дәстүр мен заманауи өмірдің үйлесуі арқылы оның мазмұны тереңдеп, қоғамдағы орны нығая түседі деген сенімдемін.
Қазіргі кезде Наурыз мейрамы жастар арасында көбіне ойын-сауық сипатында қабылданып жүр. Бұл құбылыстың бірнеше себебі бар.
Біріншіден, әлеуметтік-экономикалық жағдай әсер етеді. Ай ортасында қаржының азаюы, «ұзын сары» кезеңіндегі тұрмыстық қиындықтар жастардың мерекеге белсенді қатысуына кедергі келтіреді. Мұндай кезде олар үшін мерекенің рухани мәнінен гөрі материалдық жағы маңыздырақ болып көрінуі мүмкін.
Екіншіден, танымдық мәселе бар. Көптеген жастар Наурыздың терең философиялық мазмұнын – табиғаттың жаңаруы, адамдар арасындағы татулық, кешірім, ұлттық дәстүрлердің жаңғыруы сияқты құндылықтарды толық түсіне бермейді. Соның салдарынан мереке тек концерт, ойын-сауық деңгейінде қалып қояды.
Үшіншіден, діни фактор да ықпал етеді. Кейбір ортада Наурызды діни тұрғыдан қате түсіндіру, оны жат дәстүр ретінде қабылдау кездеседі. Бұл да жастардың мерекеге деген көзқарасына әсер етіп, олардың қатысу белсенділігін төмендетеді.
Негізгі себеп – Наурыздың шынайы мәні мен мазмұнының жеткілікті деңгейде түсіндірілмеуі. Егер мерекенің рухани және мәдени мағынасы дұрыс насихатталса, жастардың оған деген қызығушылығы да арта түсер еді деп ойлаймын.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



