Наурыз қарсаңында Қарқаралыда тоғыз отбасы баспаналы болды
Қарқаралы ауданы әкімдігінің хабарлауынша, Наурыз мерекесі қарсаңында ауданда көпбалалы тоғыз отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды. Олардың басым бөлігі баспананы жеті жылдан астам уақыт күткен.

– Бұл біздің отбасымыз үшін ерекше сәт, оны сөзбен жеткізу қиын. Біз шынайы қолдауды сезіндік. Балаларымыздың көзіндегі қуанышты көру – ең үлкен бақыт, – дейді көпбалалы ана Жазира Әбдірахманова.
Осындай қуанышты сезімді басқа да жаңа қоныстанушылар бөлісті.
– Бүгін біз үшін бақытты күн. Оның үстіне бұл Наурыз мейрамы қарсаңында орын алып отыр. Бұл – балаларымыз үшін аса құнды сыйлық, – деді жаңа пәтер иесі Балнұр Кәрімбек.
Жаңа қоныс иелерін аудан әкімінің міндетін атқарушы Саят Мусин құттықтады. Ол тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да негізгі бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті.

Ауданда тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Өткен жылы жеке кәсіпкерлердің қатысуымен коммуналдық тұрғын үй қорына сатып алу мақсатында тұрғын үйлердің құрылысы басталған. Нәтижесінде 80 пәтерлік 27 үй салынды. Жаңа баспаналар тек аудан орталығында ғана емес, Көктас және Матақ ауылдарында да пайдалануға берілді.
Қазіргі таңда заңнамаға сәйкес 15 пәтер сатып алынып, кезекте тұрған азаматтарға «Отбасы банкі» арқылы берілуде.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



