Науқасты жеңілмеуге жетелеу қажет
Қарағанды облысында Анатолий Красноженді білмейтін адам кемде-кем. Емделушілеріне Төлеген атымен танымал білікті онколог, уролог дәрігердің кәсіби біліктілігінен бөлек азаматтық келбеті, науқасқа деген ықыласы, қазақ халқына деген құрметі ерекше.
Адам емдеу – үлкен жауапкершілік. Алдына келген науқастың сырқатын дәл табудан бөлек, оған моральдық-психологиялық тұрғыда демеу жасаудың да маңызы зор. Жанға батқан сырқат, ұзаққа созылған емдеу шаралары, сол сырқатпен жүру, соңында дертті жеңе аласың ба, жоқ па білмей өмір сүру оңай емес. Дегенмен, білікті маманның қолына түсіп, дер уақытында ем алсаң құлан таза айығып кету мүмкіндігі зор. Науқасқа қатерлі диагнозды жеткізіп, оның бұл аурудан емделсе, айығып кететініне сендіру осы салада 20 жылдық тәжірибесі бар Анатолий Федорович секілді білімді мамандардың ғана қолынан келеді.
Адамның дертіне шипа, жанына жалау болып жүрген дәрігер осы мамандықты әкесінің айтуымен таңдаған екен. Онысына өкінбейді. Себебі, әр күні үшін күресіп жүрген пациенттер арқылы өмірдің қадірін түсінді. Жарық дүниенің жарқын сәтін сезіну бақытын өзгелерге де сыйлады.
– Ол кісіге деген ризашылығым шексіз. Зейнеткерлік жасқа дейін «ауырдым» деп айтпаған анам, аяқ астынан сырқаттанып қалды. Облыс орталығына барып, барлық тексерістен өтіп, жаман ауруға шалдыққанын білдік. Анамның өзі «емделіп қажеті бар ма екен? Жазылып кетем бе, әлде кішкене болса да, балаларымның қасында жүре тұрайын ба?» деп екі ойлы жүрді. Күн сайын солып бара жатқан жүзін көріп жүрегім қан жылайтын. Көз жанары сөніп бара жатты. Араға біраз уақыт салып, облыстық онкология орталығына келіп, ем ала бастады. Емделуші дәрігерінің жылы шыраймен қарсы алғаны анамның көңіліне сенім ұялатқандай болды. Бұл біздің дәрігер Анатолий Красножен болатын,– дейді Қарқаралы қаласының тұрғыны Диана Қалиақпарқызы.
Иә, мұндай жылы лебіздер жетерлік. Әсіресе, ол кісінің алдына келгендерге сырқаты туралы қазақ тілінде түсінікті жеткізгенде таңқалып қалатындары да бар.
– Мен үшін қазақтың «Ассалаумағалейкум» деп амандасуынан асқан құрмет жоқ. Ауыз толтырып, әуезді күйде жеткізуде үлкен құдірет жатыр. Өзім қазақ тілін мектеп қабырғасында жүргеннен бастап үйрендім. Маған біздің елдің бай салт-дәстүрі ерекше ұнайды. Өзім баяндамаларды қазақша жасаймын. Бастапқыда бәрі таңқалатын, қазір үйренді. Сырқат деңгейлері мен диагнозын, емделу шараларын қазақ тілінде түсіндіргенде көп адамдар қуанып жатады. Қазақша түсінгеннен бөлек сөйлей білу міндет деп ойлаймын. Оның еш қиындығы жоқ, бастысы ынта керек, – дейді онколог дәрігер.
Дәрігер де ет пен сүйектен жаралған. Онда да жүрек бар. Жанашырлық, аяушылық сезімі бар. Тек жылауық емес. Алдына келген науқасты жан-жақты «қаруландыра» отырып, оны жеңілмеуге шақырады. Аурудың әр сатысында жеңіске жетелей отырып, бірлесе әрекет етеді. Бұл Анатолий Федоровичтің басты қағидасы.
Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz