Бас тақырып

Нарықта қай мамандық қат?

Бүгінде Қарағандыда дип­ломы бар, бірақ, жұмысы жоқ жастар аз емес. Ал дәл осы уақытта өндіріс орындары мен әлеуметтік салада мыңдаған бос жұмыс орны толмай тұр. Бір жағында жұмыс іздеген жас мамандар, екінші жағында кадр тапшы кәсіпорындар. Бұл еңбек нарығындағы бас­ты қайшылықтың айқын көрінісі. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, өңірде сұранысқа ие мамандықтар тізімі әлдеқашан анықталған. Ендеше, неге жастар мен жұмыс берушілердің сұранысы әлі де тоғыспай отыр?

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, қазіргі таңда өңірде ең жоғары сұраныс жұмысшы және техникалық мамандықтарға тиесілі. Атап айтқанда, электрмонтер, дәнекерлеуші, слесарь, токарь, құрылысшы-монтаждаушы, жүргізуші, шахтер және сантехник сияқты мамандарға қажеттілік жоғары. Бұл өңірдің өнеркәсіптік аймақ екендігін тағы бір дәлелдейді. Өндіріс, құрылыс және көлік салаларында кадр тапшылығы айқын сезіледі.

Сонымен қатар, медицина мен білім беру саласы да еңбек на­рығында тұрақты сұраныс­қа ие бағыттардың қатарында. Мейірбикелер, санитарлар, орта медициналық қызметкерлер, мек­теп мұғалімдері, бастауыш сы­нып ұстаздары мен тәрбиешілерге деген қажеттілік жыл сайын сақталып келеді. Қызмет көрсетуде де кадр тапшылығы байқалады. Бұл бағытта аспаздар, сатушылар, күзетшілер мен шаштараздар жиі қажет етіледі.

Инженерлік және IT бағыттары да қарқынды дамып келеді. Тау-кен инженерлері, өндіріс басшылары, бұрғылау инженерлері және цифр­лық технология мамандарына сұраныс көбеюде. Бұл салаларда жалақы деңгейі де салыстырмалы түрде жоғары екені байқалады.

Басқарма мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда Электрондық еңбек биржасы порталында 2 085 хабарландыру жарияланып, жалпы саны 4 200 бос жұмыс орны ұсынылған. Бұл жұмыс орындарының басым бөлігі өнеркәсіп, әлеуметтік сала және қызмет көрсету бағыттарына тиесілі. Яғни, еңбек нарығы нақты өндірістік және әлеуметтік секторларға бағытталғанын көрсетеді. Өңірдегі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі де біртіндеп төмендеп келеді. Мәселен, 2022 жылы бұл көрсеткіш 4,5 пайыз болса, 2023 жылы 3 пайызға дейін төмендеген. 2024 жылы 3,1 пайыз деңгейінде тіркелсе, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 2,8 пайыз­ға дейін азайған. Бұл – жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен жұмыспен қамту шараларының тиімділігін көрсетеді.

Жұмыс іздеп келетін жастардың басым бөлігі – колледж бітірген немесе техникалық мамандық иелері. Сонымен қатар, соңғы жылдары IT және цифрлық технологияға қызығушылық басым. Алайда, бұл бағытта тәжірибесі жеткіліксіз жас мамандардың көп болуы олардың жұмысқа орналасуын қиындатады. Жастардың жұмыс таба алмауының негізгі себептерінің бірі – тәжірибенің жетіспеуі. Көптеген жұмыс берушілер дайын, тәжірибесі бар мамандарды іздейді. Еңбек нарығында сұранысқа ие емес мамандықтарды таңдау да мәселені күрделендіреді. Мысалы, заңгерлер мен экономистер саны көп. Ал, бос жұмыс орны шектеулі. Ал, техникалық және жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары болғанымен, жастар арасында бұл бағыттарға қызығушылық төмен.

Қазіргі еңбек нарығында жұмыс берушілер дипломнан бұрын нақты дағды мен тәжірибеге басымдық береді. Жастардан кәсіби біліктілік, цифрлық сауаттылық, тіл білу, жаңа жағдайға тез бейімделу, тәртіп пен жауапкершілік сияқты қасиеттер талап етіледі. Бүгінде «дипломнан гөрі тәжірибе маңызды» деген қағида өзекті болып отыр.

Жастар арасындағы жұмысқа орналасу мәселесін түсіну үшін жас мамандардың пікірін де ескеру қажет. Өйткені еңбек нарығындағы қиындықтарды олар күнделікті өмірде тікелей сезінеді.

– Мен бастауыш сынып мұғалімі мамандығын бітірдім. Университетте оқып жүргенде өз мамандығым бойынша жұмыс табу қиын болмайды деп ойладым. Бірақ, оқу бітірген соң бірден жұмысқа орналасу оңай болмады. Көп мектептерде тәжірибесі бар мамандарға сұраныс жоғары екенін байқадым. Ал, жас маман ретінде тәжірибе жинау – ең үлкен мәселе. Сол себепті біраз уақыт жұмыс іздеп, түрлі мүмкіндіктерді қарастыруға тура келді. Қазір тәжірибе жинау үшін қосымша курстарға қатысып, уақытша жұмыстарды да қарастырып жүрмін. Менің ойымша, қазіргі жастар тек дипломға сенбей, оқу кезінде-ақ тәжірибе жинауға көңіл бөлуі керек. Сонда еңбек нарығына бейімделу әлдеқайда жеңіл болады, – дейді жас маман.

– Жастарды қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар да іске асырылуда. Солардың бірі – «Жастар тәжірибесі» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жас мамандар 12 айға дейін жұмыс істеп, алғашқы тәжірибе жинақтай алады. 2026 жылы осы бағдарлама аясында 720 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Сонымен қатар, өңірде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіліп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Алдағы 3-5 жылда Қарағанды өңірінде 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл – жаңа индустриялық жобалардың жүзеге асуына байланысты. Сарапшылардың болжамынша, өнеркәсіп, машина жасау, тау-кен және металлургия, құрылыс, әлеуметтік сала және қызмет көрсету бағыттарында жұмыс орындары айтарлықтай артады, – дейді Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандары.

Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша кеңесшілер оқытылуда. Ерекше қажеттіліктері бар адамның өзіне лайықты жұмыс тауып, жаңа жұмыс орнына сәтті бейімделуі үшін оған Job Coach маманының қолдауы көрсетіледі.

Қарағандыда мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша кеңесшілерді оқыту бағдарламасы енгізілуде – Job Coach for People with Disabilities. Мұндай маман тараптар арасындағы өзара байланысты қалыптастырып, түсінбеушілік тәуекелдерін азайтып, инклюзивті жұмыс ортасын құруға ықпал етеді. Жобаны ұйымдастырушы – ITeachMe қоғамдық қоры. Бағдарлама мемлекеттік құрылымдар мен Қарағанды облысының еңбек мобильділігі орталығының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі, ITeachMe қоғамдық қорының директоры Захира Бегалиеваның айтуынша, оқытуды әлеуметтік қорғау және инклюзивті жұмыспен қамту саласындағы тәжірибелі сарапшылар жүргізеді.

– Job Coach маманының негізгі міндеттері – мүгедектігі бар адамдарға жеке кеңес беру, олардың кәсіби әлеуетін анықтау, жұмыс іздеу кезеңінде сүйемелдеу, жұмыс берушілермен өзара әрекет орнату, бейімдеу бағдарламаларын әзірлеу және енгізу, сондай-ақ, жұмыс орнында бейімделу кезеңінде қолдау көрсету. Жоба мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру және сүйемелдеу бойынша мамандардың кәсіби даярлық деңгейін арттыруға бағытталған. Оқу барысында қатысушылар мүгедектікті түсінудің заманауи үлгілерін меңгереді, халықаралық тәжірибені қарастырады, нақты кейстерді талдайды және Job Coach маманының кәсіби қиындықтарын талқылайды, – деді қор директоры.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселелері Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың ерекше бақылауында.

Қарағанды облысында еңбек нарығы нақты бағыттарға негізделген. Жастар үшін мүмкіндік көп болғанымен, басты мәселе – дұрыс мамандық таңдау мен тәжірибе жинақтау. Еңбек нарығының сұранысына бейімделген жас маман ғана табысты бола алады. Сондықтан, бүгінгі таңда жастар үшін ең маңыздысы – тек диплом алу емес, нақты дағды мен тәжірибе игеру.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button