Бас тақырып

Қарағандылықтар республикалық көрменің қазанын қайнатты

Кеншілер астанасындағы мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығында «Қа­зақстанның үздік тауары – 2025» республикалық көрме-байқауының аймақтық кезеңі өтті. Онда облыстың 60-тан астам кәсіпорыны өз өнімін ұсынды. Шара өңір бизнесінің жетістіктерін таныстырумен қатар, жаңа әріп­тестік орнатып, идеялар алмасатын маңызды алаңға айналды. Ауқымды көрме аясында өндірістік әлеуеті жоғары компаниялар, шағын және орта бизнес өкілдері және жаңа технологияларды меңгерген кәсіпкерлер бас қосты.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Көрменің ашылу және марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов, өңірлік кеңес мүшелері, мемлекеттік органдар өкілдері, бизнес-қауымдастық және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Қонақтар өнімдермен танысып, олардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін ерекше атап өтті.

Облыс әкімінің орынбасары аймақта өнеркәсіп өндірісінің көлемі тұрақты өсіп келе жатқанын әрі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағдай жасалып жатқанын атап айтты.

– Мемлекет басшысы отандық өндірісті қолдауға әрдайым ерекше назар аударады. Бүгінгі көрмеге облыстың 60-тан астам кәсіпорны қатысып отыр, олардың көпшілігі – шағын және орта бизнес өкілдері. Олардың өнімдері нарықта сұранысқа ие, бәсекеге төтеп береді әрі өңір мен ел экономикасына қомақты үлес қосуда. Бұл байқау өзара тиімді ынтымақтас­тық орнатуға, өткізу нарығын кеңейтуге және отандық өнімнің имиджін нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Ермек Амантайұлы.

Көрмеге әртүрлі өндіріс салаларына арналған өнімдер қойылды. Атап айтқанда, үстел-орындықтар, қоқыс жәшіктері, темір швеллерлер, электр сымдары, шарлы және бекіту арматуралары, машинаға арналған қосалқы бөлшектер, су және газ құбырлары, темір-бетон бұйымдары, құдық қақпақтары мен жиектастар көрсетілді.

Сондай-ақ, жылуоқшаулағыш материалдар, отқа төзімді арнайы киімдер, полиция қызметкерлеріне арналған толық киім үлгілері мен жабдықтар, электр есептегіш құралдары, қаңылтыр бұйымдары және автобустар өндірісі таныстырылды. Сонымен қатар, шана, велосипед, кубоктар мен статуэткалар да қойылды.

Тағам өнімдерінен ет және шұжық өнімдері, тауық еті өнімдері, ұннан жасалған тағамдар, манты, тұшпара, тоқаштар, түрлі тәттілер, сүт өнімдері, йогурттар мен балмұздақтар һәм нан өнімдері ұсынылды.

Тұрмыстық техника түрлерінен теледидар, кір жуғыш машина, су жылытқыш титан, шаңсорғыш және өзге де тұрмыс­тық құрылғылар қойылды. Құрылыс материалдары, сабын және сусабын өнімдері де көрмеде орын алды.

Бұдан бөлек, биохимиялық зерттеулерге арналған арнайы сұйықтықтар, демалысқа арналған палаткалар, қағаз және баспа өнімдері, түрлі киім-кешек үлгілері де келушілер назарынан тыс қалмады.

Қонақтар тауарлармен танысып қана қоймай, өндірушілерден тікелей сатып алып жатты.

Солардың бірнешеуімен тілдесіп, өнімдерімен таныстық. Мәселен, «Qaz Delikates» ЖШС ет деликатестері мен шұжық өнімдерін өндіреді.

– Көрмеге қазы, шұжық, тауық еті және жартылай дайын фабрикаттар әкелдік. Сонымен қатар, бір табақ етке арналған жиынтық та бар. Онда ет пен қазы бар. Сыйлыққа да беруге болады. Сауда үйлерінде де өнімдеріміз сатылуда. Өнімдеріміз 100 пайыз таза өнімнен. Ешқандай химиялық қоспа жоқ. Мәселен, 120 гр қазы 1200 теңге тұрады. Ал, бір табақ еттің жиынтығы 8100 теңге. Әзірге көрші облыстарға ғана шықтық. 30-дан астам адамды жұмыспен қамтып отырмыз, – дейді аталған мекеме басшысы Роман Малахов.

Ал, «WEC Trade» ЖШС – тұрмыстық химия өндіретін қазақстандық компания. Нақтырақ айтсақ, 90-нан астам өнім түрін, оның ішінде, кір жуғыш гельдер, ыдыс жуғыш құралдар, әмбебап тазалағыштар өндіреді. Зауыт толық циклмен жұмыс істейді. Өнімдері Wildberries, Ozon маркетплейстерінде ұсынылғанын атап өткен жөн.

Одан бөлек, Forever Flourishing металлургиялық зауыт 2017 жылы құрылған.

– Металлургиялық зауыт бұрышты болат құймаларын және швеллер шығарады. Яғни, темір-терсекті қабылдап, пеште балқытып, одан өнім дайындап, аймаққа, елімізге және көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанға экспорттаймыз. Мұны ғимараттардың құрылыс жұмыстарына, жол құрылысына пайдаланады. Нарықта сұранысқа ие. Еліміз бойынша жалғыз зауыт. Жылына 90 тонна өнім өндіреміз, – деді зауыттың сату бөлімінің маманы Әли Тоқмұрзин.

Бір айта кетерлігі, өнімін ұсынған компаниялар өкілдері жұртшылықтың барлық сұрағына жауап беріп, көрменің қазанын қайнатты.

Байқау қорытындысы бойынша үш номинация бойынша жеңімпаздар анықталды.

«Үздік азықтүлік тауарлары» аталымында елімізге сүт өнімдерімен кеңінен танымал «Нәтиже Сүт Фабрикасы» ЖШС, 40 жылдық тарихы бар, жылына 50 мың тоннаға дейін нан-тоқаш және кондитерлік өнім шығаратын кәсіпорын «Қарағанды-Нан Корпорациясы» ЖШС, сонымен қатар, 2014 жылдан бері 85-тен астам ет өнімін, оның ішінде бірнеше түрлі шұжық өнімдерін өндіретін «Мецгер Шұжық Цехы» ЖШС үздік деп танылды.

Ал, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында PROTEC салқындатқыш сұйықтығын шығаратын отандық өндіруші «Азия-СМ» ЖШС, теміржол саласына арналған жабдықтар шығаратын «Drive Industry» ЖШС және Yutong автобустары мен Howo маркалы арнайы техника өндіретін заманауи зауыт «QazTehna» ЖШС үздік атанды.

Одан бөлек, «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымында Artel және Samsung брендтерімен теледидар мен кір жуғыш машиналар өндіретін «Silk Road Electronics» ЖШС, 90-нан астам тұрмыстық химия өнімін шығаратын «WEC Trade» ЖШС және BRILLER брендімен лак-бояу өнімдерін өндіретін «Темір-Барс Теміртау» ЖШС лауреат атанды. Аталмыш зауыт 2023 жылы 200 тонна өнім өндірсе, 2025 жылы көлемін 500 тоннаға дейін ұлғайтты.

Бұдан бөлек, Қарағанды облысы әкімінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» арнайы сыйлығына кабель өнімдері нарығының көшбасшысы, елімізде алғашқылардың бірі болып LAN және талшықты-оптикалық кабельдер өндірісін жолға қойған «KAZCENTRELECTROPROVOD» ЖШС лайық деп танылды.

– Бұл – ерен еңбегіміз бен өнім сапасына берілген жоғары баға. Байқауға қатысып, өзімізді таныттық, тұтынушылар сеніміне ие болдық. Жоғары деңгейде өтті, – дейді «WEC Trade» ЖШС бас директоры Вячеслав Цой.

Басқа кәсіпорын өкілдері де айтулы байқаудағы жеңістің жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтады.
«Қазақстанның үздік тауары» байқауы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығымен қатар, 2006 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын атап өткен жөн. Байқау қазіргі таңда отандық өндірушілерді ілгерілетудің басты алаңдарының біріне айналып отыр. Бұған дейін қарағандылық компаниялар республикалық кезеңде бірнеше рет лауреат атанған. Олардың қатарында «REN-Milk», «Бемер Арматура», «Мэйкер», AV Group, «Каз-Метиз», Қарағанды металл бұйымдары зауыты және басқа да кәсіпорындар бар.

Көрме-байқау облыс әкімдігі мен облыстық Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткенін атап айту керек. Палата директоры Ернар Күлпейісовтің мәлімдеуінше, жеңімпаздардың табысы аймақтың өнеркәсіптік және кәсіпкерлік әлеуетінің биік екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

– Көрме – әр қатысушыға бизнес әлемінде өзін таныстыруға және жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін алаң. Бүгін жеңімпаз атанған компаниялардың республикалық деңгейде облыс әлеуетін лайықты таныстыратынына сенім мол. Ал, кәсіпкерлер палатасы өз кезегінде бизнес-климатты жақсартып, импортқа тәуелділікті азайтуға және жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған жұмысын жалғастыра бермек, – деді ол.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button