Нартай Сәрсенғалиев: Пранк жасаймын деп қоғамдық тәртіпті бұзатындар көбейіп кетті
«AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға әлеуметтік желілерде кең таралған қауіпті пранктер жөнінде депутаттық сауал жолдады.

Депутат қоғамда көбейіп кеткен қауіпті пранктерге қарсы шара қабылдауды ұсынды.
Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде пранк жасап, қоғамдық тәртіпті бұзатын және адамдардың жеке өміріне қол сұғатын жағдайлар жиілеген. Мысалы, блогерлердің лифт ішінде «жалған мәйіт» қоюы, тапаншамен адамдарды қорқытуы, аула сыпырушыларды мазақ етуі, сондай-ақ шетелде арсыз әрекеттер жасауы – қоғамның наразылығын тудырып отыр.
Депутат мұндай әрекеттерді заңмен қатаң шектеу қажет екенін айтты. Сонымен қатар жасанды интеллект арқылы жасалатын жалған бейнероликтердің де қауіптілігіне назар аударды.
Нұржан Сәрсенғалиев Үкіметке төрт ұсыныс жасады:
1. Қоғамдық тәртіпті бұзған пранкерлердің бірыңғай тізімін жасап, жариялау;
2. Адамның ар-намысына тиетін мазмұн жариялаған парақшаларды бұғаттау;
3. Әлеуметтік желі әкімшіліктерінен қауіпті контент туралы уәкілетті органдарға дереу хабарлау талабын қою;
4. Теріс пранктердің алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу.
Депутаттың айтуынша, «Ойын түбі — от, тұман түбі — жұт» дегенді түсінбейтін блогерлерге заңмен тосқауыл қою – уақыт талабы.
Аяулым СОВЕТ



