Нарманбет – Абай ақындық мектебінің өкілі
Нарманбеттің шығармашылық ізденісінде, ақындық қуатының еселенуінде Абай дәстүрінің ықпалы болғаны сөзсіз. Абай дәстүрі өлеңдерінің көркемдік сипатына және өлеңнің құрылыс-үлгісін, өлшем-өрнектерді түрлендіріп қолдануынан байқалады.
Ақын «Абаймен сөз жарыстыруында» Абайдың «Кемді күн қызық дәурен бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық. Жастықтықта бір күлгенің бір қаралық, Күлкі баққан бір көрер бейшаралық» өлең жолдарын өзінше былай түрлендіреді:
Кемді күн қызық дәурен бозбалалық,
Бозбалаға талап көп қозғаларлық.
Басында тағылым алсаң, жақсыдан ал,
Әр сөзден тиер пайда бір қаралық». Сонымен бірге, Нарманбет Абайдың:
«Нәпсі – жел, көңіл өзен толқын ұрған,
Таупықсыз ақыл мақұл болмайды екен,
Ми – патша, ақыл – дария кеңес құрған.
Білмесең – құр суретсің бекер тұрған» – деген өлеңін:
«Сөз – самал, өлең – дария толқын ұрған,
Ми – патша, ақыл – уәзір кеңес құрған.
Ғылымсыз ақыл таупық болмайды екен
Болмаса – құр суретсің бекер тұрған» деп өзгерткен. Ақынның Абай сөздерін ұштай отырып, мағына жағынан тереңдете түскенін байқаймыз. Мұндай мысал ретінде «Сегіз аяқтағы»: «Толғауы тоқсан қызыл тіл, Сөйлеймін десең өзің біл» деген жолдардың Нарманбетте: «Толғаулы тоқсан қызыл тіл, Өнерің болса сөйлеп бақ, Есебін тауып сөйлесең, Күйлемекші көмей-жақ» деп берілуін келтіруге болады. Сонымен қатар, «жүректен у төгілмес», «боясаң надан түзелмес», «екі ұртының қаны бар» сияқты сөз тіркестері де Абай стилін аңғартады.
Нарманбет өз поэзиясына Абай өлеңдерінің көркемдік нәрін сіңіре отырып, жаңа түрлерін шеберлік қырына орай ұтымды қолданған. «Ауыл қайғысы», «Кер заман», «Шал қайғысы», «Ілкімді құс», «Екі ғашық, қысқа таң», «Албырт жастық», «Толғаулы тоқсан қызыл тіл», «Мен бір аңқау пендемін», «Алыстан болжап, ақылмен толғап» атты өлеңдері Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңінің өрнегімен жазылған.
Ақынның «Кер заман», «Партия туралы» атты сатиралық сипаттағы өлеңдерінде троптың кекесін (ирония), мысқыл (сарказм) түрлері де қоғамды жайлаған әлеуметтік келеңсіздіктерді келемеждеу, әшкерлеу тұрғысынан жарасым тапқан. Абай поэзиясында сомдалған сатиралық образдың типтік үлгісі көрініс таппағанымен, шен-шекпен үшін ар-намысын ғана емес, елін сатқан екі жүзді озбырлардың мінезін, іс-әрекетін әшкерелеуде сатиралық сипатының астары қалың кекесін, мысқыл арқылы отаршылдық жүйені, оның сойылын соққандарды әшкерлейді.
Символмен, аллегориялық тұспалмен өз дәуірінің аса өзекті мәселелерін суреткерлікпен береді. Бұған «Сақараға қарасақ», «Аждаһаның аузында», «Тілекті хақтың берген күн», «Қарағай мен қараған» өлеңдеріндегі ой мен образдың шеберлікпен ұштастыра берілуін нақты мысал тұрғысынан қарастыруға болады. Бейқам елдің қысымдағы мүшкіл халін айтып, отаршыл өктемдіктің озбырлығын жыртқыш қасқырдың балама бейнесінде астарлап, тұспалдап жеткізеді. Мысалы, «Сақараға қарасақ – Жайылған қойдай халайық. Бейғамына қарасақ – Қасқыр жеуге ылайық». Енді бір өлеңінде отаршыл Ресей империясын аждаһа бейнесінде береді: «Әждаһаның аузында Айрылып қалдық қоныстан. Берекелі мизам шықпай тұр Әлі бізге орыстан».
Заман – қоғам – адам және осы үшеуінің сол кездегі жай-күйі де қос ақынды өз уақыттарында толғантпай қойған жоқ.
Жалқаулықтан, надандықтан шығар жол іздеген, кекшілдіктен көпшілдікке шақырған Абай сонымен бірге:
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң, қуан сол кезде.
Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең істің бәрі бос, – деп еңбекке, адалдық пен шаруақорлыққа шақырса, Нарманбет:
Бай болғымыз келеді,
Ниетті сөйтіп бөледі.
Қолға келген мал да жоқ.
Бек болғымыз келеді
Аттай көңіл желеді,
Қазақ түгіл ханға жоқ, – деп заманындағы қалыптасқан психологияны шебер суреттеп, Абай ұстазы сияқты, елін «артына өрмек қалдыруға», жарық сәулелі шам жағуға үгіттейді.
Абай:
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын.
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып, құрып барасың.
Өтірік шағым толды ғой,
Өкінер уақытың болды ғой, – десе, Нарманбет:
Адамға әбүйір мен бірлік керек,
Ұят, нысап, намыс пен тірлік керек.
Ғылым – білім, ілгері басуды ойла!
Болмады тағдыр ісін қалай дерге,
Ақ соқпақ адастырмас талай жерге.
Жақсылар, істі түзет, жұртты күзет!
Біріңді бірің шауып, талай берме! – деп елдесуге, бірігуге шақырады.
Сол кезеңдердегі енді-енді қанаттарын қомдап, жаңа өмірге жолдама алған жастардың әрекеті, мінез-құлқы, ала ауыздығы, бір-біріне қастығы, мейірімсіздігі ақындарды бей-жай қалдырмаған. Абай «Заман ақыр жастары» деген өлеңінде бұл туралы:
Заман ақыр жастары
Қосылмас ешбір бастары
Бір-біріне қастыққа
Қойнына тыққан тастары.
Саудасы – ар мен иманы,
Қайрат жоқ бойын тыйғалы.
Еңбекпен етті ауыртпай,
Құр тілменен жиғаны.
Өнімсіз өскен шеп-шебер
Майданға түспей несі өнер.
Сиырша, тойса мас болып,
Өреге келіп сүйкенер, – десе, Нарманбет:
О, бозбала, өнер-ғылым үйренбедің,
Ел кезіп, өсек айтып сүйреңдедің.
Әрқайсың әр жұмысқа қылсаң талап,
Сендерді құр нақақтан бүйдер ме едім.
Жігіттер, ынталарың менікінде,
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Әр нәрсенің өзіндік есесі бар,
Біреу сөйтіп жүрмесін сенікін де.
Сендейлер толып жатыр ел ішінде,
Еңбегінің көрмейтін жемісін де.
Көше таптап, ел ақтап күнелтіп жүр,
Балық, бақа шөлдей ме көл ішінде, – деп заманының болашағы – жастарға налиды. Бұл өмірдің бес күндік екенін, сыналар сәт жеткенде, қапы қалмауларын ескертеді.
Нарманбет ақын да жастық шақты бос өткізбе, көзің ашық, көңілің сергек кезде баянсыз өміріңді өткізіп алма деп насихат айтады. Ішпей мас, жемей тоқ болып жүрген қайран жастығыңда артыңа үлгі болар еңбек етпесең, өміріңнің алды тұщы, арты кермек татып, құмға сіңген судай жоғаласың дейді. Абайдың «Ойын – арзан, күлкі – қымбат» идеясын Нарманбет:
Жаман тату қазады өзіңе ор,
Оған сенсең, бір күні боларсың қор.
Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,
Өзі зордың болады ығы да зор, – деген моральдық-дидактикалық сарынмен әрі қарай жалғастырады. Нарманбеттің де «Қанағат, рақым, шапағат, қайыр, ықсан» өлеңі Абайдың әйгілі «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңіндегі ойымен сабақтасып жатыр:
Қанағат, рақым, шапағат, қайыр ықсан,
Бұл бесеуі жоқ жерде байлық дұшпан.
Бақ-байлықтың қызығын көрем десең,
Осы айтылған бесеуі ұстар тұтқан.
Мініп, киіп, ішіп, жеп қайыр істе!
Ырзық, нәсіп өлшеулі, өмір ықшам,
Сандық толы сары алтын – төрт түлік мал,
Қызықтырып алдайды, ол – бір мыстан.
Тиісті орынына жұмсамасаң,
Қайыры жоқ, бақ-байлық арға нұқсан.
Көрмедім, естімедім бір адамды,
Мініп, киіп, ішіп, жеп байлық тұтқан.
Ақырында қылады жермен жексен.
Үрістемдер жер бетін түгел жықсаң,
Осы айтылған сөзімнің бәрі ақиқат,
Ерегіспей ақылмен түгел ұқсаң.
Аз өмірге көп байлық таусылмайды,
Дүние – сүйек, қажаған біз бір тышқан, – деп тартынбастан талап қылуға үндейді. Өнер-ғылымды меңгерудің басы – жас баланы оқыту, тәрбиелеуден басталатынын ашып көрсетеді. Көптеген шығармаларында Абай ұстазы сияқты қазақ балаларының жас ғұмырының оқумен емес, бос өтіп бара жатқанын ашына жазып, шала оқу мен қисық тәрбиенің бала өміріне қаншалықты зиянды әсер ететінін терең суреттейді.
Нарманбет поэзиясын ұлы Абай дәстүрімен тамырластырып, үндестіріп, сабақтастырып жатқан ең негізгі нәрсе – ондағы өмір шындығын, қоғамдық құбылыстарды шынайы, әрі сыншылдықпен бейнелейтін реалистік тәсіл. Қос ақынның да творчествосында өз кезеңдеріндегі қазақ даласының саяси-экономикалық және әлеуметтік шындығы, бейнесі айқын көрінеді. Қазақтың поэзиясында Абай салған сыншыл реализмнің керегесін кеңейтуде, Абай мектебінен шығып, дәстүрлі үрдісті жалғастыруда Нарманбеттің орны ерекше.
Жансая ЖАРЫЛҒАПОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор.