Нәзіктігіне, жаратылысына мүлде қайшы қара жұмыстарда нардың жүгін арқалап, өндіріс саласында еңбек етіп жүрген әйелдер қауымы қаншама?! Солардың бірегейі, «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс қорыту зауытының мыс электролиздеу цехының матрицалық қаңылтыр өңдеушісі – Сандуғаш Ибрагимова. Отанасы өндірісте 20 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Еңбек адамының еңбегі қаншалықты ауыр екенін білу үшін бір күнді өндірісте өткізу керек. Біліктілігі анағұрлым жоғары процессордың көмегімен матрицалық негіздерді кесу және түзету, құлақтарды кесу, бекіту, көтерме кранға ілу, өнімдерді сұрыптау, таңбалау, қоймаға қою және тасымалдау Сандуғаш Болатқызының күнделікті жұмысы. Әйел затының өнімдерді натрий гидроксидімен және азот қышқылымен химиялық өңдеуін, тойтару станоктарына және катод негіздерін түзетуге арналған роликтерге салып, иіп жатқанын көргенде таңданысымызды жасыра алмадық. Катодты қаңылтырлардың сапасына қойылатын талаптарды орындап, жабдықтың жұмысындағы ақауларды анықтау және жою жұмыстары екінің бірінің қолынан келетін іс емес.
Кейіпкеріміз мыс электролиздеу цехына 2003 жылы жұмысқа қабылданыпты.
– Мен өндіріске бет бұрған тұста цехтағы жұмыстың алғашқы айлары қиын болды. Агрегаттардың шуынан, шаңнан қатты шаршадым. Ауысымнан үйге келіп, бірден ұйықтап кететінмін. Сол тұста тәлімгерлерім – Жанар Әбеуова, Галя Рижская, Валерий Рудиков бар білгенін үйретті. Бәрі қажырлы еңбектің арқасында жүзеге асатындығын үнемі айтып отыратын. Кейін үйреніп, қазір бұл цех пен ұжым бір шаңыраққа айналды, – дейді Сандуғаш Болатқызы.
Мұнда қырыққа жуық адам жұмыс істейді. Бригадирі Гүлжан Қуатбекова нағыз еңбектің майталманы. Әр ауысымда алты адам жұмыс істейді. Бір ауысымда көрсетілген кесте бойынша бригаданың әрбір мүшесі 600 дана катодты негіз өндіріп, тиеуі тиіс. Ал, оны тоннамен есептесек, мұндағы әйел адамдардың еңбегі ерлерден кем емес. Бір ауысымда өңдеушінің нормасы – 6,5 тонна. Бір айда барлық бригада 4 мың тоннаға жуық өнімді өңдеп шығарады.
Өндіріс те өте ауыр, көп еңбекті және дене күшін қажет ететін қол жұмысы. Бұл цехтағылардың барлығы ортақ тіл тауып, ұжымдағы жұмысты бірқалыпты жүргізуде.
«Алғаш еңбек жолымды бастағанда өңдеуші болып әйелдер ғана жұмыс істеді. Ер адамдар қатарымызға жақында ғана қосылды. Біздің жұмыс матрицалық парақтарды – тойтару машиналарында катодты негіздерді жасаудан тұрады. Содан кейін олар электролиз ванналарына серияға жіберіледі. Әріптестерімнің еңбекқорлығының арқасында жүздеген тонна ашық сарғыш парақтар электролизден кейін таза катодты мысқа айналады. Өнім дайын болғанда алыс шетелдерге экспортталады», – дейді металлург өз жұмысын баяндап.
Сандуғаш Ибрагимованың алған Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары да жетерлік. Мұны маңдай тер, табанақы еңбектің өтеуіне баладық. Металлург ананың айтуынша мамандығы – қай кезде де ерекше кәсіп. Ол Балқаш мыс қорыту зауытының мыс электролиздеу цехындағы жұмысын ерекше құлшыныспен бастайды. Өйткені, өндірісті өрге сүйреген жан – тек білікті маман ғана емес, адами тұрғыда кемелденіп, биік белестерді бағындырған толық адам.
Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz