Құнанбай мешітінің мәртебесі һақында
Біздің ел-күнде* мешіт салу ісі ақ патшаның 1782 жылғы жарлығынан бастау алады. Метрополияның заңына сай салынуға жататын алғашқы төрт мешіттің бірінің орны ретінде Петропавл бекінісі таңдалынып алынған. Өйткені бұл бекіністе қазақтар Еділ аймағы және Орта Азия көпестерімен айырбас сауда жүргізетін. 1792 жылы басталған тас мешітке найзағай түскен соң, мұсылмандар оны жаман ырымға балап, құрылыстың аяқталуын қаламай, оның орнына көпестердің қаржысына үш ағаш мешіт салып алады.
Империялық саясат өзінен әлсіз көршілерін өз ырқына көндіру, жат заңына бағындыру үшін мылтық пен зеңбірекпен қатар, дін мен сауда ісін ұтымды пайдалана білді. Пайда, табыс таппақ көпестер де сауда ісін қазақ даласында өрістету үшін қажетті саналған мешіт салу ісінде патша кеңсесінен қалыспаған. Сол замандағы көп көпестің бірі М.Усманов 1847 жылы өз қаражатына Семей қаласында ағаш мешіт салу үшін Уфа қаласындағы Орынбор діни кеңесінен рұқсат сұрап хат жолдапты. Өйткені қазақ мұсылмандары империяның 1788 жылғы жарлығының 1141-бабына сәйкес құрылған мұсылмандардың діни басқармасының орынборлық округіне қарайтын. Патша жарлығының 1146-бабы бойынша жергілікті мешіттер мұсылмандардың азаматтық хал актілерін тіркеп отыруға міндеттелген. Өлкетанушы Е.Мұстафин 1852 жылдан бастап Уфадағы округтік басқармаға жолданып отырған метрикалық актілер ішінен 1852 жылдың 21 желтоқсанында Құнанбайдың Ұлжаннан туған ұлы Оспан туралы Қарқаралы мешітінің метрикасын кездестіреді. Уфадан Құнанбай ұлының туу метрикасын тапқан өлкетанушы Е.Мұстафин Абайдың інісі Оспанның Қарқаралыда дүниеге келуі мүмкін деген пікір білдіріп отыр. Зерттеуші Е.Мұстафин архивтен табылған Оспанның метрикасына абайтанушылар қызығушылық танытар деп ойлайды. Орнымен айтылған білімді сөз. Білімдіден шыққан сөзді түзу түсініп, дұрыс ұғуға талаптанып көрелік.
Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешіті жайлы баянымыздың алғы сөзін біз қажының ұрпағы Абайдың сөзімен бастайық деп отырмыз. Өйткені Абайдың сөзі Қарқаралы мешітінің ашылу себебіне адастырмай тура жол тауып берер дерек. Абай «Жиырма бесінші» сөзінде айтады: «Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады. Оның үшін бұл жер дарулхарап*, мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек». Абай қолданған «Дарулхарап» – араб сөзі, мағынасы «соғыс, қауіпті, бүлінген, соғыс майданы». Қай заманда болмасын империя төңірегі соғыс аймағына айналған соң бодан жұрттың соғысқа жарарлық адамы метрополияның әскеріне қосылуы тиіс-тін. Әлсіз елдің өз ырқы өз қолынан кеткен соң әлдінің әлегіне көнуге мәжбүр. Көрші империя Батыс Сібірді басып алғалы қазақ даласын отарламақ ниетпен шекарада әскери бекіністер шебін құра бастайды. Бұл шептердің бойына орыс казактары қоныстанып, олардың станицалары, слободкалары пайда болған. 1742 жылы 20 мамырда Сенатының шекаралық өңірдегі бекіністерді қорғау жайында жарлығынан бері шекара шебінде казак слободкаларының саны молая түсті. Казак станицаларында казак сословиясына жататын мұсылмандар да болған. Ол туралы 1856 жылы қабылданған заң нормасынан анықтадық. Империяның Заңдар Жинағының XI томының 1-бөлігінің 5-кітабындағы 1251-бабында Сібірлік Линейное казачье войскасына қарайтын слободкалардағы мешіттер саны 1831 жылғы заңының 1205-бабында бекітілген нормасынан аспасын, ал басы артық мешіттер бірден жабылмасын, ескірген кезде істен шығарылсын делінген. Патша басында казак әскери сословиясына көп ұлттың, әртүрлі діни конфессиялардың өкілдерін де тартуға, олардың діни-нанымдарын сақтауға мүдделі болған. Казактар әскери қызметке өз қару-жарағымен, киім-кешегімен, азық-түлігімен, өз атымен шығатын болған соң үкімет оларға қосымша табыс табуға мүмкіндік беру үшін қазақ даласымен айырбас сауда-саттық жасауға, сауда керуендерінде күзетші болуға рұқсат берген. Керуен жолдары Тобықты елін де айналып өтпеген, саудагерлерді күзеткен мұсылман-казактары шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбай ауылының сыйлы қонағы болған сыңайлы. Олай деуге ғылыми айналымға түскен мәліметтер итермелейді.
Архивтік деректер Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың інісі Жортар Ырғызбайұлының әскери старшина атағын 1818 жылы осы корпустың басшысы генерал-лейтенант Г.Глазенаптың қолынан алғанын паш етеді. Жортарға әскери старшина атағын метрополияға айрықша сіңген еңбегі үшін берілгені сөзсіз. Сібірлік казактар әскері 1815 жылдан Сібірдегі ерекше әскери корпусына қарай бастаған. Глазенаптан әскери атақ алу үшін Жортар Сібірлік казактар әскерінің құрамында біраз жылдар еңбек етуі тиіс-тін. Империя қазақ даласында өздерінің адамдары, мешіттері арқылы «отарлаушылық мұсылмандықты» енгізуге мүдделі болған. Өйткені, метрополия Жібек жолымен небір сауда керуендері араб, парсы тілі мен дінін емін-еркін енгізіп, қазақты бауырына басып алмақ ойынан хабардар болатын. Қазақ жерін Орта Азияға апарар қақпаның кілті деп санаған патша қырдағы дін ісін де өз ықпалында ұстауға тырысып баққан. Сол себептен, 1847 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы П.Горчаков Қарқаралы округтік приказына округ орталығында ағаш мешітін салуға рұқсат еткен. Абайдың «Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады. Оның үшін бұл жер дарулхарап*, мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек» деген сөзі сол кездегі саяси-құқықтық жағдайды суреттеп отыр. Құнанбайдың өзінің ұлы Абайды Семейдегі Ахмет Риза мешіті жанындағы медресесіне 1855 жылы оқуға бермек ойы Қарқаралы мешітін салу барысында келгенін оның 1850 жылдың 7 қаңтарында Омбыдағы шекара бастығына жазған хаты растайды. 1849 жылы аға сұлтандыққа тағайындалған Құнанбай өз хатында мешіт салуға бөлінген жердің қолайсыздығын тілге тиек ете отырып, оның мешіт жанында имамның үйі мен ұл балаларды оқытатын мектеп ғимаратына таршылық ететінін атап көрсеткен. Құнанбайдың мешіт құрылысы һақындағы хатында бірінші кезекте балаларды білім-ғылымға баулуға қажетті, міндетті түрде салынуға тиісті оқу орнына жер керек деген. Хаттың осы жолдарынан Құнанбайдың білім беретін мектепсіз мешітке жол жоқ деген пайымдауын танисыз.
Құнанбайдың әуелде Абайды Семейдегі Ғабдүл-Жаппар имамға беріп, артынан ғылым жолын тереңдетіп оқытатын Ахмет Ризаның мешіт-медресесіне ауыстыруы да біздің тұжырымымызды дәлелдей түседі. Қарқаралы мешітінің құрылысына қатысты жазған хатынан біз Құнанбайдың бұл іске жүйелі жоспармен кіріскенін көреміз. Құрылыс ісі басталмай тұрып Құнанбай мешітке бөлінген жерді лайықсыз деп тапқан. Оның ойынша, болашақта Қарқаралы округі қазақтарының көбісі мешіт пен медресенің маңайынан үй салуды қалайды. Қазірдің өзінде қазақтардан бөлек татар, бұқар, ташкенттік көпестер де мешіт жанынан өздерінің жекеменшік үйлерін салуға шекара басқармасынан рұқсат алып беру жөнінде Қарқаралы приказына өтініш түсіруде. Паспорттары бар шетел көпестеріне үй салуға рұқсат беруге болар еді, жағдай өзгере қалса, олар үйлерін басқаларға сатып кете берер еді. Құнанбайдың мешіті салынған соң қазақтар соның маңайынан үй салуға рұқсат сұрайтыны туралы сөзі расқа шықты. Зерттеуші Б.Нәсеновтің архивтен тапқан дерегі бойынша 1860 жылы Қарқаралы округінің Жағалбайлы-Байбөрі болысының басшысы Алдаберген Еділбаев Қарқаралы қонысында жекеменшік ағаш үй салуға рұқсат алады. Болыс А.Еділбаев жай адам емес, ол – аға сұлтан Құнанбайдың құдасы. Құнанбайдың Күнкеден туған үлкен ұлы Құдайбердінің қайын атасы. 1858 жылы туған ақын, ойшыл Шәкәрім Құдайбердиевтің нағашы атасы. Омбы архивіндегі Құнанбайға қатысты істе – 1855 жылдар аралығында Қарқаралыда Құнанбайдың жекеменшігінде ағаш үй болғаны туралы ресми дерек бар.
Расында да, 1822 жылғы «Сібір қазақтарын басқару туралы» жарлық бойынша Қарқаралы приказына аға сұлтандыққа сайланған адам приказ орналасқан мекенде тұруға міндетті еді. Заң ережесі мен осы деректерді салыстыра келгенде өлкетанушы Е.Мұстафиннің Құнанбайдың Ұлжаннан туған ұлы Оспан 1852 жылдың желтоқсанында Қарқаралыда дүниеге келуі мүмкін деген сөзінің қисыны барлығына көз жеткізуге болар. Құнанбайдың Қарқаралыны мекен етуі аға сұлтандыққа сайланған 1849 жылдан ертерек басталғанын зерттеуші Б.Нәсеновтің архивтен тапқан құжаттары да бекітеді. Құнанбайдың әкесі Өскенбай би 1826 жылдың күзінде Қаракесек болысына қарасты бұқараның сұлтан Саржанның бұлғағына қосылып адасқан кезінде империяға шынайы берілгендігі және пайдалы қызмет көрсеткендігі үшін әскери старшина атағын алғандығын растайтын құжатты алуға Қарқаралы приказіне келіп кеткен. Қарқаралының қазақтың ежелгі елді мекені екендігін 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы» Жарғының 14-бабы дәлелдейді. Бұл нормаға сәйкес қырда құрылатын сыртқы округтердің өзіндік ресми атауларынан өзге, әкімшілік аумақтағы атағы ерте шыққан мекеннің ныспысын өзінің төл есім-сойы ретінде иелік етуге құқығы бекітілген. Ырғызбайдың ұлдары Жортар мен Өскенбайдың ХІХ ғасырдың басынан империя әкімшілігімен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан оның немересі Құнанбай да үлкендердің соңынан ілесіп, бала жігіт кезінен Шыңғыстау, Қарқаралы, Омбыға апарар керуен жолдарын талай кезген уақытта Қарқаралыны сан мәрте қоныс еткен.
Қарқаралы қазағының округ орталығында салынған ағаш мешітті Құнанбай қажы мешіті деп атап кетуінің заңды негізі бар. 1850 жылы шекара бастығына жазған хатында аға сұлтан Құнанбай былтыр мешіт құрылысына жиналған қоғамдық қаражатқа салынатын мешітті ендігі жерде өзінің жеке қарауына алуға нақты шешім еткенін жазады. Құнанбай үкіметтен мешіт пен медресеге қажетті жерді анықтап беруді өтіне отыруымен бірге кәсіби құрылысшыларды да өзі іздеп тауып беріп отырған. Орынбордағы Құнанбай ісінде Шыңғыс болысының қазағы Қаржан Боранқұловтың жауабы тіркелген. Оның айтуы бойынша, 1850 жылдың күзінде Майбасар Өскенбаевтың ауылына заседатель Лагунов келгендегі оқиғалардан бейхабар болған. Өйткені ол татар Баймұратты Қарқаралыға мешіт салуға апарып тастап, ауылға Лагунов кетейін деп жатқанда оралған. Яғни, мешітке қажетті құрылысшы маманды Құнанбай тауып беріп отыр. Патша заңдары бойынша Орынбор мұсылман кеңесінің басшыларын ішкі істер министрінің ұсынысымен патша бекітетін. Сол себептен, бұл діни кеңесте империя үстемдігін жүргізетін мемлекеттік институттардың бірі болатын. Архив деректеріне сай Қарқаралыдағы мешіт орынборлық мұсылман кеңесіне қарамапты. Олай болу себебі, мешіт Қарқаралы қазақтарының қаржысына салынып, аға сұлтан Құнанбайдың қамқорлығында болған соң үкімет оны халық меншігі, халық игілігі, халықтық меншік мәртебесіне ие ғибадат орны деп таныған. Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұрағатында сақталған «Қарқаралы қонысында мұсылман мешітін салу туралы» Құнанбайдың 1850 жылдың 28 қаңтарында жазған хатында қазақ мүддесіне сай келетін маңызды ой-пікірлер айтылыпты. (374 қор, 1-тізбе, 3104 іс. 20-21 бет.).
Құнанбай мешіт құрылысы үшін Семей жолы бойынан казак станицасынан алысырақ, қазақтардың жеке мекені болуға лайық жер сұраған. Татарларға жеке слободкада тұруға рұқсат етілсе, олармен сыбай қонған қазақтар да сауда-саттық ісіне үйір болар. Қазақтың ауқаттылары империя жеріне еніп, әрі қарай жәрмеңкелерге қатыса алар еді. Бұл шаралар олардың отырықшылыққа үйренуінің басы болар және де мешіттің жанынан мектеп ашылса қазақтың ұл балалары империяның заңдары мен әдетімен таныс болмақ. Құнанбай өз хатында қазақ пайдасына асатын үш мәселені көтеріп отыр: жер, сауда, білім. 1822 жылғы жарлықта сыртқы округте мешіт және дін басшыларына үй салу көзделгенмен, мектеп салу қарастырылмаған-тын. Құнанбай өз хатында мешітпен қоса мектеп салуды сұраған. Жасынан патша заңын жатқа білетін Құнанбай 1822 жылғы жарлықтың §244-бабындағы қазаққа келер зарар-зиянды жете түсінген. Заңда ақ патша «Осы уақытқа дейін қазақтардың наным-сенімі мұсылмандықтан гөрі дінсіздік күйінде қалуда. Сондықтан, қазақтардың көбісін христиан дініне енгізуге үміттіміз» дейді. Құнанбай бұл сайқал саясатқа қарсы шығар бір-ақ жол барын дұрыс аңғарған: Қазақ ортасынан дінге де, заңға да жетік ұрпақты тәрбиелеп шығару.
(*Ескі тілдегі «Ел-күн» мемлекет деген ұғым. «Ел» – халық. «Күн» – адам.)
Марат АЗБАНБАЕВ